• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Қараша, 2022

Жас спортшылар жетістігі

289 рет
көрсетілді

Алматыда үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өткен «Мықтылар турнирі» өз мәресіне жетті. Республикамыздың бірқатар өңірінен жиналған жеткіншектердің жарысын жанкүйерлер қызыға тамашалады. Себебі қазіргі кезде спорттың осы түрін серік еткен теннисшілеріміз халықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізіп жүр. Ал бүгін ADD орталығында өнер көрсеткен жеткіншектер ертеңгі күні ұлттық құрама сапындағы спортшыларды алмастыратыны анық.

Қазақстанның бүгінгі таңдағы ең үздік үстел теннисшісі Кирилл Герасименко екенін жұрт жақсы біледі. 25 жастағы жерлесіміз 2016 жылы Рио-де-Жанейро және 2021 жылы Токио Олимпиадаларына қатысты. Кезінде Герасименко «World Tour Hungarian Open», «ITTF Challenge Spanish Open» және «2021 ITTF Kazakhstan International Open» турнирлерін ұтып, басқа да көптеген дүбірлі додада жүлдегерлер санатына қосылды. Бірер жылдан бері ол Аустрия мен Германияның ең үздік клубтары сапында өнер көрсетіп жүр. Қазіргі кезде Кирилл әлемдік рейтингте 31-орынды иеленуде. Бұл – бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған «бауырлас» республикалар өкілдері арасындағы ең үздік көрсеткіш. Өзгелерді айтпағанда, мүйіздері қарағайдай Ресей мен Украина секілді мемлекеттердің теннисшілері осы деңгейге жете алған жоқ.

Қазақстанның өзге ойыншылары мынадай сатыларға жайғасты: Айдос Кенжеғұлов – 300, Алан Құрманғалиев – 324, Владислав Захаров – 403, Эрик Райтер – 446, Дастан Кенжеғұлов – 459, Бақдәулет Әкімәлі – 477 және Сағынтай Құрманбаев – 478.

Көшбасшылар жайында айтар болсақ, әлемдік рейтингтегі алғашқы үш орынды Қытайдың спортшылары олжалап отыр. Олар – Фан Чженьдон, Ма Лон және Ван Чуцин. Алғашқы екі орынды еншілеген саңлақтардың Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары деген атақтары бар. Ал Ван Чуцин – үздіктер санатына кейіннен ғана қосылған дарынды жас. Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарында Томаказу Харимото (Жапония), Трулс Морегард (Швеция), Лян Цзинкунь (Қытай), Уго Кальдерано (Бразилия), Линь Юньжу (Тайпей), Дмитрий Овчаров (Германия) және Дарко Йоргич (Словения) бар.

Әйелдер арасында да азиялықтар алда­рына жан салар емес. Әлемдік рейтингтегі озық 10 ойыншының тоғызы солар. Әсіресе Қытай құрамасының қарқыны өте күшті. Алғашқы төрт орынды Қытай елінің арулары иеленіп отыр. Олар – Сунь Инша, Чэнь Мэн, Ван Манью және Ван Иди. Бесінші және алтыншы орындарды жапониялық Мима Ита мен Хина Хаята еншілеуде. Одан кейінгі сатыларға Чэнь Синтун (Қытай), Касуми Ишикава (Жапония), Ду Хой Кем (Гонконг) және Хан Инь (Германия) тұрақтаған. Қазақ қыздары арасынан Зәуреш Ақашева ең үздік көрсеткішке ие. Ол ITTF тізімінде 139-орында тұр. Өзге жерлестеріміз мынадай сатыларға табан тіреді: Сарвиноз Мыр­қадырова – 213, Анастасия Лаврова – 214, Айя Әлім­баева – 275, Ангелина Романовская – 310, Әнел Бақыт – 336, Жанерке Көшкімбаева – 471, Алек­сандра Смирнова – 472 және Арай Әшкеева – 475.

Алматыда өткен жарыста да елімізде аса дарынды жас өрендердің қалың шоғыры өсіп келе жатқанын анық аңғардық. Расында да, олардың өрелі өнерін көре отырып, көңіліміз толды. Мәселен, 15 жасқа дейінгі ойыншылар ара­сында топ жарған шымкенттік Нұрислам Қасым 15 кездесудің барлығында жеңіске жетті. Нәтижесінде ол бас жүлдені олжаласа, өске­мен­дік Арнұр Оралханов күміспен күптелді. Қола медаль қостанайлық Темірлан Балташқа бұйыр­ды.

Қыздар сайысында Елизавета Лаврова алдына жан салмады. Астаналық спортшы 15 кездесудің 14-інде жеңіс тойын тойлады. Екінші және үшінші орындарды шымкенттік Ақниет Аманкелді мен тараздық Шұғыла Мұқаш иеленді.

18 жасқа дейінгілер арасында танымал үстел теннисшісі Кирилл Герасименконың інісі – Тимофейдің мерейі үстем болды. Астанадан келген ойыншы 14 кездесудің үшеуінде ғана ұтылды. Алматылық Ши Даниян екінші орын алса, қарағандылық Темірлан Ким үздік үштікті түйіндеді. Дәл сол жастағы қыздар арасында жүлделі орындардың барлығын кеншілер қаласының өкілдері еншіледі. Атап айтсақ, Жанерке Көшкімбаева қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Александра Смирнова мен Виктория Мочалкина күміс пен қола медаль­дерді мойындарына ілді.