Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті қалашығындағы тарихи №5 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, журналистика факультетінің студенттеріне қайта берілді.
Бүгінде университет кампусы шағын қала кейпінде түрленіп келеді. ҚазҰЗУ қалашығында 7 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық, 2 ұжымдық пайдалану орталығы, 125 ғылыми және оқу зерттеу зертханалары орналасқан. Мұнымен қоса «Керемет» қызмет көрсету және медициналық орталығында да студенттер үшін қолайлы жағдай жасалған.
Биыл қалашықтағы жатақханалар жеңіл және күрделі жөндеуден өтті. Заманауи талаптарға сай жарақталған №5 жатақхананың ашылуына университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамымен қатар қара шаңырақты әр жылдары бітірген түлектер қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰЗУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев студенттерді жаңа қонысымен құттықтап, бес қабатты ғимараттың жайымен таныстырды. Ректор атап өткендей, бүгінде 26 мың студент білім алып жатқан ұлттық университетте 6 мың орынға арналған жатақхана бар. Алдағы уақытта ҚазҰЗУ қалашығында тағы да жаңа ғимараттар бой түзеп, студенттердің сапалы білім алуымен қатар, шығармашылық дамуына да мүмкіндік жасалатын болады.
«QS жаһандық рейтингінде 150-орында тұрған университеттің Ыстанбұл, Бішкек қалаларында филиалы ашылып, ендігі кезекте Өзбекстанда ашу жоспарда тұр. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету міндетін қойғаны белгілі. Осы орайда Президенттің Алматыға сапары барысында студенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында әзірленген ҚазҰЗУ Бас жоспары таныстырылған болатын. Алдағы жылдарда қалашықта тағы да 10-нан астам жатақхана мен әлеуметтік нысандар салу көзделіп отыр», деді ректор.
Бүгінде университетте 3 мыңдай шетелдік студент білім алуда. Өткен жылы 100-ден астам шетелдік профессор келіп сабақ берді. Таяу келешекте осы контингентті көбейтіп, қос дипломды бағдарламаларды жетілдіру бағытындағы жұмыс жалғасады. Бүгінде аталған оқу орнының Испания, Франция, Ресейдің оқу орындарымен қос дипломды бағдарламалары жалғасын тауып келеді.
Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы университетте оқимын деген студентке жайлы жағдайдың бәрі жасалғанын жеткізді.
«Жаңа тұрпатты жатақхана заманауи бөлмелермен ғана емес, шығармашылық орталықтармен де қамтамасыз етіліп отыр. Оқу орнында кәсіподақ, жастар ұйымдарының жұмысы жатақханадағы рухани мәдени кештерге ұласып жатады. Әр сенбі сайын өтететін әдеби кештер, Фараби клубы, Жайдарман студенттік клубтарының жастар белсенділігін арттырудағы ықпалы зор», деді Н.Қуантайұлы.
Жаңа жатақхананың тұрғыны, журналистика факультетінің 1-курс студенті Хамза Ерден өз әсерімен бөлісе келіп: «Біз №5 жатақханадан қазақ журналистикасының тарихы өрбіген қасиетті мекенге қайта оралдық. Бұл жатақханада көптеген зиялы қауым өкілі тұрған. Мұнда студенттер жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып отыр», деп атап өтті.
Соңғы бес жылда №5 жатақханада физика-техникалық факультет студенттері тұрып келген болатын. Университет басшылығының атына түлектер тарапынан жатақхананы журналистика факультетіне қайта беру туралы ұсыныс түскеннен кейін, тиісті шешім қабылданып, күрделі жөндеуден өткен жатақхана болашақ журналистерге қайта пайдалануға берілді. Бүгінде жуынатын бөлме, жиһазына дейін жаңарған жатақхана интернет желісіне қосылып, әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, санитарлық-техникалық жабдықтар ауыстырылды.
АЛМАТЫ