• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2022

Сайлау һәм ойлау

1547 рет
көрсетілді

Қоғамда ел тағдыры шешілетін ма­ңыз­ды науқанға атүсті қарап, сайлауда дауыс беруге ынтасы жоқ жандар да кездеседі. «Отан отбасынан бас­талады» деуші едік. Тұрғындар неге отба­сы­лық тұрғыдан ғана ойланып, елдік ма­ңы­зы бар шаруаларға бас ауыртпайды? Тұр­мыс тауқыметі ме, әлде идеологиялық жұ­мыс­­тың ақсап тұрғаны ма?

Жалпы, сайлау десе жұртшылықтың елең ете қалатыны рас. Дауыс беруге бар­ма­ған­дар­дың өзі «кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асығады. «Менің дауысым не шешеді?» дегендердің үйдің сыртында саясат жайлы сайрай жөне­ле­тінін талай көрдік. Сайып келгенде, елдің тағдыры шешілетін маңызды науқан туралы әр тұрғынның өзіндік пі­кірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың бел­сен­ді­лігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.

Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­да­уында көтеріп, сайлау жүйесін жаң­ғыртуды тапсырған болатын. Себебі көп­ші­лік депутаттарға сену былай тұрсын, көпшілігін танымайды да. Мәжіліс депутаттары өз алдына, жергілікті атқарушы билік тұрғындармен дұрыс байланыс орнатпаған. Соның салдарынан халық сайлауға селқос қарайды. Әр дауыстың маңызды екеніне сенбейді. Осындай олқылықтан кейін Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын. «Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бо­йынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді», деген еді Мемлекет басшысы.

Өткен жылы елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланып, тұрғын­дар­дың бел­сенділігімен есте қалған еді. Жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан тиім­ді­лігін дәлелдеді. Таңдау тұр­ғын­дардың өзіне берілсе, кез келген тұрғын өз ауылының бо­ла­шағына бейжай қарамайтынын аңғар­дық. Көпшіліктің күткені де сол. Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, бұдан былай жұртшылық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдайды. Мұндай жүйе дауыс берушілерге де, әкім креслосынан үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Жаңа үлгідегі ауқымды реформа өтеді де­ген­нен бері атқарушы органдар мен кан­ди­дат­тардың алаңдағаны өз алдына, тұр­ғындар да кәдімгідей қобалжыған. Са­рап­шылардың айтуынша, кез келген жаңа бастамада қа­телік, жобаға жатсыну болады. Бірақ бұл ре­форма дұрыс әрі дер кезінде іске асты. Ұтым­ды шешім! «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырым­дамасы осылай жүзеге асу­ға тиіс. Билік пен қоғам арасында нәти­желі диалогтің бастал­ғаны қуантады.

Кез келген сайлау өтетіні алдын ала бел­гілі болады. Маңызды науқанға дайындық жұмыстары ерте қолға алынады. Дауыс беру күні ұйымдастырушылар ақ тер, көк тер болып жанталасып жүргені. Мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтын тұрғындар да таңнан таңдауын жасап, белсенділік танытады. Ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты жүр­гізіліп жатыр. Дауыс беруге ниет болса жеткілікті. Денсаулық жағ­да­йы­­на бай­ланысты учаскеге келе алмайтын аза­маттарға олардың өтініші негізінде комиссия мүшелері үйлеріне барады. Тіпті уақытша ұстау изоляторларында дауыс беру орны қарастырылған. Сонда темір тордың ар жағындағы азаматтың өзі таңдау жасап жатқанда, тепсе темір үзетін азаматтың да­уыс беруден қалыс қалуы қаншалықты ақыл­ға сыйымды?

Қоғамдағы кемшілік пен олқылық көптің көме­гімен, таңдауымен түзеледі емес пе. Қа­зақ елінің жағдайын сырттан келіп біреу­лер жөндеп бермейтіні бесенеден белгілі. Елдік мәселе де көптің ұсынысымен, кез келген деңгейдегі сайлауға барып, өз таңдауын жасаумен шешілетіні анық. Демократиялық сайлау мен елдік мәселені ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Ендеше, сайлауда дауыс беру – әр азаматтың міндеті. Ал азаматтары немқұрайдылық танытқан қоғамның тасы  өрге домаламайтыны айдан анық. Өсетін елдің азаматтары сайлауда өз таңдауын жасайтыны сөзсіз.