• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қараша, 2022

Дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті

162 рет
көрсетілді

Астанада Сыртқы істер министрлігінде шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған кезектен тыс президент сайлауына дайындық туралы баспасөз мәслихаты өтті. Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров баяндама жасады. Іс-шара барысында елшілер тақырып төңірегінде сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Баспасөз мәслихатында алғаш болып сөз тізгінін алған М.Тілеу­бе­р­ді еліміздің биыл елеулі өзге­ріс­­терді бастан өткергенін атап өтті.

«Бұл өзгерістердің қатарында 5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдум кезінде Конституцияға енгізілген өзгерістер бар. Еліміз тез өзгеріп жатқандықтан аза­мат­тарымыздың дауыс беру арқылы мемлекеттің болашағы туралы өз таңдауын жасауы маңызды.

Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алға­лы өткізіліп жатқан жетінші прези­денттік сайлау. Мұны еліміз­дегі демократияның дамуындағы тағы бір маңызды кезең деп санауға болады. Бұл сайлау халқымызға Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш жыл президенттігі, Әділетті Қазақстан ұстанымы туралы пайымдауға мүмкіндік береді. Сайлауда әртүрлі саяси көзқарасы бар алты кандидат додаға түседі, бәсекеге толы сайлау өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Президенттікке кандидаттар қатарына саяси партиялардың өкілдері ғана емес, түрлі бірлестік өкілдері де кіреді.

Бір атап өтерлігі, тарихымыз­да алғаш рет екі әйел президенттікке үміткер болып отыр. Бұл – Қазақ­стан­ның демократиялық дамуын­дағы тағы бір қадам. Қазақстан көп жыл бойы гендерлік теңдікті қам­тамасыз ету мен әйелдердің биз­нес пен саясаттағы рөлін арттыру қадамдарын жасап келеді. Қа­зір осы күш-жігердің жемісін көріп отырмыз. Әрине, дауыс беру Қа­зақ­станның көзқарастарының шынайы көрінісі болса ғана сайлау нәтижесі президентке нақты және мықты мандат береді. Осылайша, Үкі­мет сайлауды әділ және ашық етуге ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқаны заң­ға сәйкес ашық, жергілікті және ха­лық­аралық байқаушылардың көп­­теп қатысуымен өткізілетінін бір­­неше рет айтты», деді М.Тілеуберді.

Сондай-ақ ведомство басшысы президенттік сайлауды ха­лық­аралық ұйымдар мен Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус бақылайтынын атап өтті. Еліміз әлемдік қоғамдастықтың жа­уапты мүшесі екенін атап өтіп, Қа­­зақ­станның сайлауды ұлттық заң­на­маға және халықаралық стан­дарт­тарға сай өткізуге сақадай сай екенін жеткізді.

«Біріншіден, маусым айында қабылданған конституциялық тү­зетулер мен реформалардан кейін Президентке қандай да бір сая­си пар­тияның мүшесі болуға тыйым салынған. Бұл Президенттің сая­си күреске қатысуын болдырмау мен бәсекелестікке ықпал етуі үшін жасалды. Сол себепті Пре­­зи­дент жыл басында Amanat бас­қа­­рушы партиясының төрағасы қыз­ме­тінен кетті. Осылайша, бұл сай­лау­дың алдыңғы сайлаудан айыр­ма­­шы­лығы, қазіргі Президент саяси пар­тияның мүшесі ретінде ұсынылмайды.

Екіншіден, былтыр заңнамаға түзетулер енгізілген соң, бюллетеньдерге «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Бұл баған алдағы сайлауда қолданылады. Ең бастысы, 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында пре­зи­денттік мерзімін қайта сайлау құқығынсыз жеті жылмен шек­теуді ұсынды. Президенттік ман­датты бір мерзімге шектеу Мем­лекет басшысының ұлттық да­мудың стратегиялық міндет­теріне барынша мән беруіне ық­пал етеді. Мұны біздің еліміз үшін нағыз демократиялық серпін деп санауға болады. Бір ғана жеті жылдық мерзім билікті монополиялау қатерлерін жояды және демократияның негізгі қағидаттарын нығайтады», деді Сыртқы істер министрі.

М.Тілеуберді елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды ре­фор­маларға да тоқталды. Мемлекет бас­шысы азаматтық қоғам өкілде­рінің қатысуымен маусым референ­думында қабылданған 6 маңыз­ды заңға қол қойғаны туралы әң­гімелеп берді. Осы заңдар­дың күшіне енуі саяси жүйені демо­кра­тияландыруға және мемлекеттік билік тармақтары арасындағы президенттің өкілеттіктерін шектеуге және Парламенттің рөлін күшейтуге қатысты тежеу мен те­пе-теңдік жүйесін одан әрі жетіл­діруге ықпал етеді.

«Парламент сайлауы келесі жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Бұл сайлау кезе­ңі біздің саяси, үкіметтік және эко­но­микалық жүйелерімізді қайта жандандырады және мемлекеттік басқаруды айтарлықтай жаң­ғыр­тады. Президент және Парла­мент сайлауларына халық көптеп қаты­сады деп үміттенеміз. Біздің азаматтар ұлтымыздың бола­шағын анықтауда шешуші рөл атқаруы тиіс. Жаһандық геосаяси сын-қатерлерді ескерсек, алдағы сайлау Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық қо­ғам­дастық үшін де маңызды. Халық­аралық дағ­дарыстар жаһандық тұрақ­сыз­дық пен қауіп-қатердің себебі болып отырғаны баршаға аян. Осы­лайша, тұрақты және гүлден­ген Қазақстан халықаралық қоғам­дас­тықтың мүддесіне сай келеді, өйткені біздің еліміз кең ауқымды жаһандық ынтымақтастыққа, сау­да мен дипломатияға жәр­демдесуге ұмтылады. Бұл сайлау осы мақсаттарға жетуге ық­пал етеді. Біз халықаралық әріп­тес­тері­міз бен бүгін осында ұсы­ныл­ған ел­дер тарапынан ынты­мақ­тас­тық пен қолдау күтеміз», деді М.Ті­леу­берді.

Ал Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Н.Әбдіров дип­ломатиялық корпус өкілдерімен кездесу дәстүрге айналып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, комиссия заңға сәйкес өз жұмысын жүргізеді, ашықтық пен бұқаралық диалог қағидатымен әрекет етеді.

«Қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтау мен заңды құқықтық тұрғыдан дұрыс пай­далану – қызметімізге басты негіз екенін атап өткім келеді. Рес­пуб­ликалық референдум қоры­тындысы бойынша ел азаматтары жалпы саяси және электоралдық көріністі сапалы өзгертуге алып келетін ел Конституциясына өзге­рістер мен толықтыруларды қол­дады. Мемлекет басшысы 5 қара­шада Конституциялық реформаны жүзеге асыруға арналған бірқатар заңға қол қойды», деді Н.Әбдіров.

Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы биылғы сайлау­дан бастап Президент 7 жылға бір ғана мерзімге сайланатынын атап өтті. Сонымен қатар сай­лауға дайындық барысы қалай жүр­­гізіліп жатқанын да баяндады.

«Қоғамдық бірлестіктер ұсын­ған 12 кандидаттың құжаттары Орталық сайлау комиссиясына келіп түсті. Сәйкестікті анықтау рәсімінен өткен 6 кандидат тіркелді. Қалған 6 өтініш берушіге заң талаптарын орындамағандықтан бас тартылды. Қазіргі таңда кандидаттардың штабтары 2022 жылғы 19 қарашада сағат 00:00-ге дейін жалғасатын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы, жергілікті комиссиялар сайлауды қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкестікте өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Ел аумағы бойынша барлығы 10 101 учаске іске қосылады, сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енген. 4 қарашадан бас­тап азаматтарға өздерін тізімнен тек­серу мүмкіндігі ұсынылды. Қазақ­стан Республикасының шет мемле­кет­тердегі өкілдіктерінің жанынан 68 сайлау учаскесі құрылды», деді Н.Әбдіров.

Баяндамашы сондай-ақ Ор­талық сайлау комиссиясы мүм­кіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жа­сауға ерекше назар аударып отыр­ғанын жеткізді. Бұл мәселе ОСК отырыстарының бірінде талқы­ланып, инватакси, сурдоаударма, тактильді жолдар және Брайль трафаретімен қамтамасыз ету бо­йынша тапсырмалар берілген.