Абай облысына жұмыс сапарымен барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өңір активімен кездесу өткізді. Сала басшысы Отбасының цифрлық картасын енгізу туралы айтып, халықты жұмыспен қамту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты.
Т.Дүйсенова биылғы 10 айда Абай облысында 12 184 адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос орындарға – 3 527 адам, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде – 4 999 адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен – 3 658 адам қамтылғанын атап өтті.
«Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтардың жұмысқа орналасуы міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Абай облысында бұл көрсеткіш 76%-ды құрайды. Бұл ретте Курчатов қаласы мен Бесқарағай ауданында ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде жұмысқа орналастырылған азаматтар бойынша зейнетақы аударымдары бар адамдардың үлесі тиісінше 51% және 54%-ды құрайды», деп атап өтті Т.Дүйсенова.
Министр Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша өңірдегі жақсы нәтижелерді атап өтті. Жоспарланған көрсеткіш 3 732 болған кезде, 9 493 жұмыс орны құрылды немесе 254%-ды құрады. Бұл ретте Абай облысында 244 жалған жұмыс орны анықталды, оның 41-і Семей қаласында болып отыр.
«Облыс әкімдігі тұрақты жұмыс орындарын құруды, деректердің дұрыстығын қамтамасыз етіп, бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты шаралар қабылдауы қажет», деп атап көрсетті Т.Дүйсенова.
Министр кездесуге қатысушыларды Отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Бұл ретте өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады. Абай облысында төлемдер 177 алушыға тағайындалды, қазіргі уақытта азаматтардан оң жауап берілген 210 хабарлама бойынша жұмыс жүргізілуде», деді Т.Дүйсенова.
Уақтылы көрсетілмеген мемлекеттік қызметтердің мысалы ретінде ол Абай облысынан үшінші және төртінші бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы тағайындауға өтініш білдірмеген отбасыны келтірді.
Министрлік басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады.
Кездесу барысында Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдерімен жұмыс берушілердің еңбек заңнамасының нормаларын сақтауы, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, балалары бар отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарды қолдау, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік объектілерді бейімдеу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапары аясында өңірдегі белсенді жастармен, еріктілермен, жастар ресурстық орталығының өкілдерімен кездесті. Министр ведомство іске асырып жатқан жас мамандарды жұмыспен қамту және жастарды қолдаудың басқа да шаралары туралы айтты.
Т.Дүйсенова белсенді жастарға Еңбек министрлігі азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті қазақстандықтардың барлық санатын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді көздейтін жұмыспен қамту саласында жаңа саясат әзірленгенін айтты. Яғни жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді.
«Жыл сайын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Жеңілдікпен кредит беру» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жасты, оның ішінде Абай облысында 4 мың адамды нәтижелі жұмыспен қамту жоспарлануда», деді ведомство басшысы.
Министр кездесуге қатысушыларды кәсіби дағдыларды, оның ішінде өз бетінше алған икемділік пен машықтарды, сондай-ақ бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін тану шарттарын заңнамалық деңгейде бекіту туралы хабардар етті. Бұл қазақстандықтар үшін жұмыс іздеуде жаңа перспективалар ашады, сондай-ақ ел азаматтарын өз біліктілігін арттыруға ынталандырады.
Сонымен қатар кәсіптік бағдарлау мен дағдыларды игеруден бастап, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің өзіндік супермаркетіне айналған Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең ауқымы туралы жан-жақты әңгімеленді.
«Бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орны Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа жұмыс іздеудің де, жұмысшыларды іздеудің де бірыңғай алаңына айналды. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 110 мыңнан астам бос жұмыс орны және жұмыс іздеушілерден 138 мыңнан астам түйіндеме ұсынылған. Жастар – халықтың ең мобильді санаты, Электрондық еңбек биржасының көмегімен елдің кез келген өңірінде жұмыс таба аласыз», деді Т.Дүйсенова.
Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс тауып қана қоймай, таңдалған бағыт бойынша онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларға үйренуге болатынын атап көрсетті.
«Сіздерде жастар арасында сұранысқа ие дағдылар бойынша курстардың авторы болуға мол мүмкіндік бар. Оларды Электрондық еңбек биржасында тегін орналастыра аласыз, ал болашақта ақылы негізде ең танымал курстар бойынша оқуларды құрастыра отырып, одан ақша да табуға болады», деп толықтырды Т.Дүйсенова.
Ведомство басшысы сұранысқа ие кәсіптер бойынша жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға ықпал ететін, сондай-ақ қоныс аударуды ынталандырудың өңірлік бағдарламалары мен ұтқырлық сертификаттарын енгізу есебінен Қазақстан аумағында азаматтарды ұтымды қоныстандыруға ықпал ететін жаңа көші-қон саясаты туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Жастарды еңбек нарығын ырықтандыру туралы хабардар ете отырып, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін заңнамалық бекіту және реттеу қазіргі уақытта әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда іс жүзінде қорғалмаған онлайн-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін баса атап өтті.