Жуырда ғана Қарағанды шахтасында орын алған келеңсіз жағдайдың себебі Үкімет деңгейінде тексеріліп жатыр. Қаралы хабар болған күні-ақ Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссия дереу іске кіріскен-ді. Комиссия алдағы уақытта шешім шығаруға тиіс.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы апатты азайту үшін аянып қалмайтындарын айтып, ант-су ішіп әлек. Олардың сөзіне сүйенсек, компанияға құйылған инвестиция қомақты. Кейінгі жылдары 1 млрд долларға дейін жеткен. Биылдың өзінде 147 млн доллар инвестиция бөлінген. Бірақ қап-қап ақша қат-қабат қайғыдан құтқарар емес. Жеті қат жер астына түсіп, көмір қазатын кенші мамандығының өзі тәуекелге толы десек те, айдың-күннің аманында асылынан айырылып, аһ ұру бұл мәселеде солқылдаққа орын жоқтығын көрсетеді. Қоғам талабы да сол.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир қайғылы оқиғаның қайталанғанына қапалы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол қаза тапқандардың отбасыларына моральдық және қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Өзге міндеттемелерін де мүлтіксіз орындауға бейіл екендерін еске салды.
– Мұндай жағдайдың қайталанғаны өзекті өртеп отыр. Оқиғадан соң іле-шала марқұмдардың отбасына бардық. Оларға барынша қаржылық және моральдық көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір оқиғаның себебін анықтау үшін тергеу басталды. Иә, біздің алдымызда шахталардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты зор міндет тұр. Мен осында кәсіпорындарымызды жұмыскерлерімізді қауіпсіз ету үшін келген едім. Бұл қауіпсіздіктерді ертерек қамтамасыз ете алмағаным да менің жаныма батады. Алайда командамыз толықтай жұмысқа жұмылдырылған. Біз бұл міндетті де орындаймыз, кәсіпорындарымызды қауіпсіз етеміз, – деді Биджу Наир.
Атқарушы директор Виджай Гоэль алдағы уақытта қайғылы жағдай қайталанбас үшін компанияның шаралар кешенін қабылдайтынын айтты. Бұл күнде Ленин атындағы шахтада жұмыс тоқтап тұр. Шахтада жұмыс істеудің және оған байланысты тәуекелдердің тұжырымдамасы қайта қарастырылатын болады. Осының негізінде атқарылар шаралардың жоспары жасалмақ.
– Жұмысты жақсарту үшін сырттан сарапшылар тартылады. 1 млрд доллар көлеміндегі инвестиция ендігі нәтижесін бере бастады. Бұл қаражат жұмысшыларымыздың қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауға және құрал-жабдықты жаңғыртуға жұмсалады, – деді Виджай Гоэль.
Шетелдіктер Қарағанды шахталарына қожалық еткен жылдары қанша апат болғаны туралы нақты статистика айтылмайды. Бірақ Ленин атындағы шахтада осыдан 16 жыл бұрын 41 адамды алып кеткен қайғылы жайт әлі елдің есінде. Онда техника қауіпсіздігін сақтамаған деп, шахтаның 6 жұмыскері сотталған еді. Бұл жолы кім жазаланбақ?
Ширек ғасыр бойына «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталарында дегазация жүргізбеді деген мәлімдеме, расы керек, жұрттың жүйкесіне ши жүгіртті. Онсыз да ширығып тұрған қоғамның қитығына тиіп кеткен-ді. Былай қарасаңыз, шахтадағы сірескен газды шығармау – қолдан жасалған жарылыспен пара-пар. Бұл қаншалықты шындық? «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов департамент тарапынан газды шығару үшін барлық шараны жүзеге асырғандығына сендірді. Оның айтуынша, гулеген ақпар шындыққа жанаспайды.
– Көмір департаменті дегазация жасау үшін бар жерүсті, жерасты бұрғылаулар әдісін қолданады. Кей жылдары түрлі мақсатта 400 шақырымға дейінгі ұңғымалар бұрғыланды. Былтыр 310 шақырым бұрғыланды. Сондай-ақ метан газын сорып алу үшін неміс өндірушісінің заманауи вакуумдық-сорғы стансаларын қолданамыз. Шахталарда мұндай 26 станса бар. Бұл – ТМД-дағы ең ірі дегазация стансасы. Кейінгі 20 жылда АҚШ, Аустралия, Ресей, Қытай компанияларымен бірлесіп жұмыс істедік. Газсыздандыру тәсілдерінің бәрін шахталарда қолдандық. Атқарылған істің байламы біреу ғана. Ол – біздің сілемдер төмен газдалған деген байлам. Яғни сілемдерді бұзғанда ғана газ шығатындығы. Газсыздандыру жұмысы бір минутқа да тоқтаған емес, – дейді Арман Қалықов.
Биджу Наир кеншілер үшін қауіпті жұмысты жүргізетін заманауи құрал-жабдықтар алуға биыл 40 млн доллар жұмсалғанын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, шахталарда қашықтықтан бұрғылайтын құрылғылар да бар.
– Биыл көмір департаментіне 147 млн доллар бағытталды. Оның 40 млн доллары газсыздандыру құралдарына жұмсалады. Біз алмаз жалатылған арнайы 25 бұрғылау құралына тапсырыс бердік. Оның бесеуін алдық. Құралдарды неміс компаниясы біздің шахталардың ерекшелігін ескере отырып орнатты. Төртеуі жұмысқа кірісті. Оның бірі – Ленин атындағы шахтада, – деді Биджу Наир.
Кісісі өлген үйге дәл қазір ат басындай алтын берсе де, басына түскен қайғысынан құтқара алмасы анық. Дегенмен компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасына ұжымдық шартқа сәйкес 10 жылдық жалақы төлейді. Отбасына пәтер беріліп, балаларының бірінші жоғары оқу орнының ақысы өтеледі. Былтыр дәл осы кезде қаза тапқан 6 кеншіге қатысты аталған міндеттемелер орындалған екен.
Қарағанды облысы