Елордада бекзат өнер жанкүйерлері асыға күткен «Жібек жолы» халықаралық музыкалық өнер фестивалі шымылдық түрді. Театр думаны Мұқан Төлебаевтың аңызға айналған «Біржан – Сара» операсымен ашылды.
Фестивальдің ашылуында мәдениет пен өнер әлемінде танымал тұлғалар болды. Қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтіп, журналистердің көкейіндегі сұрақтарына жауап берді. Мәлім болғандай, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды жоба 6 желтоқсанға дейін созылып, бүкіл әлемнен опера және балет жұлдыздарын жинайды. Көрермендер назарына жаһандық жұлдыздардың қатысуымен опера және балеттік спектакльдерден «музыкалық керуен» ұсынылады. Атап айтсақ, «Жібек жолы» арқылы театрсүйер қауым Италия, Германия, Чехия, Украина, Армения, Ресей, Беларусь және тағы да басқа елдерден келген үздік әртістер өнеріне куә бола алады.
– Опера мен балеттің ауқымды фестивалі еліміздің мәдени өміріндегі оқиға ғана емес, сондай-ақ ұлы өнерді бағалайтын барша жандар үшін нағыз мереке болмақ. Біз шындап дайындалдық, бағдарламаны толық ойластыра келе, театрдың шынайы рухын көрсету үшін танымал, жалындаған музыкамен қатар, ғаламат туындыларды да орындауды жөн көрдік. Сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын да көрсетуге тырыстық. Сондықтан спектакльдерге сахна шеберлері де, жас солистер де жұмылдырылды, – деп атап өтті «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Фестиваль шымылдығын түрген «Біржан – Сара» операсы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Біржан партиясын орындауға Мария театрының солисі, әлемдік опера жұлдызы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның Халық әртісі Ахмед Агади арнайы шақырылды. Тарихқа шегініс жасасақ, 2013 жылы «Астана Операның» алғашқы театр маусымы дәл осы операмен ашылған болатын. 10 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің Халық әртісі Юрий Александровтың қойылымында көрерменімен қауышқан операда да Біржан партиясында Ахмед Агади жарқыраған болатын. Ал бұл күні әйгілі әртіс Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров пен кеңесші режиссер – Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Панджавидзенің редакциясында (2018 жыл) жаңаша бағытта қайта ұсынылған операда да сәтті өнер көрсетіп, өзінің сахналық бабында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ерекше күннің естен кетпес әсері сол – кеш бойы көпшілік Біржан партиясын орындаған үздік тенор Ахмед Агадиден көз алмады. Музыка сыншылары оның техникасы мол, өте көркем әрі қозғалмалы дауыс иесі екенін сан мәрте атап өткен болатын. Әртіс шығармашылығымен жіті таныс көрермен жақсы біледі, әнші көптеген атақты опера сахналарында өнер көрсетеді, Ресей Үлкен театры, Амстердам операсы, Дания Корольдік операсы, Будапешт операсы, Страсбург операсы, Буэнос-Айрестегі Театро Колон спектакльдеріне қатысты және басқа да танымал алаңдарда ән шырқады.
– «Астана Опера» театрының негізі қаланған сәттен бері, міне, 10 жыл өтті. Тарихи сәттің куәсі ғана болып қоймай, оның ашылуына қатысу мен үшін зор мән-маңызға ие. Сол кезде де мен вокалды-драмалық тұрғыда күрделі партия Біржанды орындадым. Бұл кейіпкердің бейнесін сомдау оңай емес, әлбетте. Алайда осынау күрделі рөлмен жұмыс істеу маған өте ұнады және Біржан партиясын орындауға мені тағы шақырады деп күттім. Сезімім алдамапты. Араға 10 жыл салып тағы да «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетіп отырмын. «Біржан – Сара» тамаша қойылымы «Жібек жолы» фестивалін ашқанына өте қуаныштымын, – деген әнші қойылым жайлы құнды ойларын әсерлене әңгімелеп берді:
– Біржан – айрықша рөл, маған оны орындау ұсынылғанда қуана келісіп, оған дайындалуды, жұмыс істеуді, жаңа интонациялар іздеуді бастадым. Өйткені сахнаға шығып, жай ғана ән салып кетуді қалаған жоқпын. Ғаламат хикаяны жан дүниемнен өткізгім келді. Тыңдармандар кейіпкерімнің уайымын бөлісіп, менімен бірге қуанып, мұңайғанын қаладым. Мақсатым – көрермендердің жүрегіне жету, оларды оқиға әсерінен қалыс қалдырмау болды. Бір ай көлемінде концертмейстермен тыңғылықты дайындалып, әсерлі, екпінді үн шығару үшін дауыстағы интонацияларды жетілдірдім. Партия өте ырғақты жазылған, онда жүрек пен ойдың тереңдігі бар. Әртіс үшін ең маңыздысы да осы, деді әнші.
Сондай-ақ Ахмед Агади бұл кейіпкерді ең әуелі өзі әнші болғаны, ән мен сөзін жазғаны үшін ұнататынын да атап өтті.
– Біржанның тұтас шығармашылығы махаббат пен әділдікке арналған. Ол заманда да қазіргі кездегідей әділетсіздіктер болған, байлар қарапайым халыққа күн көрсетпеген. Біржан бұл жайлы өз өлеңдері мен әндері арқылы үнемі тіке айтып отырған. Ол батыл әрі ержүрек адам болған. Ал өздеріңіз білетіндей, шындықты айтқан адамды ешкім жақтырмайды. Операда Қазақстан табиғатына бөлек тақырып арналған. Менің кейіпкерім өз Отанының әсемдігін, оның ғажап орындары – Сарыарқа, Көкшетауды әнге қосқан. Әңгіме орайы келіп тұрғанда айта кетейін, мен де Қазақстанда дүниеге келдім. Бұл елдің табиғаты шынымен де әдемі, ал адамдары ізетті әрі ақжарқын, халқы қонақжай. Сондықтан да қазақ елі жүрегіме ерекше жақын. Мұнда естен кетпес қызықты спектакльдер қойыла берсін, көрермендер оларды жоғары бағаласын. «Жібек жолының» ғұмыры ұзақ болып, бұл фестиваль жайлы бүкіл әлемде айтылсын деп тілеймін, деп әңгімесін түйіндеген әнші сөз соңында «Жібек жолы» фестивалінің ұзағынан болуын, бүкіл әлемнен әртістер жинауын тіледі.
Тамаша туындыда «Астана Опера» Симфониялық оркестрі, хоры, солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсетті. Сараның партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өте әдемі сопрано иесі Айгүл Ниязова жарқырады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев Жанботаның партиясын жарқын орындауымен көпшілікті әсерге бөлесе, вокалды әрі драмалық тұрғыда күрделі партия Аналықтың шексіз аналық махаббатын Гүлжанат Сапақова сәтті жеткізе білді. Қызғаншақ Алтынайдың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай кемеліне келтіре кейіптеді. Сондай-ақ Ержан Саипов (Жиенқұл), Шыңғыс Расылхан (Қожағұл), Рамзат Балакишиев (Серік), Талғат Аллабиринов (Естай) бастаған театрдың таланты шоғыры да өз партияларын талғам биігінде тамаша сомдады.
Үш апта бойы Арқа төрін думанға бөлейтін фестиваль аясында астаналық көрермен әлемнің үздік опера мен балет қойылымдарын тамашалай алады. Атап айтсақ, 15-16 қарашада бағдарламаны Л.Минкустың «Дон Кихот» балеті жалғастырады. Өнер көрсетудің екінші күні Беларусь Үлкен театрының жұлдыздары Дмитрий Уксусников пен Людмила Хитрова қазақстандық көрерменге өз өнерлерін тарту етеді. Дирижер – Руслан Баймурзин.
19 қарашада Дж.Пуччинидің «Турандот» операсы орындалады, дирижер тұғырында – әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев. Калаф партиясында сахнаға Ованнес Айвазян (Армения) шығады. Өнер көрсетудің екінші күні – 20 қарашада Турандотты Оксана Крамарева (Украина-Германия), Лиу – Либуше Санторисова (Чехия) орындайды.
23-24 қарашада көрермендерге әлемнің танымал балеттерінің бірі – П.Чайковскийдің «Аққу көлі» ұсынылады. Бірінші күні шақырылған жұлдыздар – Анна Муромцева (Украина) мен Венгрия опера және балет театрының этуалі Герго Армин Балаши өнер көрсетеді. Дирижер – Джузеппе Акуавива (Италия).
29 қарашада екі бөлімді балет кеші өтеді: Гала-балет пен В.А.Моцарттың музыкасына И.Килианның «Алты би» бір актілі балеті. Бағдарламаға солистер – Андрей Сорокин, Анастасия Мильяченко (Ресей), Дарья Сузимен Хавьер Качейро Алеман (Германия) қатысады. Дирижер – Арман Оразғалиев.
2 желтоқсанда опера өнерінің жауһары – П.Чайковскийдің «Евгений Онегині» ұсынылады, дирижер – Алан Бөрібаев. Ленскийдің партиясын Александр Михнюк (Беларусь) орындаса, Ольганың бейнесін Дарья Горожанко (Украина) сомдайды. 3 желтоқсанда Евгений Онегин партиясында – Константин Бржинский (Ресей), Греминді Барсег Туманян (Армения) орындайды.
6 желтоқсанда «Жібек жолы» фестивалінің салтанатты жабылуы өтеді. Көпшілікке таңғажайып Гала-концерт ұсынылады. Дирижер тұғырында – Джузеппе Акуавива (Италия).