Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында халықаралық байқаушыларды аккредиттеу және сайлау алдындағы пікірсайыстар мен пікірталастарды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдеріне тоқталды.
«Заңда соңғы конституциялық өзгерістер көрсетілген, оған сәйкес президент бұдан былай 7 жыл мерзімге сайланады, бірақ бір реттен артық сайлана алмайды. Бір мәрте жетіжылдық президенттік мерзім туралы норма ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни осы жылдың 17 қарашасында қолданысқа енгізіледі. Осылайша, алдағы 20 қарашада жалпыхалықтық дауыс беру кезінде сайланатын Қазақстан Президентінің қызмет ету мерзімі жаңа конституциялық норма бойынша есептеледі», деді Н.Әбдіров.
Сондай-ақ ол Конституциялық заңның қолданысқа енгізілетін басқа нормаларына тоқталды. Мәселен, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі нормалар олар ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң 2023 және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісінше ағымдағы сайлау науқанында қолданылмайды.
Сонымен қатар Н.Әбдіров кезектен тыс президент сайлауы заң талаптарына сәйкес, сайлау үдерісінің барлық қатысушыларына белгілі ережелер мен алгоритмдер бойынша өткізілетінін атап өтті. Сайлау органдарының, барлық сайлау инфрақұрылымының 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету екенін айтқан Н.Әбдіров комиссия мүшелерінің назарын дауыс беруге арналған үй-жайлардың тек сайлаушылардың ғана емес, сонымен қатар байқаушылар, сенім білдірілген адамдар, БАҚ өкілдері үшін қолжетімділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы регламентті реттейтінін және сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысушылардың тізімін бекітетінін хабарлады.
Регламентке сәйкес, президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы пікірсайыстары мен пікірталастары төрт раундқа бөлінген. Әр раундқа сәйкес пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасы жөнінде сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алады. Пікірсайыс 11 қарашада сағат 20.00-де тікелей эфирде өтпек.
Бірінші раунд – «Сайлау алдындағы бағдарламамен таныстыру», онда әр қатысушы өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсыну мақсатында сөз сөйлейді. Әр қатысушының сөз сөйлеуі үшін 3 минут беріледі.
Екінші раунд – «Пікірталас сессиясы», онда қатысушылар қарсыластарына екі сұрақтан қояды, сонымен қатар екі сұраққа жауап береді. Сұрақтың тұжырымына 30 секунд, әр қатысушыға жауапқа 2 минуттан беріледі.
Үшінші раунд – «Сайлаушылардан сұрақтар». «Хабар» агенттігінің базасында сайлаушылар кез келген кандидатқа сұрақ қоюға мүмкіндігі бар. Әр кандидатқа бір сұрақтан қойылады. Жауап беру уақыты 2 минутқа дейін.
Төртінші раунд – «Сайлаушыларға арнау», қорытынды раундта қатысушылар тікелей сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді. Әрбір сөзге 2 минуттан уақыт беріледі. Пікірсайысқа берілетін жалпы уақыт – кем дегенде 80 минут.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Түркі мемлекеттері ұйымының өтініші негізінде еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұсыным бойынша делегация құрамының өзгеруі себебінен екі халықаралық байқаушыны аккредиттеуді кері қайтарып алу туралы мәселе шығарылғанын хабарлады. Осыған орай «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 17 қазандағы №92/577 қаулысына тиісті өзгерістер енгізілді.
1-7 қараша аралығында Сыртқы істер министрлігі бірқатар Миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстары келіп түскенін хабарлады: ТМД Миссиясы құрамынан – 55, ТМД ПАА-дан – 34, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Миссиясының құрамынан – 19, бұрын аккредиттелген халықаралық байқаушыларды ауыстыру үшін Түркі мемлекеттері ұйымынан 2 байқаушы ұсынылған. Сонымен қатар 14 шет мемлекеттен 24 байқаушы ұсынылды, оның ішінде Латвия, Сербия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының өкілдері де бар. Аккредиттеуге ұсынылған барлық байқаушының саны – 134.
2022 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша халықаралық ұйымдардан және шет мемлекеттердегі халықаралық ұйымнан екі байқаушының аккредиттеуін қайтарып алынғанын ескере отырып, барлығы 271 байқаушы аккредиттелді. Аккредиттеуге ұсынымдардың түсуіне қарай байқаушылар бойынша мәліметтер алдағы уақытта жаңартылады. Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын 2022 жылғы 14 қараша күнгі сағат 18.00-ге дейін аккредиттейді.