Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезі өтті. Съезд қарсаңында бизнес-қауымдастық орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы түйткілді мәселелерді талқылады.
Палата басшысы Райымбек Баталовтың айтуынша, «Атамекен» өңірлерден, қауымдастықтардан және кәсіпкерлік субъектілерінен келетін мәселелерді жинақтап, «жүйелік проблемалардың тізілімін» жүргізіп келеді. Олардың бәрі Үкімет деңгейінде қарастырылады.
– Былтырғы съезде 254 жүйелік проблема айтылған еді. Оның 15-і шешімін тапты. 154-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 100-і Премьер-Министрдің кеңсесінде қаралды. 79-ы бойынша Үкімет мемлекеттік органдарға тапсырма берді. 6 проблема нақтыланған жоқ. Биылғы съезд қарсаңында өңірлерден, салалық қауымдастықтардан 160-қа жуық сұрақ келіп түсті, – деді Р.Баталов.
Мәселен, Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілері одағының президенті Қайрат Бисетаев су тапшылығы мәселесін көтерді. Расында да, бұл өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда ауылшаруашылық жерлерге назар аударып, бірінші кезекте суармалы егіншілікті дамытуға көңіл бөліп отыр. «Ауыл шаруашылығы отандық экономиканың жаңа қозғаушы күші болады. Алдағы бірнеше жыл ауыл-аймақты дамытуға арналады», деген Президент мәлімдемесін кәсіпкерлер қауымы қуана қабылдады. Мемлекет басшысы суармалы алқаптар ауданын екі есе көбейтіп, 2,2 млн гектарға жеткізуді, сонымен қатар 3,5 мың шақырымдық суару каналдарын қайта құру туралы айтқан болатын.
– Бұл бастамалар дер кезінде қолға алынып отыр. Қазіргі кезде оңтүстік өңірлердің 1,2 млн гектарға жуық егін алқабының 95 пайызы арықпен суарылады. Суарудың мұндай технологиясы ескірген әрі суды тым көп шығындайды. Ал ауыл шаруашылығындағы судың бір бөлігі бізге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келетінін, тағы бір бөлігі тез еріп кететін мұздақтардан алынатынын ескерсек, қолдағы су қорын барынша үнемдеу керек. Егісті арықпен суаруды тамшылатып суаруға көшіру бойынша жеке бағдарламаны әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Салалық министрліктер мен әкімдіктер жақын келешекте Үкіметтің кепілдігімен халықаралық ұйымдардың қаражатын жеңіл шарттармен тарта отырып, тамшылатып суаруға көшуді жүйелі түрде жүзеге асыра алады, – деді Қ.Бисетаев.
Сарапшының пікіріне қарағанда, мұндай бағдарлама жүзеге асырылса, мемлекет аз мөлшердегі сумен-ақ барлық диқанды қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар судың тапшылығына алаңдамай егіс алқаптарының көлемін арттыруға мүмкіндік туады. «Су тапшылығы – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы маңызды мәселе. Жекелеген шаруашылықтарға жақсы жағдай жасалуына жол берілмеуі керек. Айналым қаражатын банк қызметіне мүмкіндігі жоқ шаруалар да қолдана алуға тиіс», деді ол.
Энергетика саласындағы білікті сарапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев Мемлекет басшысының энергетикалық реформалары салаға қалай әсер ететінін айтты. Оның пікіріне сүйенсек, алдағы жеті жылда Үкімет 3,7 ГВт электр энергиясын генерациялайтын қуат көздері мен жылу электр орталықтарын салу және жаңғыртуға, жаңартылатын энергия өндірісінің көлемін 1,5 есе ұлғайтуға, сондай-ақ елдің энергия жүйесін тұйықтайтын электр беру желілерінің құрылысын аяқтауға күш салады.
– Энергетика саласын дамытуға қатысты тармақтар мультипликативті әсер береді. Жаңа технологиялардың пайда болуы бірден көптеген цифрлық технологияны – интернет желісіне (IoT) қосылған датчиктердің барлық түрі, кең деректер базасы, онлайн сақтау шешімдері, блокчейн, жасанды интеллект және тағы басқа мүмкіндіктерді қолдануға жол ашады. Қолданыстағы энергетикалық объектілер мен жаңғырмалы энергия көздері нысандарын салу және жаңарту арқылы жұмыс орындарын арттыруға, энергетика саласында кибер-инженер, АЭС салу және пайдалану жөніндегі маман, көміртек энергетикасы және жасанды интеллект жөніндегі инженер сынды жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді. Айналмалы (тұйық) біртұтас электр энергетикалық жүйесі елдің энергия тәуелсіздігіне түпкілікті қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте көршілес энергия жүйелерімен параллель жұмысты сақтау қажет. Нәтижесінде, осы шаралардың барлығы апат көлемін қысқартып, қуат тапшылығын азайтуға көмектеседі, – деді Ж.Хайрушев.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы энергетика саласымен тығыз байланысты. Егер реформалар жүзеге асырылса, онда жылу және сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозу көрсеткіші 40 пайызға дейін төмендейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына «инвестициялар орнына тариф» қағидаты бойынша жаңа инвестициялар тартылады. Сондай-ақ жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік коммуникациялардың құрылысы жалғасады, елді мекендер сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі.
Жиында Қала құрылысы кодексі туралы да айтылды. Жаңа құжат құрылыс саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеуге, құрылыс қызметін мемлекеттік реттеудегі заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ осы саладағы қазіргі олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда концептуалды жаңа құжат – қала құрылысы кодексін құруды тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент қолданыстағы жүйені сынға алып, оны бюрократиялық және сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды деп атаған еді.
Бұл ретте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2018 жылы Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығымен бірлесіп, құрылыс саласының заңнамасына талдау жүргізді. Талдау бірқатар заңнамалық проблеманың барын көрсетті. Атап айтқанда, заңнаманың тұрақсыздығы мен болжамсыздығы, реттеуде кешенді және жүйелі тәсілдің болмауы, заңға тәуелді актілердің пайдасына реттеудегі теңгерімсіздік және басқалары аталды. Заңнамадағы осындай кемшіліктер саланы дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға, инвестицияларды тарту және саламатты бәсекелестік ортаны дамытуға кедергі келтіреді. Кәсіпкерлердің айтуынша, құрылыс заңнамасы дамыған елдердің озық тәжірибесіне сәйкес келмейді және инновацияларды енгізу, инвестицияларды тартуда тежегішке айналған.
– Бірінші кезекте құрылыс саласындағы бизнес нарықтағы қазіргі жағдайды нақты ескеретін құжаттың қабылдануын күтеді. Өйткені жаңа заман жаңа ережемен жүруді талап етеді. Екіншіден, жаңа кодексте жазаның бұлтартпастығына кепілдік беретін нақты жауапкершілік шаралары жазылады деп сенеміз. Үшіншіден, Мемлекет басшысы айтқандай, біз бюрократияланған жүйеден шығып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайта аламыз, – деді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары да жаңа құжатқа зор үміт артып отыр. «Атамекен» басшысы Райымбек Баталовтың айтуынша, палата 2016 жылдан бастап Қала құрылысы кодексін құру туралы мәселені көтеріп келді. «Қала құрылысы кодексін қабылдау туралы Мемлекет басшысы айтқан соң енді ешкім нормативтік-құқықтық актілерді өз мүддесі үшін түсіндіре алмайтынын, осылайша кәсіпкерлер үшін жасанды кедергілер жасалмайтынын түсінеміз. Біз жаңа құжатты қабылдау құрылыс саласы үшін ерекше серпін болады және оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», деді ол.
Астана қаласының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Сәмидин Мемлекет басшысының реформаларында шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
– Кәсіпкерлер санын 5 млн-ға дейін арттыру туралы айтылды. Бұл – тамаша бастама. Сонымен қатар креатив индустрияны қолдауға көңіл бөлініп келеді. Қазақстан шикізат елі деп қалыптасқан қағидаттан арылуымыз керек. Біздің елде креативті және зияткер қоғамдастықты дамыту мүмкіндігі бар. Қазіргі Президент – креативті индустрияның бастамашысы, – деді С.Сәмидин.