• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Қараша, 2022

ІРО: Акцияны қалай аламыз?

261 рет
көрсетілді

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акцияларының бір бөлігін ІРО-ға шығарғаны мәлім. Оны кез келген қазақстандық сатып ала алады. Алайда қоғамда «ІРО-ны сатып алу жолдары нақты көрсетілмеген» деп дабыл қағып жатқандар да жоқ емес. Сондықтан осы мәселеге тоқталып өткенді жөн көрдік.

Ұлттық компанияның акция­ларын сатып алуға өтінім беру 9 қарашада басталды. Өтінім беру жеке инвесторлар үшін 2 желтоқсанға дейін, ал институционалды инвесторлар үшін 30 қарашаға дейін жалғасады.

Бұл жердегі жеке инвестор дегеніміз – еліміздің кез келген тұрғыны. Яғни 18 жастан асқан ел азаматтарының бәрі ІРО-ға қатыса алады. Демек, бұқара халықтың 2 желтоқсанға дейін өтінім беруге мүмкіндігі бар.

Ал өтінім беру үшін «Қазпош­таның» бөлімшелеріне бару керек. Республика бойынша ұлттық пошта операторының 1 мың бөлімшесі өтінімдерді қабылдауға әзір. Айтпақшы, ІРО-ға қатысты өтінім қабылдайтын бөлімшелердің тізімі «Қазпош­таның» ресми сайтының (post.kz) «Инвестициялар» деген бөлімінде нақты көрсетілген. Сол жерге өтіп, танысуға болады. Бұл ІРО-ны сатып алуға өтінім берудің бірінші жолы.

Екінші жол сәл жеңілдеу. Өйткені ешқайда барудың қажеті жоқ. Телефоныңызға Tabysapp қосымшасын жүктеп алып, сауданы әрі қарай жалғас­тыра бересіз.

Айтпақшы, берілген өтінімді 2 желтоқсанға дейін өзгертуге немесе одан бас тартуға болады.

Өтінімдер қабылданып болған соң, «ҚазМұнайГаз» өті­нім­дерді мақұлдау туралы шешім қабылдайды. Егер ешқан­дай кедергі туындамаса, акция шамамен 7 желтоқсанға қарай шотыңызға түседі.

ІРО-ға қатысты сұрақтарға жауап беру үшін жедел желі (8 (800) 004 03 15) жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.

Еске сала кетейік, «ҚазМұ­найГазға» 551 698 745 ак­ция тие­сілі. Ұлттық компания осы­ның 30 505 974-сін ІРО арқы­лы сат­пақ. Бұл акциялардың жал­пы саны­ның шамамен 5 пайызына тең.

ІРО-ға шығарылған 1 акция­ның бағасы – 8 406 теңге.

IPO (Initial Public Offering) дегеніміз – компания акция­лары­ның қор биржасына шыға­рылуы. Яғни компания инвесторлардың ақшасына айырбастау үшін өзіне тиесілі акциялардың бір бөлігін сатылымға шығарады. Осылайша, компания акцияларын сатып қосымша қаржы тартады. Ал акция сатып алған инвесторлар компанияның миноритарлық акционеріне айналады және одан табыс табуға мүмкіндік бар.

Акциядан табыс табудың екі жолы бар. Біріншіден, ІРО кезінде компания акцияларын сатып алу арзанға түседі. Әйтпесе, биржада сатылатын акция бағасы әлдеқайда қымбат. Екіншіден, акцияны сатпай, дивиденд төлейтін уақытты күту керек. Дивиденд дегеніміз – компания акционерлеріне түсетін табыстың бір бөлігі.

«ҚазМұнайГаз» еліміздегі қаржылық жағдайы тұрақты ірі компания саналады. Сондықтан ол акционерлеріне табыс әкелуі әбден мүмкін. Мәселен, 2021 жылы ұлттық компания өз ак­цио­нерлеріне 49,9 млрд теңге көл­е­мінде дивиденд төледі. Жал­пы, былтыр компанияның таза табысы 1 197 млрд теңгені құрады.

– «ҚазМұнайГаздың» ІРО-сы та­бысты болады деген сенім­демін. Өйткені, компания ұлт­тық мәртебеге ие әрі «Самұрық-Қазынаға» қарасты маңызды компаниялардың бірі. Оның үстіне танымал компания. Осының бәрі белгілі бір деңгей­де оң нәтиже береді. Деген­мен компанияның кірісті­лігі мұнай бағасына бағынышты. Сон­дықтан осы жағын ескеру керек. Мұнайдың бір барре­лі 40 долларға сатылса да, компа­нияның табысы ортаймайды. Сондықтан халықтың жақсы табыс табатын мүмкіндігі туып тұр. Ал «ҚазМұнайГаздың» ІРО-ға шығуы компания жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде ұлттық компа­нияның басқару сапасын жақсартады, – дейді Freedom Finance Global компаниясының сарапшысы Данияр Оразбаев.