Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейдің арнайы алаңында «Діни мазмұнды қолжазбалар мен басылымдар (ҚР МОМ материалдары негізінде)» атты көрме ұйымдастырылды. Қазақ халқының рухани мәдениетінің асыл мұраларының қатарында сирек кездесетін көне діни мазмұнды қолжазбалар мен басылымдардың алатын орны айрықша. Мемлекеттік орталық музейдің қорында 220 бірліктен аса дені қазақ, араб, парсы, шағатай, түрік, татар тілдеріндегі жазба жәдігерлер cақтаулы.
Көрме төрінен орын алатын осы жәдігерлерді мазмұндық ерекшеліктеріне қарай қазақтілді (қадым және төте жазу) қолжазбалар, Құран мен тәпсірлер, Мұхаммадия және Мұхтасар кітаптар, грамматикалық оқулықтар мен сөздіктер және әртүрлі діни мазмұнды литографиялық баспа өнімдері деп бірнеше топқа бөлуге болады.
Мемлекеттік орталық музейдің қолжазба қорындағы қолжазбалар мен басылымдардың үлкен бөлігі діни мазмұнды. Хронологиялық тұрғыдан алғанда музей қорында сақтаулы ең ескі қолжазба ретінде Құранның 1054 һ. /1643 жылдары жазылған нұсқасын ерекше атау ләзім (КП 3121). Сондай-ақ ақын, жазушы, публицист, қазақ журналистикасының серкесі Мұхамеджан Сералиннің әйгілі туындысы «Қожалар шежіресінің (КП 18270.)» қолжазбасы да осы көрмеге арнайы қойылып отыр.
Музей қорында жинақталған 30-дан аса қолжазба және баспа Құрандардың басым көпшілігі Қазан қаласының баспаханаларында жарық көрген. Сонымен қатар Түркия, Мысыр, Үндістанда басылып шыққандары да кездеседі. Құран кітаптардың барлығы дерлік жеке тұлғалардан сатып алынған.
Сонымен қатар XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың бас кезіндегі діни мазмұнды басылымдардың, атап айтқанда, Құран тәпсірлері, Мұхаммедия, Мұхтасар, грамматикалық оқулықтар, алуан түрлі діни мазмұнды кітаптардың бірсыпырасы – Қазан баспаханаларының туындылары. Кейбір Құран, діни мазмұнды кітаптар Петербор, Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқан, Ыстанбұл баспаханаларында басылып шыққан. Бұл Құрандар мен басылымдар әуелде аталған қалалардың мемлекет қарауындағы университеттері мен қазыналық баспаханаларда, сондай-ақ жеке тұлғалардың (М.В.Чирков, Б.Л.Домбровский, ағайынды Мұхамеджан мен Шәріпжан Каримовтер және т.б.) баспаханаларында діни сауатты, дәулетті, бай кісілердің қаражатына басылып, қазақ даласына тарап отырған.
Қорда жинақталған бұл діни мазмұнды қолжазбалар мен басылымдардың көпшілігі атадан мұраға қалған жәдігерлер болып саналады. Олардың қатарына Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Абрамбай Байжанов, Нұрғали Ақшолақов, Рамазан Қалыбаев, Манат Шахаева, Жарпынбай Байтуразов, Айдолла Жолдасов, Жайлаубай Құтпанов сынды тұлғалардың ұрпақтарына мұра етіп қалдырған діни қолжазбалары мен басылымдарын жатқызуға болады.
Сонымен қатар көрмеде оның тақырыптық мазмұнын аша түсетін қосымша материалдар, араб құснихат өнерінің алуан түрлі үлгілерімен безендірілген иллюстрациялар да ұсынылды.
АЛМАТЫ