• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2022

Тұтынушылар шағымы

379 рет
көрсетілді

Отандық нарықтағы тауарлар мен қызметтердің сапасы әркез көңіл­де­гі­дей бола бермейді. Мұны тұтынушылардан түскен шағымдар да дә­лелдеп отыр. Мәселен, осы жылдың 31 қазан мен 4 қараша ара­лы­ғында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде 608 өтініш қа­ралған.

Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда, тұрмыстық қыз­мет­тер, электрондық ком­мер­цияға қатысты. Осы­лайша, талап пен тәртіпке бағынбайтын кәсіпкерлер ел тұрғындарын өз құқықтарын қорғауға мәжбүр етіп отыр. Өйткені сапасыз өнім үшін ақшаны қайтарудан, оны айырбастаудан, жөндеуден, өнім туралы сенімді ақпарат беруден бас тартатын кәсіпкерлер көп.

Комитеттің хабарлауынша, бір аптада келіп түскен ша­ғым­дар бойынша 331 тұты­ну­шыға (өтініштердің жалпы санының 54 пайызы) құқықтық көмек көрсетілген. 274 шағым қан­а­ғаттандырылып, 87-сі мем­ле­кеттік органдарға қайта жібе­ріл­ген. Сондай-ақ бір апта ішінде сотқа 1 талап қойылып, 1 ескерту шығарылды. Төрт жағдайда тараптар ымыраға келген. Тұ­ты­нушыларға ведомствоның кө­мегімен 36 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Мәселен, елордалық бір топ тұр­ғын өздері тұратын үйде құ­рылыс салушы тарапынан кет­кен бірқатар кемшілікті анық­­тапты. Тұрғындар қалалық тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жү­гін­ген. Департамент тұр­ғын­дардың атынан сотқа шағым түсірді. Осыдан кейін ғана құрылыс салушылар тұрғын үй кешеніндегі кемшіліктерді рет­теуге кіріскен. Олардың шы­­ғыны 10 млн теңгеге баға­ланды. Тұрғындардың талаптары қанағаттандырылды.

Тағы бір мысал. Батыс Қазақ­стан облысынан келген тұрғынға автосалон сапасыз автокөлікті 18 млн тең­ге­ден астам сомаға сатқан. Сондай-ақ клиентке 300 мың тең­геге қосымша жабдық сатып алуға мәжбүрлеген. Ер адам аумақтық департаментке шағым түсіріпті. Шағым иесіне сатушыға шағымдануға көмек көрсетілген. Нәтижесінде машина тиісті сападағы автокөлікке ауыстырылып, қосымша жаб­дық үшін төленген қаражат кері қайтарылған.

Массаж халаттарының тұ­сау­ке­серіне қатысқан Жамбыл об­лы­сының тұрғыны 917,7 мың теңгеге тауар сатып алады. Бірақ кейіннен сатып алған тауарынан бас тартқан. Компания ақшаны қайтарғысы келмепті. Бірақ облыстық департаменттің заңды қолдауының нәтижесінде сатып алушыға өнімнің толық құны қайтарылған.

Міне, күнделікті тұрмыста мұндай мысалдарды көптеп кез­­дестіруге болады. Көбінесе қа­­зақ­стандықтар тұрмыстық және кеңсе техникасын сатып алуда шалыс басады екен. Өкі­­нішке қарай, бұл бә­рі­міз­дің басымыздан өтетін жағ­дай және одан ешкім де сақ­тан­дырылмаған. Сондықтан мұн­дай жағдайда шатаспау, тиі­сін­ше өз құқықтарын батыл қорғау ма­ңызды.

Айтпақшы, тұтыну құқы­ғын бұзу туралы шағымды E-tutynushy онлайн-сервисі ар­қылы жолдауға болады. Ко­митет мамандарының кон­суль­та­­циясы тегін «жедел желі» телефондары арқылы жүзеге асырылады: 8-7172-74-98-32, 8-7172-74-98-36.