Қараша туғалы Керекуде қыстың ызғары айқын сезіле бастады. Мұндағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылыту маусымы қыркүйекте басталып кетсе де, өңірдегі қазандықтар мен жылу жүйелерінің кейбірінде жөндеу жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Әсіресе Екібастұздағы жылу-электр орталығының мәселесі толық шешімін таппағаны көмірлі шаһардың жұртын алаңдатып отыр.
Өндірістік құрал-жабдығы әбден тозып, төбесінен су сорғалаған Екібастұздағы жылу-электр орталығының алдағы қыста қаланы жылумен қамтуы үлкен мәселеге айналатыны туралы газет бетінде бірнеше мәрте жазған едік. Кәсіпорын иелері шығыны бастан асып кеткен орталықты сақтап қалудың жалғыз жолы ретінде оны мемлекет балансына басы бүтін тегін бере салуға даяр екенін де мәлімдеген. Дей тұрғанмен облыс билігі оны коммуналдық меншікке қабылдаудан бас тартты. Акционерлерді қыспаққа алып, ақыр-соңы тамыз айының соңын ала стансада жөндеу жұмыстары қолға алынған еді.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның басшысы Павел Мельничук қысқа әзірлік сапасы өткен жылға қарағанда айтарлықтай төмен боларын мойындап отыр. Себебі жөндеу жұмыстары өте кеш басталды. «Павлодарэнерго» АҚ-ның екібастұздық еншілес компанияға аса жанашырлық танытпай отырғаны да айқын.
Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ында Үкімет нұсқауымен құрылған арнайы жұмыс тобы әрекет етіп жатқанын, оның нәтижесінде қорытындылар шығарылып, өндіріс нысанын жаңартудың нақты шаралары қолға алынатынын атап өтті.
– Қазіргі сәтте Екібастұздағы жылу орталығы қаланы жылумен толық қамтып тұр. Жылуға қосуға қатысты барлық жұмыс уақытында аяқталды. Енді жылу беру маусымының нағыз шарықтау шегіне дайындық жұмыстары пысықталуда. Негізгі жүктеме қаңтар айына түсетіні мәлім. «Павлодарэнерго» АҚ бұл бойынша міндетті дайындығын жүргізуде, – дейді ол.
Акционерлік қоғамның бас директорының міндетін атқарушы Вадим Лесин №14 қазандықта соңғы жөндеу жұмыстары аяқталып қалғанын айтады. Қазір пешті оқшаулау шаралары жүзеге асуда. Қосымша жабдықтардың барлығы қысқы кезеңге дайын тұр. Бүгінде жылу орталығының шатыры да бүтінделуде. Мердігер фирма аяз түскенше өзіне жүктелген жұмысты аяқтап шығуға тырысады.
– Өңірдің электрмен жабдықтау саласында мамандар тапшылығы айқын сезілуде. Мысалы, Павлодар қаласындағы кәсіпорнымызда жұмыс штаттарының 15 пайызы, Екібастұзда 25 пайызы бос тұр. Қызметкерлеріміз еңбекақының аз екеніне жиі шағымданады. Сондықтан бұл тығырықтан шығудың жолы ретінде жаңа тарифтік бағаларды уәкілетті органға ұсындық. Біздің ұсынысымыз әзірше қарастырылып жатыр. Қандай баға ұсынып отырғанымызды айта алмаймын, нақты тарифтік жүйені мемлекеттік жауапты органдар белгілейтін болады. Егер тарифтік саясат біздің көңілімізден шығатындай ретпен қабылданса, кәсіпорындағы әлеуметтік ахуалды көтеріп, еңбекақыны өсіреміз. Сәйкесінше кадрлар мәселесін шешеміз, – дейді В.Лесин.
Жалпы, қазіргі күні Павлодар облысының аумағында 14 энергоблок, 20 қазандық пен 13 турбина іске кіріскен. Бұл үлкен шаһарлардағы жылумен жабдықтау нысандарындағы жағдай. Тағы 9 қазандық пен 1 турбина резервте тұр. Энергия орталықтарында 1 млн 443,6 мың тонна көмір мен 15 мың тонна мазут сақтаулы. Осыншама көлемдегі отын қоры стратегиялық жылу нысандарының 10 тәулік бойы кідіріссіз жұмыс істеуіне жеткілікті екен.
– Бүгінде өңірде тұрмыстық көмірмен қамту шаралары да ойдағыдай жүргізіліп жатқанын атап өтуге болады. Алдағы кезеңде өңір халқына 430 мың тонна көмір қажет. Қазірге дейін 360 мың тоннасы үйлерге дейін жеткізілген. Бюджеттік ұйымдарды қатты отынмен қамтамасыз ету 96 пайызға орындалды. «Богатырь Көмір», «Майкөбен-Вест» секілді көмір кеніштерімен, теміржол тұйықтарында орналасқан «Элит kz», «А Вест-Павлодар», «Daman Group» және «Ihsan Group Kz» серіктестіктерімен бағаны ұстап тұру бойынша меморандум жасалды, – дейді Ержан Салханов.
Керекудің теміржол тұйықтарындағы бөлшектік баға көмірдің тоннасы үшін шамамен 9 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін жетіп тұр. Қазіргі күні «Майкөбе» кенішінен тұрғындар көмірдің тоннасын 7 500 теңгеден сатып ала алады. Көмір «Сарыкөл» кенішінде – 6 500, «Богатыр Көмірде» 3 040 теңгеден босатылуда. Бұдан бөлек көпшілік «Қаражыра» көмірінің тоннасын 8 300, «Шұбаркөлдікін» 5 501 теңгеден алып жатқаны байқалады.
Айтпақшы коммуналдық-тұрмыстық көмірді Halykbank ұсынған «halykmarket» қосымшасы арқылы 24 айға бөліп төлеумен сатып алуға болады. Қысқы отынды несиеге немесе бөліп сатып алу кезінде көмір тиеу тұйығынан жеткізу қарастырылмаған. Себебі сатып алушы өнімді алатынын растау үшін, сонымен қатар тауардың сапасына толық көз жеткізу мақсатында несиені рәсімдеген көмір базасына, яғни сатушыға келуге тиіс. Сәйкесінше, жеткізу бағасы межелі пункттің қашықтығына байланысты есептеледі. Мәселен, Павлодар қаласы бойынша орташа жеткізу құны 5 мың теңгеден басталады. Әзірге өңір бойынша маркетплейс арқылы көмір сатып алғандар тіркелген жоқ.
Павлодар облысы