Биыл дәулескер күйші Әлшекей Бектібайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай артында қалған телегей мұрасынан бізге тамшыдайы ғана жеткен ұлы өнерпаз туған Жаңақорған ауданында жыл басында «Әлшекей әлемі» атты аймақтық өнер фестивалі өтті. Жуырда ғана осы аудан азаматтары өнер зерттеушілерін, әлшекейтанушы ғалымдарды қатыстыра отырып, «Дәстүрлі күйшілік өнер және күйші Әлшекей Бектібайұлының мұрасы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды.
Сырда туып, тағдырдың жазуымен тәжік жерінен топырақ бұйырған өнер иесі жайлы көрнекті қаламгер, ғұмырын қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттеуге арнаған қайраткер Ақселеу Сейдімбек «Әлшекей – күйші-композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған көрнекті тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара» деген екен.
Қазақтың күй өнері тарихында есімі көп айтыла бермейтін өнерпаз мұрасын жинау мен насихаттау жайлы алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде көлемді мақала жарияланып, ол Мәдениет министрлігіне қозғау салса керек. Сол бір кезеңде ел азаматтары да қамсыз отырмапты. Жетпісінші жылдары Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкенов Әлшекейдің 15 күйін үнтаспаға түсіріп, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қорына тапсырған деседі. Одан беріде де күйлері нотаға түсіріліп, бірқатар еңбек жарық көрді. Осы күні Жаңақорғандағы Өнер мектебі мен Талап ауылындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Әлшекей есімін иеленді.
Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған тағы бір мәдени іс-шара жуырда Қызылорда қаласында өткізілді. «Дәуірлер бейнесі домбыра үнінде» атты республикалық күйшілер байқауында еліміздің әр түкпірінен жиылған 25 домбырашы 250-ге жуық күй орындады.
Қазылар алқасының құрамындағы Мәдениет саласының үздігі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов, күйші-композитор, өнер зерттеушісі, Мәдениет саласының үздігі Балтабай Нұржанов, Әлшекей Бектібайұлы атындағы республикалық дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры Марат Жанғазы, өнер зерттеушісі, күйші, Д.Нұрпейісова атындағы халықаралық күйшілер байқауының лауреаты Аягөз Нұрсұлтан, күйші, Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Әбсадықовтар жас домбырашылар өнеріне баға берді.
Бір күн бойы өткен конкурс қорытындысында қызылордалық Әділбек Тәшімов бас жүлдені иеленді. Алматылық Нұрғали Әшімхан, Астана қаласынан келген Бекзада Достиярованың өнері бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орын шымкенттік Ғалымжан Жақсылық пен оралдық Әділет Жолдығалиге бұйырды. Жүлделі үшінші орынды Алтынай Махмұт, Темірхан Бейбіт (Алматы қаласы) пен Қуандық Алпанов (Ақтау қаласы) алды. Бірқатар өнерпаз Қазанғап, Құрақтың Досжаны және Жалдыбай атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.
Енді осы байқауда бас шайқатқан жағдайға тоқтала кетейік. Конкурсқа қатысушылар мен олардың өнерін бағалаған қазылар алқасының жұмысына тағар мін жоқ. Бірақ ұйымдастырушыларға айтар аз-кем базынамыз бар.
Осы уақытқа дейін небір іс-шараны өткізіп жүрген мәдениет саласы мамандарының бұл жолы үйіне аяқ астынан келген қонақты күткендей абыр-сабыр болғанын түсіне алмадық. Межелі уақыты жетсе де бастала қоймаған кеште олар тарапынан айтылған «студенттерді алға қарай қуыңдар!», «ана соңғы қатардағыларды алдына жіберіңдер» деген бұйрықты тапсырмалардың жұрттың шуын баса естіліп қалуы республикалық байқаудың қандай дәрежеде ұйымдастырылғанын байқатса керек.
Конкурс ел арасында Әлшекей күйлерін орындап жүргендердің бір ауылға келіп түскенін бейнелейтін шағын көрініспен басталды. Сонда төрде отырған қос домбырашы қатар тартқан күй аяқтала бергенде кимешек киген бәйбішенің отағасының алдына түсіп, көсіле сөйлеп көсемсігенін де көрермен ретінде қабылдай алмадық. Базбіреулерге бұл болмашы нәрсе көрінуі мүмкін, бірақ тәрбие деген осындайдан басталса керек.
Қазақ «сүйреп қосқан тазының түлкі алмайтынын» әлдеқашан айтса да, осындай ірілі-ұсақты мәдени кештерге тапсырма арқылы көрерменді алдыға салып қуып келу абырой әпермейтінін әлі түсінбей жүрміз. Бұл жолы да оқу орындарынан жиылған көгенкөздер сахнадан гөрі қолындағы телефонына көбірек үңіліп отырды. Арасында қалғып кеткендерді көріп, «қайтсін-ай, адамның бойын балқытқан күй шіркіннің құдіреті қойсын ба?!» деп өзімізді алдаусыраттық.
Қайтейік енді...
Қызылорда