• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қараша, 2022

Шыңғырлаудағы шырайлы жиын

301 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы­ның Шыңғырлау ауданын­да ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ахмет әлемі: қазақ тілінің бүгіні, болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық кон­фе­ренция өтті. Жиынды халық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның аудандық филиалы ұйым­дастырды.

Кейінгі уақытта халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына жан бітіп, белсенді әрекетке көшкенін байқап жүрген едік. Бұрын бұл ұйым облыс орталықтарында ғана танымал болса, енді міне, аудан-ауылдарда да жүйелі іске кірісіпті. Батыс Қазақстан облысындағы аудандар арасында алғашқы болып ресми мемлекеттік тіркеуден өткен Шыңғырлау филиалы ұлт ұстазының мерейтойында ел ішіне белгілі тіл ғалымдарын шақырған екен.

– Біз шекаралық ауданбыз, Ресей­дің Орынбор облысымен шектесе­міз. Сондықтан да бізде мемлекеттік тілдің тұғыры берік болуға тиіс деген ниетпен іске кірістік. Аудан бойынша қазақ тілінің қолданылуы жақсы. Экономика, есеп-қисап жүргізетін бөлімдер, құқық қорғау органдары болмаса, өзге салалар мемлекеттік тілге толығымен көшкен, – дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының жетекшісі Тілеген Қалиев.

Жақында ғана жергілікті әділет органдарына ресми тіркеліп, қызметке кіріскен филиал алғашқы іс-шарасын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дық мерейтойына орай «Ахмет әлемі: қазақ тілінің бүгіні, болашағы» деген тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізумен бастапты.

Ауылда өткен алқалы жиынға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, фи­ло­логия ғылымдарының докторы Зей­нол-Ғабден Бисенғали, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­ти­тутының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Мәнкеева, филология ғылымдарының кан­дидаты, Қорқыт ата атындағы Қы­зыл­орда университетінің до­центі Болат Боранбай, филология ғы­лымдарының кандидаты, Махам­бет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақ­стан университетінің доценті Ұлдай Ержанова сынды ғалымдар келіп, салмақты баяндамаларды ортаға салды. Жиынға Батыс Қазақстан инно­вациялық-технологиялық уни­вер­ситетінің ғылыми бөлім басшы­сы, филология ғылымдарының док­торы, профессор Мұрат Сабыр мо­дераторлық жасап, қазақ тілінің қа­зіргі жай-күйі мен мәртебесі төңі­регінде өрелі әңгіме өрбітті.

Жиында ғалымдар тарапынан бірқатар келелі ұсыныс айтылды. Мәселен, Ұлдай Рысқалиқызы те­гіміздегі ұлттық кодты қалып­тастыру туралы тоқталса, Болат Елтайұлы қолданыста жүрген латын әліпбиін әлі де толықтыра түсу қажет екенін ерекше атап өтті. Ал тіл жанашыры Болат Өтеғалиұлы мектеп жасындағы баланың бастауышта бірнеше тілді қатар оқуы үлкен қателік екенін айтты.

Конференция барысында халық­ты ерекше толқытқан бір оқиға болды. Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова жиынның қонағы профессор Жамал Мәнкеева­ға «Ауданның құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етіп, ықылас-құрметін көрсетті. Айта кетейік, Жамал Айтқалиқызы дәл осы Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Осыдан екі жыл бұрын ғалымның 80 жылдық мерейтойы коронавирус карантиніне байланысты аталмай қалып еді. Енді, міне, «ештен кеш жақсы» деген, туған жердің құрметі лайықты иесін тапты.

Осы жиында Шыңғырлау ауда­нында мемлекеттік тілдің шырайын кіргізіп, мәртебесін асырып жүр­ген Әлия Биғазықызы, Айгүл Жола­манова, Тілеген Қалиев, Самат Бай­болат сынды тіл жанашырлары халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының Алғысхатына ие болды.

– Біз келер жылы көршілес Орын­бор облысында тұратын қандас бауыр­ларымызбен жақын қарым-қатынас орнатып, оларды атажұртпен таныстыру, әсіресе жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүр мен ана тіліне баулу мақсатында жаңа жобаларды қолға алғымыз келеді, – дейді Тілеген Кенжетайұлы.

 

Батыс Қазақстан облысы