Мәжілісте «Балық шаруашылығын дамыту туралы» Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында осы салаға жауапты сала басшылары баяндама жасап, депутаттар жан-жақты талқылау жүргізді. Балық шаруашылығын дамыту жөнінде ұсыныстар да жасалды.
Палата Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева Үкіметтің жүргізіп жатқан жұмысына қарамастан, балық шаруашылығы кенже қалып отырғанын атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесін көтергенін еске салды.
«Президент тапсырмасына сәйкес саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Сонымен бірге балық шаруашылығын қарқынды дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан бірегей табиғатына сәйкес балық ресурстарына бай. Құрамында үш мыңға жуық көл кіретін балық шаруашылығы қоры бар. Сонымен қатар ұлттық экспорттық стратегияда да балық пен балық өнімдерін экспорттаудың үлкен мүмкіндіктері қарастырылған», деді Б.Кесебаева.
Балық шаруашылығын дамыту туралы баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
«Былтыр 15 мың тоннаға жуық балық өсірілді. Бұл 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары. Сонымен бірге Қазақстанға шамамен 41 мың тонна мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді. 25 мың тоннаға жуық балық және балық өнімдері экспортталады. Оның негізгі үлесі терең өңделген өнімге тиесілі. Бұл ретте отандық балық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті. Негізгі міндет – балықтың ішкі тұтынуын арттыру, сондай-ақ теңізде балық аулауды игеру және тауарлық балық өсіру шаруашылығын дамыту есебінен экспорттық әлеуетті одан әрі ұлғайту және біртіндеп импортты алмастыру», деді С.Брекешев.
Министр сөзіне сүйенсек, Қазақстан балықты аз тұтынады. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 килограмм балық өнімдерін пайдалануды ұсынады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 килодан аз.
«Қазіргі таңда елде мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істейді. Оларға 1 646 балық шаруашылығының су айдыны мен учаскесі бекітіліп берілген. Өткен жылы шамамен 45 мың тонна балық ауланды. Бұл салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық аулау негізінен Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі», деді ведомство басшысы.
Осы орайда, министрлік балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтаумен де шұғылданатынын атап өткен жөн. Әсіресе, браконьерлікпен күрес маңызға ие. Оған қарсы күресті күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылданбақ. Балық инспекцияларын заманауи материалдық-техникалық құралдармен толық жарақтандыру көзделіп отыр. Сондай-ақ табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылының тиімділігі арттырылмақ.
Биыл елімізде заңсыз балық аулаған 4,5 мың оқиға тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 61 млн теңгеден асады. Құқық бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту артқан.
«Балықтың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Мәселен, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жыл сайын «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіледі. Қалған өңірлерде «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» акциялары бар.
Биоәртүрлілікті сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі – Каспий итбалықтарының популяциясын қалпына келтіру. Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Мемлекет басшысының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес біз ғылыми негіздеме әзірлеуді бастадық. Нәтижеге келесі жылдың қаңтарында қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Содан кейін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кірісеміз», деді С.Брекешев.
Сондай-ақ табиғи су айдындарының балық ресурстарын сақтау және молайту бойынша шаралар қабылданады. Мәселен, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын құнды балық шабақтарының жасанды өсімін молайтуды қамтамасыз етіп отыр. Министрдің айтуынша, олардың өндірістік базасы тозған, жаңғырту жүргізу қажет. Атырау облысына барған сапарында Президент бұл мәселеге назар аударған еді.
«Атырау облысында 2018-2020 жылдары Жайық және Қиғаш өзендерінің сулылығын арттыру және гидрологиялық режімін жақсарту бойынша жобалар жүзеге асырылды. Каналдардың жалпы ұзындығы 194 шақырымды құрады. Биыл республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.
Президенттің берген тапсырмасына сәйкес келесі жылы кеме қатынайтын су жолдарында тереңдету жұмыстары басталатынын атап өту маңызды. Бұл балықтардың уылдырық шашатын жерлерге өтуіне қолайлы жағдай жасайды, сондай-ақ балық аулау кемелерінің Каспий теңізіне кедергісіз шығуына мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы.
Бұдан басқа, балық өнімдерін шығаруға да назар аударылып отыр. Министрдің айтуынша, былтыр өңдеуге 35 мың тонна шикі балық жіберілді, нәтижесінде 29 мың тонна балық өнімдері алынған.
«Қазіргі уақытта, 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай. Олар балық өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттау құқығын алды. Бұл ретте қосымша тағы 14 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді. Сондай-ақ экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринарлық сертификат келісілді, ал Қытай тізіліміне 64 қазақстандық кәсіпорын енгізілді.
Бұдан басқа, «Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының шеңберінде балық өңдеумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығын 70 пайызға төмендету көзделеді. Заң жобасы Парламент Сенатының қарауында. Сондай-ақ отандық шикізаттан алынған терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды енгізуді жоспарлап отырмыз. Тиісті заң жобасы Үкіметке жіберілді. Көлеңкелі айналымды азайту үшін балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр», деді С.Брекешев.
Осы орайда салаға жауапты министр біріншіден, браконьерлікті төмендету мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің әзірленіп жатқан жобасы шеңберінде жауапкершілікті күшейтудің қажет екенін жеткізді. Айыппұл 50 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, 1 жыл ішінде қайта заң бұзғанды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылмақ.
«Екінші, балық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын толтыру үшін балықты салқындатылған және мұздатылған түрде экспорттауға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр. Үшінші, балық аулау флотының кемелері мұнай танкерлері мен құрғақ жүктердің тарифтеріне бірдей (портқа бір кіру үшін шамамен 500 мың теңге). Егер килька өнімдерінің төмен бағасын ескерсек, бұл қымбат. Сондықтан Каспийдің теңіз балық түрлерін игеру үшін заңнамалық деңгейде теңіз флотын жеңілдікпен кредиттеу немесе лизинг жолымен сатып алу мәселесін шешу қажет. Сондай-ақ порт қызметтеріне тарифтерді төмендету мәселесін пысықтау керек. Төртінші, инспекцияларды толығымен жарақтандыру үшін алдағы 3 жылға қосымша 8 млрд теңге қажет. Бұл бұзушыға алғашқы деректерді жедел, сапалы толтыруға және браконьерлікке қарсы күрестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деді С.Брекешев.
Бұдан бөлек, министр балық өсіру мәселесін де қозғады. Қазақстанда кейінгі 5 жылда өсірілген балық көлемі 2,7 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін ұлғайған. Балық өсірумен 380 шаруашылық айналысады, онда 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру, ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланған.
Бұдан басқа, арнайы экономикалық аймақтардың аумағында салықтық жеңілдіктер мен преференциялар берілетін жер учаскелері беріледі. Соның арқасында жалпы инвестиция көлемі шамамен 150 млрд теңгені құрайтын 47 жоба іске асырылады. Олар жылына 74 мың тоннадан астам балық өсіруге, 125 мың тонна балық жемін өндіруге және 1 мың тоннаға жуық асшаяндарды өңдеуге, сондай-ақ 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Балық өсіру шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып отырған шаралармен қатар, шешуді талап ететін бірқатар мәселе бар. Су пайдалану лимиттерін бөлу кезінде балық шаруашылығының үлесі басым емес. Сондай-ақ жерасты суларынан арнайы су пайдалану кезінде акваөсіру үшін рұқсат алу тәртібі күрделі. 2025 жылдан бастап балық өсіру көлемінің едәуір ұлғаюымен ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Бекіре және албырт балық түрлерін өсіруге арналған балық азығы мен шабақтарын сатып алу импортқа тәуелді. Ғылыми сүйемелдеу әлсіз және білікті кадрлар жетіспейді. Балық тұтыну деңгейінің төмен болуына байланысты 2025 жылдан бастап балық өнімдерін өткізу қиындайды. Акваөсіру саласындағы құқықтық қатынастар дұрыс реттелмеген», деді С.Брекешев.
Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин қосымша баяндамасында бірқатар мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, шикізаттың жоқтығынан балық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаты толық пайдаланылмай отыр.
«2021 жылы республикадан 23,8 мың тонна балық экспортталды, оның 21,5 мың тоннасы бүтін өнім (тірі, мұздатылған, салқындатылған), бұл өсірілген немесе ауланған балықтың 90 пайызын құрайды. Дайын өнім экспортын ұлғайту үшін шикізат экспортын қысқарту қажет деп есептейміз. Бұл бюджетке қосымша кірістер әкеліп, жұмыс орындарын ашу үшін балық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын жүктеуге мүмкіндік береді», деді депутат.
А.Милютин балық шаруашылығының басқа да мәселелерін атап, оларды шешу жолдарын айтты. Сонымен қатар Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мәжілісмендер айтылған сауалдар мен ұсыныстар негізінде тиісті министрлікке балық өнімдерін субсидиялауды пысықтау, қаржыландыру және стратегиялық жоспарларға тиісті түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстарын берді.