• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Қараша, 2022

«Астана Балет» Грузияға аттанады

364 рет
көрсетілді

«Астана Балет» театрының Грузия еліне жоспарлаған гастрольдік сапары 14-15 қарашада Тбилисидегі З.Палиашвили атындағы Опера және балет театрының сахнасында өтеді. Гастроль аясында елордалық ұжым «Саломея», «A Fuego Lento» бір актілі балеттері мен «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын грузиялық көрермен назарына ұсынады.

Құрылғанына көп уақыт өтпесе де «Астана Балет» театры бүгінде еліміздің жетекші хорео­графиялық ұжымдарының біріне айналып, дүние­жүзі бойынша сан мыңдаған жанкүйері бар ордалы өнер мекені ретінде шартарапты мойындатып үлгерді. Гастрольдік-концерттік қызметін өз елімізде де, шетелдерде де белсенді атқарып келе жатқан театр әртістері Бейжің мен Шанхай (Қытай), Париж (Франция), Вена (Аустрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзербайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша), Минск (Беларусь), Брюссель (Бельгия), Милан (Италия), Монте-Карло (Монако), Дубай (БАӘ) қалаларының әйгілі сахналарында жоғары деңгейде өнер көрсетіп қайтты. Грузия еліне алғаш рет жоспарланып отырған кезекті өнер сапары сол табысты жобаның сәтті жалғасы десек, артық айтқандық емес.

– Біз үшін Грузияға сапар өте маңызды. Әйгілі сахнада өнер көрсету – орасан жауапкершілік. Сондықтан балет өнеріндегі шеберлігімізді көрсет­кіміз келеді. Гастроль бағдарламасын таңдауға да аса ыждаһаттылықпен қарадық. Сөйтіп, өзіміздің негізгі бағыт-бағдарымыз – қазіргі заман және нео­классика балетімен репертуарымыздың мақта­нышы, отандық және шетелдік көрерменнің көз­айымына айналған ұлттық дивертисментті таңдадық. Әртістер мен театр ұжымының өнері ұмытылмас әсер қалдырып, көрермен жүрегінен орын аларына үміттіміз. Грузиялық көрерменмен кездесуімізді тағатсыздана күтіп жүрміз, – дейді алдағы өнер сапары жөнінде театр директоры Александр Совостьянов.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы­мен өтетін гастрольдік сапардың алғашқы күні талғампаз көрерменнің назарына Л.Шифрин, А.Пьяццолло, К.Гардель және С.Косугидің музыкасына Рикардо Амаранте қойған «A Fuego Lento» неоклассикалық балеті ұсынылады. Бұл – балетмейстердің махаббат пен құштарлық жай­лы еркін қиялы. Бір актілі балеттің әр эпизоды – қуатты әрі сезімтал танго әуезіне қойыл­ған хореографиялық миниатюралар. Орындау­шы­лықтың асқан шеберлігі мен албырт сезім ұшқыны үндестік тапқан балет шынайы сезімді суреттейді.

Ал кештің екінші бөлімінде Оскар Уайльдтің пьесасы бойынша Фазыл Сай музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Саломея» балеті көрсетіледі. Авторлық интерпретациядағы Библия сюжеті сезім арпалысын суреттейді. Бас кейіпкерлердің күрделі, қарама-қайшы бейнелері көрермен қауым үшін адам жанының жұмбағының шымылдығын ашқандай болады. Балетмейстер зұлымдық пен жақсылықтың мәңгілік күресі жайлы ой толғап, әрқайсымызға өз таңдауымызды жасауды ұсынады. Спектакльдің шырқау шыңы – Саломеяның биі. Бұл оқиға суретшілердің, мүсіншілер мен композиторлардың шығармалары арқасында көпшілікке белгілі.

Гастрольдік сапардың екінші күні астаналық ұжым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер­лері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қолтаңба­сын­да ұсынылған «Ұлы дала мұрасы» ұлттық дивертисментін көрсетеді. Этнографиялық материал мен заманауи хореография сәтті үндестік тапқан туынды грузиялық көрерменді де бейжай қалдырмасы анық.