• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2014

Жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимыл

466 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда сыбайлас жем­қорлықтың кез келген түрінің бе­лең алуы қай мемлекеттің болмасын экономикалық дамуына айтарлықтай тұсау салатыны белгілі. Сыбайлас жемқорлықтың қаупін түпкілікті зерттеу барысында оның қоғамға келтірер залалы да орасан екені әбден анықталған. Ал қазіргі таңда қандай елде болмасын жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің тетігі де жеткілікті. Біздің еліміз осыдан жиырма жыл бұрын өзінің тәуелсіздігін жария­лады. Осы уақыт аралығында Қазақстанға нарықтық экономиканы және оң инвестициялық ахуал мен тұрақты әлеуметтік-саяси жағдайды қалыптастыруға мүмкіндік туды. Осы кезең ішінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі еуропалық және азиялық бірқатар елдердің беделді органдарымен тығыз ынтымақтастық орнатуға қол жеткізді. Қазіргі күні Агенттік көптеген халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас жасайды. Мәселен, үстіміздегі жылдан бастап Қазақстан 2010 жылы БҰҰ аясында халықаралық ұйым болып құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халық­ара­лық академияның толық мүшесі атанды. Жалпы, Қазақстан Респуб­ли­касының Экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жемқ­ор­лыққа қарсы күрес агенттігі Эко­но­микалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жүйені үйлестіруші органы болып табылады. Бұл орайда кеше Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары қатысқан, Қаржы полициясы, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Респуб­ликасының Қаржы, Әділет, Экономика және бюджеттік жос­парлау министрліктерінің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосқан халықаралық сарапшылар тобының бірінші тақырыптық кездесуі өтті. 2003 жылғы қыркүйекте Ыстамбұл қаласында (Түркия) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес жөнін­дегі Ыстамбұл іс-қимыл жос­пары қабылданған болатын. Оның құрамына көптеген елдер кіреді. Міне, енді осы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспары шеңберінде Астанаға еліміздің заңнамалары мониторингінің үшінші раундын өткізу үшін сарапшылар тобы келді. Бұл Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын жетілдіру болып табылады. 2011 жылғы 28-30 қыркүйек аралығында Францияның Париж қаласында Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының 10-мониторингтік кездесуі шеңберінде Қазақ­стан заңнамасы мониторингінің екін­ші раундының есебі қабыл­данған болатын. Есеп­темеде Қазақстанның саяси еркі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына, соның ішінде елі­мізде соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықтың деңгейін тө­мендетуге ықпал етіп, іске асы­рыл­ған маңызды реформалар барысы жоғары бағаланған-ды. Сонымен қатар, Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы әрі қарай жетілдіруге арналған үш салада: сыбайлас жемқорлыққа қарсы, сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 17 жаңа ұсыныс әзірлеу тапсырылды. Міне, осы орайда өтіп жатқан мониторингтің үшінші раундының мақсаты да мониторингтің екінші раундын өткізу барысында түрлі елдерге берілген ұсынымдардың орындалу жетістіктерін бағалау болып табылады. Аталған мониторинг тобы­ның құрамына ЭЫДҰ-ның Шы­ғыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес жөнін­дегі жүйе хатшылығының өкілдері, Нидерланд, Украина, Өзбекстан, Литва және Еуропа Даму банкінің өкілдері кіреді. Барлық кездесулер сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылған. Мемлекеттік органдардың өкілдері сарапшылардың әр ұсынымы бойынша қойылған сұрақтарына толық ақпаратты ұсына отырып, жауап беруде. Сөйтіп, осы кездесу нәтижесі бойынша сарапшы­лар тобы Қазақстан Республикасы­ның мемлекеттік органдарына ұсынымдар дайындау үшін мониторингтің үшінші раундының есеп жобасын әзірлейді. Ал бұл ұсыныстардың іске асырылуы біздің мемлекетіміздің имиджін және халықаралық алаңда елімізге деген инвестициялық қызығушылықты арттырып, сонымен қатар, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға жақындата түседі деген үлкен сенім бар. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».