Мемлекет басшысының жұртшылық жылы қабылдаған шешімінің бірі – еліміздің бірнеше өңірінде жаңа облыстарды құруы болды. Соның ішінде Ұлытау да бар. «Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз» деген болатын Президент. Бұл бастама ұлт ұясы атанған өңірге серпін бергенін көріп отырмыз. Өткен аптада аймақтың 2022-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Бес жылға межеленген іс-шараларға 1,9 трлн теңге инвестиция бөлінеді. Осы орайда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен өңірде қандай жобалар жүзеге асатыны жөнінде әңгімелестік.
– Берік Әбдіғалиұлы, кезінде облыстарды оңтайландырып, біріктіргеннен еліміз не ұтты, Жезқазған өңірі не жоғалтты деп айтар едіңіз?
– Аталған әкімшілік реформаға қатысты көзқарас әралуан. Соның ішінде өңірлерді біріктіру демография, ұлттық мүдде тұрғысынан солтүстік өңірлерге оң әсер етті, қазақылануына септігін тигізді деген пікір айтылады. Бірақ, менің ойымша, сол тұста басты мақсат осы ғана емес еді. Ол – кейіннен келіп шыққан нәтиже. Әрине, астананың Арқаға көшірілуі тиімділігін көрсетті. Әкімшілік реформа қаражатты шоғырландыруға, ұтымды жұмсауға ықпал еткені рас.
Жасыратыны жоқ, Жезқазған жұртшылығы сол кездегі өзгеріске ренішті болды. Өйткені бұл аймаққа жеткілікті көңіл бөлінбеді. Аумағы тым үлкен, ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған Қарағанды облысының өз проблемасы да жетіп артылатын. Оған тағы бір көлемді облыс – Жезқазғанның қосылуы жүкті тым ауырлатып жіберді. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл аймақта қайтадан жеке облыс құру жөніндегі бастамасы ел игілігі үшін дер кезінде қабылданған, жұрт айрықша қуанышпен қабылдаған әділетті шешім болды.
– Бұрын Жезқазған құрамында болған біраз аудан-қала облыс қайта құрылғанда Қарағанды аумағында қалды. Қазір Ұлытаудың еншісінде барлы-жоғы үш қала мен екі аудан бар. Ол мәселе облыстың дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Соншалықты теріс әсері бар деп айта алмаймын. Бұл жерде біз мына мәселеге назар аударуымыз керек. Мемлекет басшысының басты саясаты – халық үніне құлақ асу. Кез келген істі халықпен кеңесе отырып, көпшілікке ыңғайлы жолын қарастыру. Бұл жерде де Президент ең алдымен жұрттың қалауын ескеріп, оларға тиімді шешім жасады. Ұлытау облысы екі аудан, үш қаладан құралып, тұрғындар саны аз болғанымен, аумағы бойынша – елімізде бесінші орында. Бұл жақта шалғай ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету, жолын жөндеу, халықтың әл-ауқатын арттыру сияқты жылдар бойы қордаланып қалған проблема жеткілікті.
– Айтқымыз келгені, еңбек күші, тұтынушы нарығы дегеніңіз экономиканың қозғаушы күші. Кәсіпкерліктің дамуына да тұрғындардың көп болғаны қажет...
– Әрине, кезінде облыс мәртебесінен айырылғаннан кейін халық саны едәуір азайды. Ол – заңдылық. Жұртшылық болашағына алаңдап, Астанаға, Алматыға, облыс орталығы – Қарағандыға көшті. Баспананың өзін сол жақтардан алды. Кәсіпкерлер де бизнесінің келешегін ойлап, халық көп шоғырланған жерлерге кетіп жатты. Статистикалық мәліметке қарасақ, өңірден былтырдың өзінде 8 мың адам, биыл 5 мың тұрғын көшкен екен.
Облыстың қайта құрылуы үдере көшуді тоқтатады. Оған күмән жоқ. Керісінше, енді тұрғындар саны артады. Қазірдің өзінде облыс орталығында көптеген мекеменің ашылуымен бірге көшіп келушілер көбейді. Біздің есебімізше, облыстық департамент, басқармаларды кадрмен қамту аясында алғашқы кезекте мыңға жуық адам келеді. Олардың отбасын есептесеңіз, елге қосылған халықтың саны бірнеше есеге көбейеді. Бұдан бөлек, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы жылы Жезқазғанда халықаралық техникалық университет ашылады. Оған білікті мамандар, еліміздің түкпір-түкпірінен студенттер келеді. Келгендерді баспанамен қамтамасыз ету қажет. Отбасы саны көбейген соң мектеп, балабақшаға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде құрылысқа қарқын береді. Ол салада да қосымша жұмыс орындары ашылады. Осындай кешенді жоспарды іске асырсақ, алдағы үш жылда облыста тұрғындар санын үш жүз мыңға жетеді деген жоспар бар.
– Ірі мекеме-ұйымдар көп жыл бойы негізінен Қарағандыда болғандықтан, бұл жақта мамандар көп тұрақтамағаны белгілі. Осы мәселені қалай шешіп жатырсыздар?
– Рас, кадр мәселесі өте күрделі. Маман тапшы. Сабақтастық үзіліп қалған. Көп дүниені жаңадан бастап жатқандықтан, қиындықтар жеткілікті. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Біз өңірлердің алды болып, басқармаларды құрып, кадрларды біршама түгендеп алдық. Бюджетіміз қалыптасып, кешенді жоспарымыз да қабылданды. Мамандарымыз белсенді жұмыс істеп жатыр. Бірақ тапшылық сонда да көрініп тұрады. Бір адам екі-үш маманның жұмысын істеп жүр. Осы орайда әріптестеріме рахмет айтамын. Ең бастысы, дайындық шараларын дер кезінде жасап алдық. Енді жұмыс жүйеге түседі деп ойлаймын.
– Өткен аптада облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Осы құжат бойынша алдыңғы кезекте қандай іс-шаралар жүзеге асады?
– Иә, алдағы бес жылда атқарылатын жұмыстар нақтыланды. Үкіметпен бірлесе отырып, облысты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітіп алдық. Жүзеге асатын іс-шаралар 9 бағытты қамтиды. Ол – индустриялық-инновациялық даму, минералдық-шикізат базасын кеңейту, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік инфрақұрылым салаларын өркендету, экология және табиғатты пайдалану.
Бес жылдық кезеңдегі инвестициялардың жалпы көлемі 1,9 трлн теңге болады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 393,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 138,6 млрд теңге бөлінеді, жеке инвестициялар 1,4 трлн теңгені құрайды.
Бұл жоспарды жасау барысында біз өңір халқы айтып жүрген ең өзекті мәселелерді саралап, алдыңғы кезекте соған назар аудардық. Жезқазғандықтар үшін көкейкесті мәселенің бірі – сапалы ауыз суға қол жеткізу. Қазір қала ауыз судың 60 пайызын Кеңгір су қоймасынан, 40 пайызын Үйтас-Айдос жерасты көзінен алады.
Кеңгір суының сапасы төмен екені жасырын емес. Сондықтан жаңа технологияны қолданып, су қоймасын тазалауға кірісеміз. Ал негізгі жұмыс – қаланы сапалы суымен қамтамасыз ету. Президент тапсырмасы бойынша суағарды реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оң қорытынды алынды. Бұл жұмысты Қарағанды облысы бастаған, біз әрі қарай жалғастырып жатырмыз. Құрылыс жұмысы 2023 жылы басталады. Осы арқылы болашақта жерасты суының үлесін көбейтеміз. Кеңгірдің суын тазалаймыз. Сонда алдағы екі жылда судың сапасы өзгереді.
Екінші мәселе – минералдық ресурстарды дамыту. Біз қазір «Қазақмысқа» тәуелдіміз. Бюджетіміздің 70 пайыз түсімі корпорация арқылы келеді. Ұлытауды келешекте өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын, қуатты аймаққа айналдыру үшін жалғыз кәсіпорынға алақан жайып отырмай, экономиканы әртараптандыруға күш салуымыз керек. Сондықтан өңірдің қазба байлығын іске жаратып, инвестиция тартуды, жаңа кәсіпорындар ашуды көздеп отырмыз. Бұл ретте облыста минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Индустриялық-инновациялық даму аясында химия, мұнай өңдеу, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын ашу, Жезқазғандағы мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын іске қосу жоспары да бар. Қазір елімізде жанар-жағармай тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірде мұнай өңдеу зауытын салғымыз келеді. Бұл мәселені мен Үкіметтің алдында көтергенмін. Егер бізге жылына 1 млн тонна мұнай беріп тұрса, оны өңдейтін зауытты ашуға дайынбыз. Шикізатты осы өңірден де табуға болады.
Тағы бір басым бағыт – агроөнеркәсіпті дамыту. Бұл салада ет, сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту сияқты 11 инвестициялық жобаны іске асырсақ деп отырмыз.
Бір ғана мысал айтайын, Ұлытау облысында еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміндегі 19 өнімнің 3-еуі ғана шығады. Ол: ет, нан, ұн. Қалғанының бәрі сырттан келеді. Қарағанды облысы, қателеспесем, сол тізімдегі 17 түрлі өніммен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Біз көкөніс, сүт өнімдерін Қарағандыдан немесе оңтүстік облыстардан алып отырмыз. Енді сыртқа тәуелді болмай, осы 19 өнімнің кемінде 13-ін өзімізде өндіруді мақсат етіп отырмыз. Көкөніс түрлерін, сүт және макарон өнімдерін дайындау өз кәсіпкерлеріміздің де қолынан келеді. Осы мақсатта әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын құрып қойдық. Сол арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз.
Сосын бұл жақта малдың басы да қауырт өсіп келеді. Өкініштісі, оның да игілігін толық көріп отырған жоқпыз. Біздің өңірдің малын сырттан келіп, арзан бағаға алады да бордақылап, өзімізге қымбатқа сатады. Сондықтан бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлап отырмыз.
Тұрмыс деңгейін арттырудағы шешуші фактордың бірі – жол сапасы. Республикалық жолдарды айтпағанда біздің ауданаралық, ауыларалық жолдарымыз әбден тозған. Қаражаттың қомақты бөлігін осы бағытқа бөлу қажет. Кешенді жоспар бойынша жалпы сомасы 264 млрд теңгеге 227 шақырым облыстық автожолдар және 118 шақырым қалаішілік және кентішілік жолдар салынады, қайта жөнделеді. 2023 жылдың өзінде облыстық және аудандық маңызы бар 156,5 шақырым автокөлік жолын жөндеу жоспарланды.
– Көп жылдан бері айтылып келе жатқан Жезқазған – Қарағанды, Жезқазған – Қызылорда жолдарының тағдыры не болды?
– Республикалық маңызы бар жолдарға келетін болса, өкінішке қарай, Жезқазған-Қызылорда бағытына 90 миллиард теңге бөлініп, байқау өтті де, ұтқан компания бас тартып отыр. Құрылыс материалдарының қымбаттап кеткенін алға тартады. Енді министрлік қайтадан байқау ұйымдастырайын деп жатыр. Бұл 2024 жылы бітуі керек еді. Енді биыл байқау ұйымдастырылса, ендігі жылы бастала ма деп үміттеніп отырмыз. Ал Жезқазған – Қарағанды бағыты бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын естіп отырмыз. Құжат дайын болса кейбір учаскесінде жұмыс келесі жылдан басталатыны айтылып жатыр. Ал Арқалық-Ұлытау арасындағы 30 шақырым жолды жөндеуді келесі жылға жоспарлап отырмыз.
– Ұлытау дегенде негізгі табыс көзі ретінде түсті металлургия мен ауыл шаруашылығынан кейін туризм саласы аталады. Жалпы, туризмнен түсім болады деп ойлайсыз ба?
– Иә, туризм – Ұлытау үшін өңірлік дамудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан да кешенді жоспарға сәйкес туризмнің дамуына 1,5 млрд теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр. Одан бөлек, «Қазақмыс» корпорациясымен жасалған меморандум бойынша Ұлытау селосында бірқатар туристік нысан салынады. Осыдан 10 жыл бұрын туризмнің біздің өңірде дамитынына көпшілік күмәнмен қарайтын. Өйткені жер шалғай, жол нашар. Бірақ соңғы жылдары көзқарас өзгерді. Қазір бұл өңірге саяхаттап келушілер көбейді, кәсіпкерлер де табыс көзі екенін түсініп отыр.
– Түсім демекші, «Жошы хан» кешені салынғаннан бері бұл салада табыс қаншалықты өсті? Байқауымызша, туристер соншалықты артпаған сияқты...
– «Жошы хан» – коммерциялық емес, тарихи, геосаяси мәні бар жоба. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ашылған бұл кешеннің басты мақсаты – рухани тәрбиені, елдік құндылықтарды қалыптастыруды жүзеге асыру. Еліміздің кешегі Ұлы даланы жайлаған іргелі мемлекеттің заңды мұрагері екенін таныту. Кешен салынғаннан бері қасиетті мекенге тәу етіп келушілер қатары айтарлықтай артты. Жыл басынан бері 20 мыңға жуық адам келді. Туристер ағынының айтарлықтай артпағанына қазір кешеннің қаладан тысқары орналасуы, жолының нашарлығы ықпал етіп отырғаны аян. Сондықтан Жошы хан кешеніне жол салынып жатыр.
Сонымен қатар Ұлытауда басқа да ескерткіштер бар. «Қазақмыс» корпорациясымен келісіп, Әулиетау, Күмісбұлақ, Тасбұлақ, Теректі әулие мекендерінің маңын абаттандырамыз. Сосын Жезқазғанда қонақүй тапшы. Ендігі жылдың өзінде 3 қонақүй құрылысын бастаймыз деп жатырмыз. Бұған қоса арнайы туристік маршруттар дайындаймыз. Осы жұмыстың барлығы туристер ағынының артуына ықпал етеді деп ойлаймын.
– Жезқазғанда үй тапшы деп естіп отырмыз. Жан-жақтан келіп жатқандар, үй кезегінде тұрғандар көп. Бұл бағытта қандай шараларды қолға аласыздар?
– Баспананың тапшы екені рас. Оның үстіне бағасы қазірдің өзінде қымбаттап кетті. Облыс болуы әсер етті, сонымен қатар бұрыннан тұрғын үй жеткіліксіз. Бұған дейін жылына бір-екі үйден салынып отырды. Үйге мұқтаж адам көп, облыс бойынша 6 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр.
Сол себепті халық санының өсуін ескере отырып, Жезқазған қаласында 60 үйді қамтитын үш шағын аудан салуды жоспарладық. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Сондай-ақ Жезқазғанда 26 апатты үйді, Сәтбаевта 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Бұған қоса Жезқазғанның өзінде кем дегенде алдағы жылдары 3 мектеп, облыс бойынша 9 мектеп саламыз. «Қазақмыстың» қолдауымен үлкен спорт кешені тұрғызылады. Келесі жылы облыс орталығында театр құрылысы басталады.
Қазіргі таңда 2-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші – 83%, ал 3-6 жас бойынша 89,4% құрады. Облыс бойынша 2023 жылы Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 640 орындық 2 балабақша құрылысы аяқталып, Жезқазғанда және Ұлытау ауданында 200 орындық 2 балабақша құрылысы басталады.
– Жоспарларыңызды қарап отырсақ, ірі жобалардың дені қалаларды қамтитын сияқты. Осы орайда ауылдық елді мекендер назардан тыс қалған жоқ па?
– Жоқ, жоғарыда аталып өткен іс-шаралардың қомақты бөлігі ауылдық елді мекендерді де дамытуды көздейді. Жол салу, мектеп, балабақша, баспана тұрғызу, кәсіпкерлікті қолдау шаралары тұтас облысты, соның ішінде ауылды да қамтиды.
– Облыс халқының қанша пайызы ауыл тұрғындары?
– Тұрғындардың басым көпшілігі – 79%-ы қалада, 21% ауылда тұрады. Барлығы 76 ауыл бар. 2024 жылы цифрландыру ұлттық жобасының аясында облыстың барлық аумағын интернетпен, ұялы байланыспен толық қамту жоспарланған.
Қазіргі таңда облыс аумағындағы елді мекендердің 93,5%-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылға дейін көрсеткішті 100%-ға жеткізу мақсатында Ұлытау облысының кешенді дамыту жоспарына 5 елді мекенде су құбырын салу және 30 ауылды елді мекенде кешенді блок-модульдер орнату жоспарланып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»