Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметте халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етудің кезеңдік жоспары әзірленген. Осы жоспарға сәйкес Солтүстік Қазақстанда әлі су жеткізілмеген 226 ауылға су тарту көзделген. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Павел Шиловтың айтуына қарағанда, бұл мақсат 2026 жылға дейін толық орындалады. Әзірге ауыз су толық жетпей отырған 18 ауылға сумен қамтамасыз ету нысандары салынады, ал 164 ауылға кешенді блок-модульдер орнатылады, тағы 47 ауылда топтық су құбыры жаңғыртылады.
«Бұл жоспар барлық әкімдікке жеткізілген. Негізгі жұмыстар 2024-2025 жылдарға белгіленген. Алайда кейбір әкімдер сумен қамтамасыз ету нысандарын тұрғызу мен жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын жасауға асықпай отыр. Бұл туралы облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың өзіне жеткіздік», дейді П.Шилов.
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етудің әлі де ұшы-қиырсыз жұмысы бар. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының 409 ауылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 240,5 мың адам тұратын бұл елді мекендер – барлық ауыл санының 64 пайызы. Алайда 45,8 мың адам тұратын 226 ауылға әлі су жеткен жоқ.
2011 жылдан 2020 жылға дейін облыста 2,4 мың шақырымдық су құбыры тартылды. Бұл іске облыстық және республикалық бюджеттен 46,6 млрд теңге жұмсалды. Ал 2021 жылы осы мақсатқа тағы да 10,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 49 елді мекенді қамтыған 174 шақырым жерге құбыр өткізуге мүмкіндік берді. Бұларда тұратын халықтың саны 48 мыңдай адам. Атап айтқанда, ауыз су Мамлют ауданының Пчелино, Новодубровное, Жамбыл ауданының Ұзынкөл, Сенжарка, Архангелка, Әйімжан, Қызылжар ауданының Березовка, Гончаровка ауылдарына жеткізілді.
Биыл ауыз суды жеткізу ісіне 12,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл 55 елді мекеннің су құбырларын жаңартуға, жөндеуге және жаңадан 10 ауылға су тартуға жұмсалады деп жоспарланған. Алайда белгіленген жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Облыста тағы да 33 елді мекенге су жеткізілмей отыр. Бұл 200 шақырымдай жерге су құбырын тартуды қажет етеді. «Осы жұмыстарды 2023 жылы аяқтаймыз деп отырмыз», дейді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығының міндетін атқарушы.
Облысты сумен қамтамасыз ететін «Есіл су» және «Қызылжар су» деген екі кәсіпорын бар. Соның ішінде «Есіл су» РМК облыстың 11 ауданын, сонымен бірге Қостанай облысының 2 ауданындағы 192 мың адам тұратын 248 елді мекенді сумен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорында 865 адам жұмыс істейді. 2022 жылы осы кәсіпорынға 5,1 млн текше метр сумен қамтамасыз етуге тапсырыс берілген. Жылдың 9 айындағы мәліметке сәйкес соның 4,7 млн текше метрі жеткізілді. Жыл аяғына дейін қалған көлемі де қамтамасыз етілмек.
«Есіл су» кәсіпорны үстіміздегі жылдың 9 айында мемлекеттен алған барлық субсидияның 3,6 млрд теңгесін игерген. Бұл 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 27 пайызға артық. «Есіл су» РМК Солтүстік Қазақстандағы филиалының директоры Қанат Асқаровтың айтуына қарағанда, соның ішінде биылға, кәсіпорынның Солтүстік Қазақстан филиалына 4,5 млн текше метр су жеткізуге бөлінуге тиісті 3,9 млрд теңгенің әзірге 2,8 млрд теңгесі ғана жеткізілген. Сөйтіп, 1 млрд теңге субсидиялық дефицит болып отыр екен. Бұл кәсіпорынның қарқынды жұмыс істеуіне қолбайлау болуда.
Ал «Қызылжар су» – облыс орталығын ауыз сумен қамтамасыз ететін әрі су шайындыларын шығаратын квазимемлекеттік кәсіпорын. 2014 жылдан бері бұл кәсіпорын қаланың 100,8 шақырым су құбырын жаңалаған. Сондай-ақ 56,7 шақырым шайынды судың құбырларын жөндеді. Сол арқылы қазір ауыз су құбырларының тозуы 74-тен 58 пайызға, кәріз жүйелерінің тозуы 64-тен 61 пайызға төмендеген. Кәсіпорын басшысы Жеңіс Сұлтановтың айтуына қарағанда, су жеткізетін магистральды жүйелерді үлкен диаметрлі құбырлармен ауыстыру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек. Өйткені бұл шығынға жергілікті бюджеттің қарымы жетпейді. Сонымен қатар шайынды су ағатын «Биопруд» дамбасын да жаңғыртуға үлкен көлемдегі қаражат қажет. «Дамбаны үлкейтіп, мүмкіндігінше тазаламаса, күкіртті сутегінің жаман иісі қалаға жетіп тұр. Бұл жұмыстарды мүмкіндігінше өз күшімізбен де атқарудамыз. «Судың ғылыми-техникалық орталығы» серіктестігі мен хлорелла препараратын сатып алуға келісімшарт жасадық. Алайда бұл мәселені толық шешпейді», дейді Ж.Сұлтанов.
Солтүстік Қазақстан облысы