Интеграция – латын сөзі. Қазақша түсінікте бірігу, толықтыру сынды мағынаға саяды. Ал енді осы тарих өткелдерінде ынтымақтаса, қоғамдаса, бірін-бірі толықтыру мақсатында тұтастай елдердің бірігуі ешқашан тым ұзақ мерзімді құрап көрмепті. Егер ойша шолсақ, біріге қимылдау көбіне-көп ортақ жауға қарсы соғыстардағы әскери одақ шеңберінен аса алмаған екен.
Интеграция терминінің саяси, экономикалық негіздері туралы алғашқы ойларды айналымға енгізген ғалымдардың қатарына Р.Шмед, Х.Кельзен, Д.Шиндлер сынды неміс ғалымдарын жатқызуға болады.
БЕНИЛЮКС. Жалпы, адамзат баласының бірігуге ұмтылысы оның есеюіне қатысты десе болғандай. Қоғам неғұрлым жетілген сайын әрі ғылыми-техникалық жетістіктердің адымы аршындаған сайын арадағы байланыстар да қарқын ала түседі. Ол, тіптен қолдан тоқтатамын десеңіз де өздігімен жүріп, егер оны реттеп отырмасаңыз жабайы қалыпта да дами беретінін уақыт көрсеткен. Ал экономикалық мақсаттарда бірігудің алғашқы қадамдарының мысалына Бенилюкс елдерінің (Бельгия, Нидерланд, Люксембург мемлекеттерінің алғашқы буындарынан алынған сөз, 1921 жылдың 21 шілдесінде өмірге келген одағын жатқызуға болады.
Үш елдің бұлайша бірігуінің бірнеше ортақ астары болатын. Біріншіден, үшеуі де конституциялық монархиялы мемлекет, яғни корольдік, екіншіден, бір кездері бұлар Бургунд герцогтігінің құрамында болған, үшіншіден, орта ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан экономикалық, оның ішінде, әсіресе, сауда бойынша тереңде жатқан байланыстар мен үш корольдік үндессек Еуропадағы саясатқа әсер етуде ықпалымыз күшейеді деген түсініктің өз әсерін тигізгені анық. Араларындағы кеден салықтарын алып тастап, ортақ кедендік тариф қойып, экономикалық мақсатта біріккен бұл одақтың адымы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда тым қысқарып кеткен еді.
1943 жылы Лондонда эмиграцияда жүрген үш елдің үкіметі соғыстан кейін өзара жүргізілетін төлемдерді реттеу және экономикалық қатынастарды тереңдету мақсатында валюталық келісімге келіп, ол 1946 жылдың 24 мамырында күшіне енді. Эмиграцияда жүріп үкімет бұдан да өзге «Кедендік конвенцияға» қол қояды. 1948 жылы күшіне енген бұл конвенция бойынша Бенилюкс елдері баж салығынан түгелдей босатылып, ал одақтан тыс елдер үшін Батыс Еуропадағы ең төмен бірыңғай тариф енгізіледі. Бұл жағдай соғыстан кейін тұралап жатқан, басқыншылықтан зардап шеккен елдердің тезірек айығуына жол ашты. Алайда, 1950-53 жылдарда осы елдер ішінде жүрген дағдарысқа байланысты бұл интеграциялық үдерістер қарқыны баяулай берді. Соған қарамастан, 1953 жылы Гаагада үш ел экономикалық және әлеуметтік үдерістерді жеделдету жөнінде Хаттамаға қол қояды. Артынан бұл хаттаманың толық мәтіні Бенилюкс елдері арасындағы Экономикалық одақ жайындағы келісімнің негізі болғанын айта кеткен жөн.
Жалпы алғанда, кәрі құрлықта интеграциялық үдерістерге ұмтылу бірінші дүниежүзілік соғыстан соң байқалғанымен, оның нақтылануы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жүре бастады. 1950 жылы Франция Сыртқы істер министрі Роберт Шуман Еуропада көмір және болат одағын құру туралы декларациясын жария етті. Осыдан бастау алып, 1951 жылы Италия, Франция, Германия Федеративтік Республикасы мен Бенилюкс елдерін біріктірген Еуропалық көмір және болат бірлестігі дүниеге келген. Ал арада 6 жыл өткен соң аталған елдер Еуропалық экономикалық қауымдастықты, яғни «ортақ нарықты» өмірге әкелді. Біршама жылдан кейін бұл қауымдастыққа Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Грекия, Португалия, Испания, Австрия, Швеция, Финляндия тартылып, оның соңы 1992 жылдан Еуропалық одаққа ұласқан.
Игі ниет, оң бастама болғанымен де Бенилюкстің толық интеграцияға қол жеткізуі оңайлықпен келген жоқ. Тек 1974 жылдың 1 қаңтарында барып қана арадағы тауар, капитал айналымы мен қызмет көрсету нағыз еркін қалыпқа түскен. 1958 жылғы Бенилюкс елдерінің Экономикалық одағына қол қойған жоғары мәртебелілер – Бельгия королі Бодуэн I, Люксембургтің ұлы герцогинясы Шарлотта және Нидерланд патшайымы Юлиана одақтың басты мақсаттарын нақты көрсеткен. Онда еркін тауар айналымы мен азаматтардың бір елден бір елге еш кедергісіз, визасыз өтуі, қызмет түрлерін көрсету, капиталдың еркін айналымда жүруі, экономикалық-қаржылық кедергілердің болмауы, адамдардың жұмысқа тұрып, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қызметін қай елде де еркін пайдалануы, салық заңдылықтарында айырмалардың болмауы сынды жеке тұлғаларға қатысты көптеген жеңілдіктермен қатар, мемлекетте экономика, қаржы және әлеуметтік саясат жүргізуді үйлестіру, үш елге бірдей сыртқы сауда және сыртқы экономикалық саясат жүргізумен өзге елдерге қатысты бірыңғай кеден салығын салу сынды реттеулер жүзеге асырылды. Бұл мақсаттардың толығымен жүзеге асырылып қана қоймай, күні бүгінге дейін өзінің бастапқы маңызын жоймай отырғанын айта кету ләзім.
Бенилюкс елдері арасындағы қарым-қатынастарды кім реттеп отырды десек, онда алдымен мықты басқару инфрақұрылымының дүниеге келгенін айтуға тиіспіз. Ең жоғары орган–үш елдің сыртқы істер министрлерінен тұратын Министрлер комитеті, олар жыл сайын бірнеше рет кездесіп, арада туындаған мәселелерді шешіп, алдағы міндеттерді талқылап отырды. Және комитет шешімді тек бірауыздан ұйғарса ғана шығарып, ал оның орындалуы әр мемлекет үшін бұлтартпас міндет саналды. Комитетке үш елдің министрліктері мен ведомстволарының басшыларынан құралған Экономикалық одақ кеңесі қарады. Олар өз кезеңінде салалық арнайы комиссиялардың жұмысына жауап берді. Бенилюкстің әкімшілік және ұйымдастыру қызметін Бас хатшылық атқарды. Оның басшылығында Хатшылар алқасы тұрды. Жоғары мәртебелі монархтар қол қойған келісімге сәйкес, Бас хатшы – Нидерланд азаматы, ал екі орынбасар– Бельгия мен Люксембург азаматтары болуы тиіс. Парламент бойынша да үш елдің арасынан депутаттар сайланды. Бельгия мен Нидерланд үшін 21 депутат, ал Люксембургтен 7 депутат болуы тиіс, сондай-ақ, ортақ Сот палатасы, Арбитраж алқасы да құрылды.
Асылында, осылайша Еуропадағы осы үш шағын мемлекеттің ұжымдасып қимылдауынан қарапайым азаматтар өмірінің жеңілдеуі кәрі құрлықтың интеграцияға бейімделуге деген ынтасын арттыра түскен. Бұл негіздер Еуроодақ құрылуының алғышарттары болды десек артық айтқандық емес.
ЕУРООДАҚ. Жоғарыда айтылған Көмір және болат бірлестігі мен Еуропалық экономикалық қауымдастық және Еуропадағы Атом энергиясы жөніндегі қауымдастықтың негізінде 1957 жылы Рим келісімі жасалса, ал 1967 жылы осы үш қауымдастық Еуропалық қауымдастыққа бірікті. 1985 жылдың 14 маусымы – ЕО үшін айтулы датаның бірі. Дәл осы күні Шенген келісімі дүниеге келді. Ол бойынша барлық ЕО аумағында кедендік тосқауылдар алынып, сыртқы шекаралардағы бақылау күшейтілетін болды (Келісім 1995 жылы 26 наурызда күшіне енді).
Нидерландының Маастрихат қаласындағы 1992 жылғы ЕО құру жөніндегі шарт кәрі құрлықтағы қазіргі саяси және қаржылық жүйе картинасын алып келді. Жылдар бойына тынбай жүргізілген интеграциялану үдерісінің еуропалық үлгісі тарихтың жаңа беттерін жаза бастады. Жаңа ортақ валюта– еуро өмірге келіп, ол 1999 жылдың 1 қаңтарынан ЕО аймағында қолма-қол ақшасыз түрінде айналымға түссе, 2002 жылдың басынан кәдімгі қағаз және тиын ақша түрінде жұртшылықтың қолына тиді. Осылайша Еуропа мемлекеттерінің валюталарды біріктіру саласындағы көп жылғы күш-жігері текке кетпеді. Бір ерекшелігі, мұнда еуро аймағына күштеп ендіру болған жоқ, кейбір елдер мәселен, Ұлыбритания, Дания, Швеция өз валюталарын сақтап қалды. Норвегия мен Исландия ЕО-ға мүше болмаса да Шенген аймағына енуге рұқсат алды, Черногория ЕО-ға да, Шенгенге де мүше болмаса да еуроны негізгі төлем түрі етіп қабылдады.
Бір кездері Еуропа Құрама Штаттарын құру қажеттігі туралы ұсынылған идея ЕО тәрізді танымал халықаралық құрылымға айналды. 2000 жылы қабылданған Ницце Шарты бойынша ЕО компетенциясы саясаттың төмендегі бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, сауда, ауыл шаруашылығы, миграция, көлік, бәсекелестік, салық, экономика, валюта, кеден, өнеркәсіп, әлеуметтік сала, мәдениет және денсаулық сақтау салалары, экономикалық және әлеуметтік кірігу, тұтынушылар құқығын қорғау, трансеуропалық көлік және энергетика желілерін дамыту, зерттеулер мен технологияны дамыту, үшінші елдерге экономикалық, қаржылық және техникалық жәрдемдесу, сонымен бірге, ортақ қауіпсіздік пен ішкі істер мен құқық қорғау саласында интеграциялану бекітілді.
Жалпы алғанда, осылардың барлығын маңызды үш топқа бөлуге болатындай. Оның алғашқысы – Экономикалық және валюталық одақ, екіншісі–ортақ сыртқы саясат және қауіпсіздік, үшіншісі– мүше елдердің ішкі істер мен құқық қорғау саласындағы әріптестіктері. 373 млн. тұрғын бір одақ аясына біріктіріп, ішкі нарықты қалыптастырып, сауда-экономикалық әрі саяси тұрғыда үндестікке жеткен бірден-бір құрылым – ЕО-ның штаб-пәтері Бельгияның астанасы Брюссельде орын тепкен.
Қазіргі уақытта әлемдегі әлеуметтік саясат дамуының ғаламдық үрдістері, ең алдымен, аймақтық деңгейде қалыптасуда. Бұл ретте ЕО- дағы әлеуметтік саясатты ең үздік үлгінің қатарына жатқызуға болады. Мұндағы әлеуметтік саясаттың ең басты ұйымдастырушы әрі бір ыңғайландырушы факторы – үздіксіз ықпалдасушы халықаралық бірлестікте, яғни кәрі құрлықта бүгінде әлемдегі ең жетілген әлеуметтік қамту жүйесі орнықты. Ал оның негізі XX ғасырдың алғашқы жартысында жоғарыда айтылған Еуропалық экономикалық қауымдастық құрғанда, мүше мемлекеттер қабылдаған келісім-шартта «Жұмысшылардың еңбек жағдайын, өмірлік стандарттарын жақсартуға жәрдем көрсету» туралы ортақ келісімнен туындаған болатын.
Бенилюкс елдері одағындағы әкімшілік жағынан басқарудың құрылымы тәрізді ЕО да интеграцияны басты ұстаным еткен өз құрылымдарын түзген. Ол–Еуропалық комиссия, Еуропалық парламент, Еуропалық одақтың кеңесі, Еуропалық сот, Аудиторлар палатасы, т.б. сынды іс-әрекеттерімен әлем санасып, пікірлеріне құлақ асатын, тұтас қарамай-ақ әрқайсысын жеке алғанның өзінде салмағы жоғары халықаралық беделді ұйымдар.
Еуропалық одақ әлемдегі ең ірі сауда қауымдастығы болып табылады. 1995 жылдың қаңтарында Еуропалық одақ комиссиясының штаб-пәтері орналасқан Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ және оның мүше мемлекеттерінің арасында серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. ЕО – еліміздің сыртқы саясаттағы басты әріптестерінің бірі.
AСЕАН (ағылш. The Association of Southeast Asian Nations — Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнің ассоциациясы) — Оңтүстiк-шығыс Азияның 10 елi кіретін өңірлік саяси, мәдени әрі экономикалық ұйым. 1967 жылы 8 тамызда қабылданған Бангкок декларациясында Индонезия, Малайзия, Филиппиндер, Сингапур және Таиланд мемлекеттері негізін қалаған ассоциация экономикалық өсуді, әлеуметтік, мәдени дамуды жаңғыртуды, аймақта бейбітшілікті қамтамасыз етуді мақсат тұтады деп көрсетілген. Ал АСЕАН-ның құжат бойынша шарт жасасуы 1976 жылы Бали аралында жүзеге асырылды. 500 миллион тұрғын мен жоғарыдағы ұйымды құрушы мемлекеттерден өзге Бруней (1984), Вьетнам (1995), Лаос және Мьянма (1997), Камбоджа (1999) мемлекеттерін қамтыған ассоциацияға бақылаушы мәртебесімен Папуа-Жаңа Гвинея мен Шығыс Тимор және екі кеңесшілік серіктес елдер – Қытай мен Ресей кірді.
Құрылғанынан бастап саяси ынтымақтастық саласында келісімдер жасауға баса көңіл бөлген АСЕАН елдерінің алғашқы екі кездесуі (1976 және 1977 жылдары) осы ұйым қызметінің негізгі қағидаттарын жария етіп, адам ресурстарын дамыту, кедейшілік пен сауатсыздықты жою, есірткі саудасына жол бермеу, т.б. салада ынтымақтастықты кеңейтуге көңіл бөлетіндіктерін жеткізген.
Сондай-ақ, ұйым аймақта экономикалық өсімді, әлеуметтік және мәдени дамуды жеделдету, аталған салаларда белсенді ынтымақтастық пен өзара көмек көрсету мақсатында ғылым мен технология, қоршаған орта, мәдениет пен ақпарат, әлеуметтік даму ынтымақтастығын үйлестіреді. 1995 жылы АСЕАН елдері Оңтүстік-Шығыс Азияда ядролық қарусыз аймақ құру туралы шартқа қол қойды.
АСЕАН-ның жоғары органы – мемлекет және үкімет басшыларының саммиті. Бұл саммит әр 3 жыл сайын өткізіледі, ал олардың аралығында бейресми кездесулер де өтіп тұрады. Ұйымда 11 арнайы комитет жұмыс істейді, ал ағымдағы басшылықты тұрақты комитет жүзеге асырады. Бес жыл мерзімге тағайындалатын АСЕАН-ның Бас хатшысы жетекшілік ететін Хатшылық Филиппиннің астанасы Джакартақаласында орналасқан.
2008 жылы АСЕАН елдері Азия еркін сауда аймағын (АФТА) құру туралы шешім қабылдады. 1993 жылы шілде айында АСЕАН елдерінің сыртқы істер министрлері басқа елдерге қатысты жалпы мүдделерді үйлестіру мақсатында жаңа тұғырнама құру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім батыстағы өнеркәсібі дамыған мемлекеттер – Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Канада және бәрінен бұрын АҚШ-қа тәуелді болуға қарсы бағытталды. 1994 жылы Богорда Ұйым экономикалық ынтымақтастықты күшейту және 2020 жылға қарай барлық сауда және инвестициялық кедергілерді жою туралы да шешім қабылдады.
Аймақтың қауіпсіздігі, дамуы мен экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуді басты ұстаным еткен бұл Ұйымға мүше мемлекеттердегі халықтар сан тілде сөйлеп, сан түрлі діни сенімді ұстанғандарымен, оларда ортақ құндылықтар, тұрмыс-тіршіліктеріндегі ұқсастықтар өте көп. Азия-Тынық мұхиты елдерi ассоциациясының елтаңбасындағы 10 күріш масағының оған мүше елдердің санын бейнелеуінің өзі біраз жайды аңғартқандай. Халқы өте тығыз орналасқан, егер бақылаушы ретіндегі елдермен арадағы жолға қойылған қарым-қатынасты ескерсек, 2,5 млрд.-тан асатын адамдарды экономикалық тұрғыдан байланыстырған Ұйымның әлемдік саясатта қандай маңызға ие екендігін аңдай беруге болатындай.
Көп векторлы саясат ұстанған Қазақ елі жоғарыдағы одақтардың қай-қайсымен де жақсы қарым-қатынас орнатқан. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дейді дана халық. Қай кезде де топтаса, жұдырықтай жұмыла қимылдаса, жалғыз талдай оңай сынбайды, біріккеннің артында береке бар деп әлемдік интеграциялану үдерісінен қалыс қалғысы келмейтін біздің еліміздің алда талай жоспарлары бар. Солардың барлығының ел игілігіне қызмет ететіні күмән туғызбайды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».