Қазақстан француз тілі мұғалімдері қауымдастығының ұйымдастыруымен «Француз тілін үйренеміз және экобелсенді боламыз» тақырыбында акция өтті.
Бұл жобаның бастамашысы – Француз тілі мұғалімдерінің халықаралық федерациясы Педагогикалық инновациялар қоры мен Франкофония ұйымы. Қазақстан француз тілі мұғалімдері қауымдастығының президенті Айгүл Дощанова атап өткендей, экологиялық белсенділікті арттыру мақсатында қазір еліміздің мектептерімен, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Акция аясында осы кезге дейін қоршаған ортаны, табиғатты қорғауға байланысты конкурстар, спорттық ойындар өтті, логотиптер әзірленді. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған акцияның қорытындысы қараша айында Астанада жарияланады.
«Қауымдастық бүгінде француз тілі мұғалімдеріне оқу-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында көптеген игі жобаны іске асырып келеді. Биыл Француз тілінің халықаралық федерациясы бастамашы болған климаттық өзгерістер мен тұрақты дамуға байланысты өткен конкурста Қазақстан француз тілі мұғалімдері қауымдастығы жеңімпаз атанды. 100-ден астам мемлекет қатысқан халықаралық жобада жеңіп алған қаржылай сыйлыққа француз тілінің мұғалімдеріне арнайы платформалар сатып алынды. Ендігі кезекте бұл платформалар қазақстандық оқытушылар үшін ауқымды бағдарламаларымен ерекшеленетін болады», деп атап өтті А.Дощанова.
«Француз тілін үйренеміз және экобелсенді боламыз» акциясының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім алған Ілияс Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназиясында өтуінің де өзіндік себебі бар. Мектепте француз тілі 1-сыныптан бастап оқытылады. Акция барысында оқушылар өздері дайындаған арнайы жобаларды, презентациялар мен фотоколлаждарды француз тілінде таныстырып, табиғатты аялау, жан-жануарларды қорғау, тазалықты сақтау арқылы адамзат игілігіне қызмет етуге байланысты жарқын ойларын ортаға салды. Француз тілінде ән айтып, өз өнерлерін көрсетті.
Алматы қаласы білім басқармасының қолдауымен өткен іс-шара барысында Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Фабрис Неве оқушылардың экологиялық жобалар жасаудағы белсенділігіне ризашылығын білдірді. Бас консулдың айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы білім беру ынтымақтастығы жалғасын тауып, білім алмасу жобалары аясында жүзеге асып келеді. Осыған орай оннан аса француздық оқушы №25 мектепке келіп, Қазақстанның тыныс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен танысса, ендігі кезекте алматылық оқушылардың Францияға саяхаты жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Даун» синдромы, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қолдау көрсету мақсатында Франциядан Қазақстанға велосипедпен келген саяхатшы жұп Эмили мен Дэвидтің сапарын еске салған Бас консул бұл бағытта мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесулер ұйымдастырылғанын атап өтті. Бүгінде Францияның экологиялық саясаттағы жобалары назар аударуды қажет етеді. Париждің климаттық келісімдері экологиялық қауіпсіздік саласындағы көптеген жобада тиімділігін көрсетіп отыр. Осы орайда Бас консул мектеп оқушыларының, жастардың ғаламдық климаттық өзгерістер кезеңінде өз аумағында жүзеге асырып отырған жобаларына қолдау көрсетуінің маңызын атап өтті.
«Eco network» жобасының негізін қалаған Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау бүгінде ғаламдық проблемаға айналып отыр. Сондықтан экологиялық белсенділік әрбір азаматтың бойынан табылуы қажет. Бұл бағытқа мектеп оқушыларын жұмылдыру алдағы онжылдықтарда жемісін беретін нәтижелі іс. Қайырымдылық мақсатта жүзеге асатын жобаға бүгінде №25 мектеппен қатар РФММ, «Престиж» және 2 жекеменшік, 8 мемлекеттік мектепті қамту көзделіп отыр. Астана қаласы, Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында да жобалар жүзеге асуда. Жоғары оқу орындарымен де байланыс орнату жоспарда бар. Қазіргі кезде №25 мектепте экобокстар қойылып, оқушылармен бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Акция соңында экобелсенділер пікір алмасып, жаңа жобаларға қатысты жоспарларымен бөлісті.
АЛМАТЫ