• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Қараша, 2022

Битум тапшылығы пысықталды

145 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен жиында еліміздегі битум тапшылығы мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Сондай-ақ жол құрылысына қажетті материалды дер кезінде сатып алу және сақтау мәселелері пысықталды.

Жиын барысында әкімдіктер мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­па­ния­сының өкілдері алдағы уақытта битум тапшылығы мен жол-құрылысы жұ­мыстарының тоқтауы тағы да қай­талануы мүмкін екенін жеткізді. Себебі мердігерлердің битумды сақ­тайтын жері жоқ болғандықтан, алдын ала сатып алу мүмкін емес. Сондықтан олар дайын асфальт сатып алуға мәжбүр.

«Жол құрылысы саласындағы мердігерлер мезгілдің жылы кезінде битумды жаппай сатып алады. Ал қалған кезеңде битум өндірушілер өнімге деген төмен сұраныстың әсерінен шығынға тап болады. Алайда олар мұны өнім сұранысқа ие маусымда оның бағасын өсіріп өтейді. «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен әкімдіктер Энергетика ми­нистр­лі­гімен бірлесіп ай сайын битумды бөледі. Бірақ негізгі сұраныс жаз мезгіліне тиесілі», деп атап өтті жиын қатысушылары.

Басқосу барысында мәселені оңтайлы шешу жолын Қазақстан жол­шылар қауымдастығының пре­зиденті Бағлан Баймағамбетов ұсынды.

– Шұңқырлар – битумды сақ­тай­тын ең қолжетімді орын. Бірақ бұл шұңқырларда битум қатып қалады, оны үнемі жылытып отыру қажет. Ал бұдан оның сапасы төмендейді. Демек, жолдардың сапасына да тікелей әсер етеді. Шикізатты ангар қоймаларында сақтауға да болады. Өйткені әрбір мердігердің осындай қоймасы бар. Содан кейін қыста да, жазда да битум сатып алуға болады, – дейді Б.Баймағамбетов.

Өз кезегінде Энергетика министр­лігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу депар­таменті дирек­торының орынбасары Самат Мергенов ведомстволық биржаларда сатылатын битумның үлесін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл тараптағы көрсеткіш 2021 жылдан бері өзгермеген.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда елімізде әлі күнге дейін битум тапшылығына назар аударып, ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін бұл ұят жағдай екенін айтқан болатын. Осыған орай Президент Үкі­метке аталған мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырды.

Биыл Қазақстанда 726 мың тонна битум өндіру жоспарланған. Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша шамамен 600 мың тонна өнім өндірілген.