«Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы Адам құқығы жөніндегі уәкіліне қатысты тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Оның мақсаты – ұсынылған өзгерістер мен түзетулерді енгізу арқылы адам құқықтарын қорғау саласын жетілдіру және уәкілдің мәртебесін Конституциялық деңгейде бекітіп, құзыретін күшейту, тәуелсіздігін арттыру.
Сонымен қатар уәкіл қызметінің құқықтық мәртебесін, қағидаттары мен кепілдіктерін конституциялық негізде регламенттеп, ұлттық құқық қорғау қызметін нығайтуға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға тікелей жүгіну құқығы берілді. Парламент Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарына және Парламент депутаттарының қатысуымен өтетін өзге де іс-шараларға қатыса алады.
Үкіметке және өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, өзге де ұйымдарға және лауазымды адамдарға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың профилактикасына және оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар береді. Өңірлерде уәкілдің әлеуетін нығайту және оның атқарушы және өкілді органдармен кері байланысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті мәслихаттар сессиясының жалпы отырыстарына қатысу құқығы қарастырылған.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сайлануын, қызметінен босатылуын және иммунитеттерінен айыруды Сенат жүзеге асырады. Жалпы алғанда уәкілге Конституциялық дәрежеде өкілеттіктер беру арқылы азаматтарға Ата Заңымыздағы кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді және құқықтарының жоғары деңгейде қорғалуын толыққанды қалыптастырады.
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
Сенат депутаты