Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Балапан» телеарнасының «Сиқырлы тас», «Әл-Фараби» мультисериалдары бойынша жергілікті «ASU» баспа үйі» шығарған бояу кітапшалар балаларға жол тартты.
Бұл кітапшалар осы салада ширек ғасырдан аса қызмет көрсетіп келе жатқан «ASU» баспа үйі» ЖШС мен «Балапан» телеарнасының арасында жасалған келісім шарт негізінде жарық көріп отыр.
«Қызылорда қаламгерлер қауымдастығы» ұйымдастырған тұсаукесерде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшаларын шығару баспа тарапынан балалар жылы аясында бүлдіршіндерге жасалған үлкен сый болғанын атап өтті. Облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев балалардың ой көкжиегін кеңейтіп, қиялын ұштайтын суретті кітапшалардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі орнының ерекше еткендігін жеткізді.
«ASU» баспа үйі» ЖШС директоры Қасымхан Қадырбаевтың айтуынша «Балапан» телеарнасы 10 шақты мультисериал ұсынған екен. Оның ішінде қазақ тіліне аударылған дүниелер де болыпты. Қазақ анимациясына қолдау білдіруді көздеген баспа «Балапан» студиясының тапсырысымен түсірілген осы екеуін таңдап алған.
Әуелгіде 3D форматында «Дала ойындары» деген атаумен эфирге шыққан мультисериал кейінгі маусымда «Сиқырлы тас» болып өзгерді. Бірақ кейіпкерлері, желісі сақталып қалған туындыдағы бейнелер балаларға әбден таныс. Ал оның бояу кітапшасы алты жасқа дейінгі балаларға арналып шығарылды.
Одан үлкен балалар үшін 2D форматында түсірілген тарихи танымдық «Әл-Фараби» мультисериалы таңдалды. Мұнда әлемдегі екінші ойшыл саналған ғұламаның қанатты сөздерінің ішінен оқу-білімге, ғылымды сүюге шақырған ойлары ықшамдап енгізіліп отыр. Кітапшалардың әр бетіндегі QR код арқылы кез келген мультисериалды көруге болады.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушысы Айнұр Қарамұрзаева балаларға базарлық жасаған баспа ұжымына алғысын жеткізді.
Жобаның көркемдік жетекшісі жергілікті суретші, дизайнер Қуаныш Оразбаев суреттерді графикалық планшет арқылы салыпты. Ал техникалық редакторы кәсіби маман Бақытжан Салмырза.
ҚЫЗЫЛОРДА