• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қараша, 2022

Тұлға тұғыры

528 рет
көрсетілді

«Тұлғаны тарихи кезең тудырады» деген – рас сөз. Нұрлан Балғымбаев –Тәуелсіздік тудырған тарлан тұлға. Талай рет халықаралық кездесулерде шетелдіктердің оған сүйсіне де тамсана қарағанын көргенде ұлтым үшін қуанатынмын. Бой десең, бой бар. Ой десең, ой бар. Келбеті келіскен оның көзінен жанының сұлулығы да атой салып тұратын. Нәзік сұлулық емес. Сұңғыла сұлулық. Болмыс-бітім тұтас табиғи ақықтықпен көмкерілген оның бойындағы қуатты гармония Жайықтың толқындарындай асқақ көрінетін. Ең бастысы, адамға тән асыл қасиеттері еркіндік пен кеңдіктің символына айналып кеткен дала мен шексіздіктен бастау алып жатқанын жазбай танисың.

Тұла бойынан іріліктің иісі аңқып тұратын. Ірі жүрді. Ірі істермен айналыс­ты. Қолтығы кең жігіт күз сияқты дархан еді. Алтын күздің өзіндей ақеділ болатын. Содан шығар, Нұрлан Балғымбаевтың өзі де, өмірі де жылдың күз мезгіліне бай­ланып қалғандай әсер қалдыратын. Қарашаның 20-сында дүние есігін ашқан. Көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толатын. 1994 жылы қазан айында Мұнай-газ өнер­кәсібінің министрі болды. Артық-кемі жоқ, тура үш жылдан кейін Үкімет басына келіп, 1999 жылы қазанда өз еркімен қыз­метінен кетті. 2015 жылы қазанның 14-і күні көрмеген көшесіне қарай жол тартты.

Ол билік Олимпіне әдемі келді. Әдемі кетті. Бас-аяғы бес жылдың ішінде алмас қылыштай топ-менеджерлік таланты­мен жарқырай көрінді. Маған Нұрлан Өтеп­ұлы өмірді де тез сүріп, мына бес күн жалған тіршілікті де аяқ астынан тас­тап кеткендей көрінеді. Әр нәрсенің өлше­мін жақсы білетін адам ғана қадір-қасие­тінің құнын түсірмейтін секілді. Артын­да өшпес із қалдырып, егеменді елі­нің етек-жеңін жинауда ұланғайыр істер­ге астар бола білген азамат көзінің тірі­сінде ел үшін атқарған жұмысын жа­һан­ға жар салып, жарнамалаған жоқ. Мұ­най әлемі мен билік дәлізіне сырбаз ба­сып, сыпайы есік қағып кірген ол «мені­мен» емес, еңбегімен, іскерлігімен, ұйым­дас­тырушылық қабілетімен дараланды. Осы қасиеті талай биіктерге көтер­гені өз алдына, туған халқының құрметіне бөледі.

Нұрлан Балғымбаев феноменінің сыры неде? Бұл орайда «Адам – өз тағдырының қожасы» деген тұжырым да дүдәмалдау дүние екенін екшей түсесің. Әрине, адам тағдыры – адам дамуы. Айналып келгенде осы формуланың тікелей үш факторға байланысты өрбитінін мойындайсың. Алғашқысы, тегіне тартпай ұл тумас. Екіншіден, тұлғаның қалыптасуына өскен ортасының әсері мол. Үшінші фактор адамның өзін өзі тәрбиелеуіне барып тіреледі. Кейіпкер портретін осы үш фактордың айналасында қарастыру ғана ойға алған істің ең дұрыс шешіміндей көрінеді. Сонымен...

Бірінші фактор. Балғымбаевтар әуле­тіндегі ұрпақтар сабақтастығының логи­калық жолына таң қалмау мүмкін емес. Дәл осы жерде тұлға да текті жерден бой көтеретініне шек келтірмейсің. «Тақыр жерге шөп шықпайды», дегенді қазақ осындайда айтса керек. Бірде Нұрлан Өтепұлының туған інісі Нұрберген аға шаңырағының төріндегі бай кітапханадан «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках» атты антиквар көргенім бар. Көне кітаптағы ресми құжаттардан бұл әулет өз бастауын XVIII ғасырдан алатынын білдім. Бұрындары олардың Қаратау батырдың тікелей ұрпағы екенін алғаш рет Фариза Оңғарсынова апамнан естігенмін. Әлгі кітапта Қаратау бидің әкесі Өмірзақтың аты аталады. 1748 жылы 12 тамызда Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды қастандықпен өлтіргеннен кейін Бопай ханым ұлы Нұралыны хан тағына отырғызуды сұрап төрт айдан кейін патшайым Елизавета Петровнаға өз делегациясын аттандырады. Оның құрамында 20 төре мен 7 қарадан шыққан старшын барған. Соның бірі – Өмірзақ атамыз.

Делегация алдымен Мәскеуге жете­ді. Онда оларды белгілі тарихшы-шығыс­танушы Владимир Вельяминов-Зернов қарсы алады. Ол Никитинский көшесіндегі №14 үйінде алыс жолдан шаршап келген қазақтарды бір апта күтеді. Патшайымның қабылдауына баратындарға сәнді киім тігу үшін аршын-аршын жақсы мата сатып алуға жағдай жасайды. Одан соң делегация Санкт-Петербургке жол тартады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ресей империясының астанасына ат басын тіреген аталарымыз І Елизавета пат­шайымның қабылдауына сол күт­кеннен 1749 жылдың 6 наурызында барып, бір-ақ кіреді. Осындай ұзақ сапар. Осындай қысқа тарих.

Аталмыш кітапта Өмірзақтың баласы Қаратау би туралы да жазылыпты. Көне басылымда 1787 жылдың 23 қазанында ІІ Екатерина патшайымның оған ру старшыны атағын беру туралы грамотасы жарияланған. Жалақысына дейін көрсетілген: ай сайын күміспен 100 рубль және жылына 627 келі ұн. Ұлт тәуелсіздігі үшін күресіп, қазақ елінде демократияның негізін салған Сырым Датұлының оң қолы болған Қаратау Өмірзақұлын халық батыр деп те, би деп те ардақтаған. Тарихи тұлға атанған аталарының дарыны Нұрлан Өтепұлына дарығаны тектіліктің тамыры тереңге кететінін аңғартып-ақ тұр.

Екінші фактор: өскен орта тәрбиесі. Қай жеріне барсаң да, мұнай мұнаралары менмұндалап тұратын Атырау өңірінде ер жігіт мамандық таңдауда қинала қой­майды. Ел экономикасын өрге сүйреген мұнайлы мекен майталмандарының атақ-даңқы талай жастарға туғанынан үлгі болады. Олар бұл өлкеде баяғы «қоғалы көлдер, қом сулар» ішінде жол бастаған, шаршы топта суырылып сөз бастаған, жасақты жорықта жарқылдап қол бастаған қазақтың ерекше жаратылған тұлғаларымен қатар аталады. Сондықтан да сол алдыңғы толқынның тәрбиесін молынан алған Нұрлан Өтепұлы еліміздің көшбасшы мұнайшылар қатарында тұруы заңдылық.

Қазақ мұнайы дегенде көз алдымызға ең алдымен жүзін жел қағып, күн қақтаған, табиғаттың кез келген қатал мінезіне қа­быр­ғасы қайыспай қарсы тұратын шар бо­латтай шыңдалған еңбек адамының бей­несі келе қалатыны бар. Боз інгені боз­да­ған, боз даласы талай құқайды көрсе де тоз­баған киелі өңірдің базары мен ажарын ашқан байлықты игеру сом білекті, от жүректі ата-бабаның кәсіби еңбегінен басталғанын ешқашан ұмытпауымыз ке­рек. Қазақстанның батысында ата кәсіп­ке айналған мамандық иелерінің талай ди­нас­­­тиясы өмірге келді. Солардың ішін­де Бал­­ғым­баевтар әулеті ең алдымен аталады.

Балғымбай Сұлтанмұратов атамыз – әулеттегі тұңғыш мұнайшы. 1911 жылы «Ағайынды Нобельдердің мұнай өндірісі серіктестігі» Қазақстанда ең алғаш көмір­сутегін алуды өндірістік масштабта бастағаны тарихтан белгілі. Балғымбай атамыз осы кәсіпорынның мұнара монтаждау цехында еңбек еткен. Оның ұлдары Қойшығара, Өтеп, Өтәлі, Салтанат, Мақаш – мұнайшы әулетінің екінші буыны. Бесеуі де – Атырау өңірінде кәсіби мұнайшылықтың қыр-сырын меңгерген тарландар. Нұрлан ағамыздың әкесі – осы әулеттен шыққан алғашқы дипломды мұнайшы. Екінші дүниежүзілік соғыста ұшқыш болып, елге аман-есен оралған соң Жылыой ауданын басқарды, Атырау қалалық атқару комитетінің төрағасы қыз­метін атқарды. «Қазақстан мұнай бірлестігі» басқармасы басшыларының бірі болды. Өтеп ағамыздың інісі Мақаш та – мұнайшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. КСРО-ның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы Салтанат Балғымбаев 1977-1981 жылдары Ауғанстандағы кеңестік мамандар тобының жетекшісі және сол елдің табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі болды. Қазір «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты кеніштің бірі осы кісінің атымен аталады. Нұрлан ағамыздан тура екі жас кіші інісі Нұрберген – сексенінші жылдардың ортасында Пәкістанда кеңес­тік мамандар тобын басқарған майталман мұнайшы. Жалпы, Балғымбаевтар әулетінің мұнай өндірісіндегі ортақ еңбек өтілі мың жылдан асып кеткелі қаш-шан?! 111 жыл ішінде Балғымбай атамыздың 5 ұлы, 25 немересі және 50-ден астам шө­бересі Қазақстанның қара алтынын өнді­румен айналысқаны Гиннестің рекордтар кітабынан орын алуға әбден лайық.

Үшінші фактор адамның өзін өзі тәр­биелеуінен туатынын жоғарыда айтып кеттік. Адам өзін өзі не үшін тәрбиелейді? Батыл және еркін өмір сүру үшін. Бәсекеге қабілетті болу үшін. Индивидуалистік қасиеттерді бойына молынан сіңіру үшін. Осының бәрі адамның тәуелсіз қырын шыңдайды. Біреулер айтуы мүмкін: бұл оның басқаларды мойындамауына алып келеді. Тіпті де олай емес. Мұның бәрі – бір-біріне матасып жатқан органикалық құбылыс.

Адам өз басының ықтималды тәуел­сіздігіне жету үшін үш нәрсе керек: білім, еңбек және сабырлық. Осы үш қасиет адамның өздігінен оқуымен, өзін өзі басқарып үйренуімен және өзін өзі тәрбиелеуімен келетінін ескерсек, онда білімді, еңбекқор және сабырлы адамның басқаларды да құрметтей білетініне дау жоқ. Мұны Нұрлан Өтепұлының өмірі де жоққа шығармайды. Көркем әдебиет пен өнерге де өте жақын болғанына бала кезінен жинаған бай кітапханасы мен танымал суретшілердің картиналарынан тұратын керемет коллекциясы куә бола алады. Ол әлемдік классикадан барынша сусындаған үлкен әріптен басталатын оқырман екенін жақсы білемін. Бейнелеу өнерінің ең озық үлгілерінің энергетикасынан қуат алғаны да үнемі сезіліп тұратын. Ағайын-туысқа бауырмалдығы, достыққа беріктігі, айналасындағы адам­дарға шуағын төгуге асығып тұратын мейі­рімділігі, өмірдің барлық сәтіндегі табиғи ұстамдылығы және тағы басқа толып жатқан қастерлеуге тұратын адами асыл қасиеттері сол әлемдік өркениеттің мәуелі бәйтерегінен тарайтын тамырды тап басқандығының жемісі дер едім.

Нұрлан Балғымбаев үйлесімдік формуласымен өмір сүргенін байқау қиын емес. Ол адамның бойындағы барлық қасиет басқаларды қуанышқа бөлеу керектігіне үлкен мән беретінін талай байқадым. Жастайынан бокс спортымен айналысып, студент шағында Ресейдің Чешен-Ингуш АССР-інің чемпионы болғаны да сөзімізді дәлелдей түседі. Ол өзі ұнататын нәрсенің бәрінде де нәти­жеге жетуге тырысатын. Нұрлан аға 1999-2000 жылдары Қазақстан бокс фе­де­рациясының президенті ретінде был­­­ғары қолғап шеберлерінің Сидней олим­­пиадасына тыңғылықты дайын­да­луына толық жағдай жасады. 2000 жылы маусымда Алматы қаласында өткен Дүние­жүзілік әуесқой бокс қауымдастығы Атқару комитетінің Сиднейдегі XXVII Олимпия ойындарына қызмет көрсе­тетін AIBA төрешілерінің семинарында Нұрлан Балғымбаевтың айтқан тарихи сөзі әлі есімде: «Бүгін Қазақстанда бас қосып отырған төрешілерге бір ғана өтінішім бар. Сіздерден біздің былғары қолғап шеберлеріне жақтасыңыздар деп сұрамаймын. Бұл – менің өмірлік ережемде жоқ нәрсе. Бар болғаны, олардың ойынын өте әділ бағалауларыңызды өтінемін!». Осы жалғыз ауыз сөзден күш-жігер алған біздің оғландар Олимпиада­дан екі алтын, екі күміс медальмен оралды. Көшелі кісінің аталы сөзінен қуат алуға болатынын біздің сайыпқырандар дәлелдеудей-ақ дәлелдеді.

Сөз жоқ, тәуелсіз Қазақстан мемлеке­тінің тарихында ерекше аталатын ірі қайраткердің бірі Нұрлан Балғымбаев премьер-министр лауазымына дейін талай соқпақты сүрлеуден өткені – басы ашық ақиқат. Әр тұлғаның өз биігіне барар жолда қалыптасу кезеңі болады. Ауыр еңбектің отын көсеген ол өзінің кәсіби жолында түрлі сатылардан өтті: бұрғылау бригадасында жөндеуші, токарьдың көмекшісі, күрделі және жерасты ұңғымаларын жөндеу шебері, одан кейін Жайық-Еділ сағасында басшы қызметтерде жұмыс істеді. «Ақтөбемұнай» бірлестігінде инженерлік қызметті басқарды. Жас кезінде аптап ыстық пен қақаған аязды күндерде жарылған құбырларды іздеп тауып, жөндеп іске қосу, мұнайдың сыртқа төгілмеуін қамтамасыз ету, қарамайды су мен тұздан, парафин мен топырақтан қыздыру арқылы айырып алу сияқты толып жатқан жұмыс процестерін атқарып жүріп, шеберліктің шыңына жетті.

1986 жылдан 1992 жылға дейінгі кезең­де КСРО Мұнай өнеркәсібі министр­лігі Мұнай және газ өндіру басқармасы бастығының Қазақстан мен Орталық Азия бойынша орынбасары қызметін абыроймен атқарған Нұрлан Өтепұлы – одақтық ведомствода жұмыс істеген үшінші қазақ. Оған дейін мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде М.Есенов, алпысыншы жылдары Қ.Жоламанов жұмыс істеген еді. Тоқсаныншы жылдардың басында Нұрлан Өтепұлына кеңестік-вьетнам­дық «Вьетсовпетро» біріккен компания­сын басқару жөнінде ұсыныс жасалды. Алайда ол одан бас тартып, Бостондағы Массачусетс университетіне біліктілігін арттыруға аттанды. Атағы жер жарған «Шеврон» компаниясында білім алып, жұмыс істеді. Еліміз тәуелсіздік алған тұста Қазақстанға оралып, отандық мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге бел шеше кірісті. Дәлелденген мұнай қоры мол Теңіз кенішін игеруге жетекшілік етіп, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құруға атсалысты.

Мұнай және газ министрлігі мен «Қазақ­­ойл» ұлттық компаниясын басқа­рып, ел экономикасының жетекші буынына айналған саланы қарқынды өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Отандық мұнай-газ кешенінде іске асырылған халықара­лық жобалардың бәрінің басы-қасында жүрді. Қазақ қарамайының астанасы атанып кеткен Атырау мұнайшыларының әлеуметтік мәселелерін оңалтумен қатар ол экологиялық ахуалы нашарлаған жер­дегі мұнайшылар отбасын жаңа аумақ­­қа көшіруге де көп күш жұмсады. Со­ның нәтижесінде Ескене, Байшонас, Сары­қамыс секілді елді мекендердің тұр­ғын­дары Атырау қаласына көшіріліп, Қаратондағылар Құлсарыға қоныс аудар­ды. Мұнайлы үш облыста көптеген әлеу­­меттік-спорттық нысандардың бой көтеруі және вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар қауымына үйден тыс жерде де барлық тұрмыстық жағдай жасалуы – сол жылдардың үлкен жемісі. Ол қай лауазымда жүрсе де ұлттық жұ­мысшы табының мүддесін алғашқы орын­ға қоятын. Шетелдік компаниялар­мен қоян-қолтық жұмыс барысында да Нұрлан Балғымбаевтың осы қасиеті айрықша сезіліп тұратын. Дәл осыны қапысыз та­ныған шетелдік алпауыт компания бас­шы­лары онымен қашанда санасып отыратынына сан мәрте куә болдым.

Шетелдік алпауыт демекші, Нұрлан Өтепұлының тағы бір қасиеті, ол сырттан келген инвесторлардың қас-қабағына қарап, солардың жетегінде кеткен жері жоқ. Керісінше, ел мүддесін алға тарта отырып, мәміле құрудың басқа тәсілдерін алғаш рет енгізді. Кәсіпорынның қары­зын жою, жалақыны уақтылы төлеу, салық­тар мен төлемдер жөніндегі қарыздарды өтеп, кейіннен олардың дер кезінде аударылуын қамтамасыз ету және тағы басқа то­лып жатқан белгілі міндеттемелермен қоса Нұрлан Өтепұлы енді оларды Қазақстан Үкіметінің әртүрлі экономикалық-әлеу­мет­тік бағдарламаларын жүзеге асыруға қоян-қолтық араласуға да міндеттеді.

Нұрлан Балғымбаев Қазақстандағы мұнай-газ кешенін дамыту бағдарламасын жасап, оның басты бағыттарын анықтап бергенімен де есте қалды. Өнімділігі азая бастаған Өзен кен орнын Дүниежүзілік даму банкінің көмегімен сауықтыру, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаң­ғырту, «Батыс Қазақстан – Батыс Қытай» мұнай құбырының құрылысын бастау, Құмкөл кен орнын кеңейту, Қызылордаға дейін газ құбырын жүргізу, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында жаңа құрыл­ғы орнату, Жаңажол газ өңдеу зауытын кеңейту және тағы басқа ірі жоба­ларды жүзеге асыру жолында ол бар күш-жігерін жұмсады. Оның бастамасымен осыдан 28 жыл бұрын Үкімет қазақстандық ком­панияларға өндірген мұнайының 30 па­йызын өздігінен сату құқығын беру туралы қаулы қабылдағанын мұнайшылар әлі күнге дейін айтып жүр.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының үшінші Премьер-министрі болып тарихта қалған Нұрлан Балғымбаев Үкіметті Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы жан алқымнан қысып, мұнайдың баррелі 9 долларға дейін түсіп кеткен өте қиын кезде басқарды. Осындай қиын-қыс­тау уақытта да көзбояушылықпен айна­лыспаған бірден-бір басшы бола білген ол ел бюджетін қалыптастыруда қаржы тапшылығын шешу үшін көптеген басы артық шаруаларды жинастырып қойып, әрбір теңгені үнемдеді. Тіпті дербес зейнеткер мәртебесін жоюға да барды. Бұл үшін де қазақтың талай беделді адамдарына жаманатты болды. Бірақ ол осындай халық қабылдай қоюы өте қиын шешімдер шығаруға жасқанбайтынымен есте қалды. Экономика мәселелерін шешуде халықты алдаусырату қадамдардан гөрі батыл іс-қимылдың тиімділігі жоғары болатынын ол ешқашан есінен шығарған жоқ. Қашанда іс мүддесін бәрінен жоғары қой­ды. Нарықтық қатынастарға өтудің алма­ғайып кезінен толық және түпкілікті өтпей жатып әлемдік дағдарысқа тап бол­са да Нұрлан Балғымбаевтың Үкіметі екі жыл ішінде сыр бермегені өз алдына, мем­лекеттің болашақта даму жолына түсуінің барлық алғышарттарын жасай білді.

1998-1999 жылдары Нұрлан Өтепұлы­ның спичрайтері болғанымды мақтан тұтамын. Ол қазақ тығыз орналасқан об­лыс­тарға іссапарға барар алдында сөзін дайындау үшін кабинетіне шақырып алатын. Спичтің тезисін өзі айтып беретініне риза болатынмын. Мұнай-газ саласын бүге-шігесіне дейін зерттегеніне баяғыдан күмәнім жоқ. Ал экономиканың басқа секторларын да бес саусағындай білетіні таңдандырмай қоймайтын. Қашанда тазалық пен әділеттік үшін шырылдап жүретін. Сондықтан да ол қазақ қоға­мын­да адалдықтың критерийіндей көрінді. Оның есімі Қазақстанмен іскерлік және экономикалық байланыс орнатқан жақын және алыс шетелдің барлығына таныс. Ол өзінің қайсар мінезімен де танымал болды. Қандай қиын жағдайда да сөзінде тұратын азамат екенін өмір бойы дәлел­деп өтті. Нұрлан ағаның екі сөйлегенін көр­ген емеспін. Істің мүддесі үшін еш­кімнің көңіліне қарамайтын. Жалған мәдениет­ті адам болып көрінуден бойын аулақ ұстады. Шаруаға ерекше жаны ауыратын. Үкіметтің мәжілісінде кейбір министрлерге күйіп кеткенде «Халықтың бетіне ертең қалай қараймыз?» деген сөзді жиі айтатын.

Егемен Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуына оның қосқан үлесі мен бола­шағымызды бекемдеу жолында атқарған еңбегі өлшеусіз екені қазір дау тудырмайды. Мемлекеттік басқару ісінде жеткен белестері болсын, өндірістегі өрелі істері болсын, әлеуметтік мәселелерді шешудегі жанқиярлығы болсын, соның бәрін ол ұлтының тамырынан ажырамай жүріп бағындырғаны – бүгінгі күні біз үшін басы бүтін ақиқат. Өмір бойы қазақы қалпынан айнымай өткен халықшыл қай­раткерді алабөтен қадір тұтатының да сондықтан. Өзінің ұлты үшін жүрегін суы­рып беруге дайын екенін талай танытқан ол бізге ең алдымен осы қасиетімен ерекше құнды. Сондықтан да оның тұлғалық жолын, елге сіңірген ұланғайыр еңбегін айту – парыз.

Айтары жоқ, аса көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты мұнайшы Нұрлан Балғымбаевтың жүріп өткен жолы – бар­шаға үлгі. Әсіресе, елдің ертеңі жолында еңбек ететін жас ұрпаққа. Ұлтжанды, елін шексіз сүйетін азаматтың өмірдегі барлық жетістіктері қашанда туған елге сүйіспеншілік табантірегінің тартылыс күшіне жинақталып жатады. Бір анық: құмы бұрқыраған ауылдан шыққан талантты адамның қиялына қанат байлайтын, шарықтатып шырқау көкке көтеретін – қасиетті туған жері, өскен ортасының гравитациялық күші.

Ықылым заманнан төрт құбыласы тұйықталмаған, көсіле шапқан тұлпарға, желдей ескен сұңқарға жеткізбес, кең­дік өлшемінің белгісіндей Атырау атыра­бының төңкерілген көгілдір күмбездей аспан әлемі сол сайын даланың сағым ойна­­ған белдерінен басталып кететінін жас кезінен жадында сақтаудан жалық­паған оның бойындағы барлық адами қасиеттері мен жоғары биліктегі ізденіс­терінің бәрі туған жерден басталып, туған жерге қайтып оралатынымен қастерлі екенін Нұрлан аға жүрегімен сезінді.

Ажал сағатының жақындап қалғанын біліп жүрсе де, әр күнін мәнге толтырып, қасқайып өмір сүрген ол пенделіктен биік тұрды. Өмірінің соңғы жылдары өскен ортасына қайтып оралған Нұрлан Өтепұлы кіндік қаны тамған топырағында мәңгілікке қалуды өсиет етіп кеткені де бізді ойландырмай қоймайды. Туған жерге деген адалдық осындай-ақ болар. Өмірін мәнді өткізген жанның мәңгі өмірі енді басталатындай. Өйткені туған халқының жарқын болашағы үшін саналы өмірін сарп еткен қайраткер тұлғаның есімін қазақ елі ешқашан ұмытпайды.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ