• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Қараша, 2022

Жетпісбаевтың жүлдесі үшін

661 рет
көрсетілді

Таяуда Қонаев қаласында дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан әлем және Азияның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогі жолындағы жарыстың бірнеше дүркін жүлдегері Берік Жетпісбаевтың құрметіне жасөспірімдер арасында республикалық турнир ұйымдастырылды. Оған еліміздің бірқатар өңірінен келген 200-ден аса балғын балуан қатысты.

Тоқсаныншы жылдары Берік Жетпісбаевтың атағы алысқа жайылды. Балауса шағынан Ба­қыт Қоқысбековтей білікті бап­керден тәлім-тәрбие алған сам­бошы уақыт оза еліміздің беделді балуандарының біріне айнал­ды. 57 және 62 кило салмақ дәре­же­лерінде белдескен ол 1994 жылы Югославияның Новит Сад қала­сында жасөспірімдердің әлем бі­ріншілігінде күміс медальды иеленсе, келесі жылы Болгарияның бас шаһары – Софияда жастар арасында өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Одан кейін ересектер дуына еркін қосылып, көптеген байрақты бәсекеде атой салды. Атап айтсақ, Токиода әлем чемпионатының қола жүлдегері, Ұланбатыр мен Красноярскіде Азия чемпионы, Мәскеуде Әлем кубогінің күміс жүлдегері, Кстовода «Хар­лам­пиев мемориалының» финалисі деген атақтарға ие болды. Осы табыстарының арқасында Жет­пісбаев «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» нормативін орындады.

Берік самбомен қатар дзюдоны да жетік меңгерді. Әлі есімізде,1996 жылы Алматыда Сан­жар Жандосовты еске түсі­руге арналған халықаралық турнир дүркіреп тұрып өткен еді. Ұлттық құрама бапкерлері бұл жарысты таяу күндері Атлантада алауы тұтанатын Олимпия ойындары қарсаңындағы іріктеу сыны ретінде қарастырды. Қаты­сушылар қатарында Жет­пісбаев та болды. Ол кезде кейіп­керіміз беделді самбошы ретінде өзін мойындатқанымен, дзюдо күресінің майталмандары оны жіті танымайтын. Соған қа­ра­мастан, Берік татамиде өзін жақсы қырынан көрсетті. Бас­тапқы белдесулерінде ол Зекен Шаймерденов пен Иван Бағылаев сынды еліміздің атақты дзюдошыларын айқын басымдықпен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Сол кезде самбодан енді ғана ауысып келген 20 жастағы жі­гіттің халықаралық аренада өздерінің мықтылығын мойындатып үлгерген тәжірибелі татами шеберлерін «қылқындыру» әдісімен ұтқаны Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жи­налған сан мың жанкүйердің таңданысын тудырған еді. Бірақ қапияда алған жарақатының салдарынан қазақтың қайсар ұлына төртжылдықтың басты до­дасында бақ сынау бақыты бұйырмады. Десек те, спорттың бұл түрінен де «Спорт шебері» атанған Жетпісбаев көптеген халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғады.

Бозкілеммен қоштасқаннан кейін кейіпкеріміз бірер жыл жат­тықтырушылық қызметпен айналысты. Бұл ретте де несібесіз емес. Берік Сәрсенбекұлы өзінің ауылдасы Азамат Мұқановтың мықты балуан болып қалып­та­суына сүбелі үлес қосты. Дәл осы маманнан тәлім-тәрбие ал­ған Азамат дзюдодан әлем чем­пионатының күміс және Азия ойындарының қола жүлдегері, самбодан әлем чемпионы және сол жарыстың төрт дүркін қола жүлдегері деген аса мәртебелі атақтарға ие болды. Кейіннен ол өзінің жеке кәсібін ашты. Бір­ақ қайда жүрсе де ол спорттан алыстаған жоқ. Жетпісбаев осы күнге дейін жас жеткіншектер мен жалынды жастарға үнемі қам­қорлық көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп жүр.

Аталған турнирді тамашалау үшін оның достары, жора-жолдастары, бұрынғы командалық әріптестері Қонаевқа көптеп кел­ді. Солардың арасынан ке­зінде әлемдік және құрлықтық дең­гейдегі додаларда дараланған Ер­жан Кенжебаев, Айдар Қа­йыр­баев, Марат Тақанов, Мейір­жан Қашағанов сынды ба­луан­дарды, Руслан Сымтықов пен Дастан Сәдуақасовтай майталман мамандарды көзіміз шал­ды. Бәсекелердің өзіне келер бол­сақ, жергілікті спорт мек­тебінің татамиінде Мұхаммад Рысылхан, Азамат Нұрбақ, Бек­зат Еркін, Жанболат Мәлік, Мах­­мұд Айдосұлы, Жанайым Ма­ратбек, Тәуке Дәулетұлы, Аб­­драхман Дәуренұлы, Дінмұ­хамед Тынышбек, Дәурен Ыбы­райым, Есбол Әбдірахман, Зейнеп Тілепберген, Айгерім Сер­жанқызы, Сұлу Айыпбаева, Найля Әкімбай және тағы басқа балғын балуандар өз салмақ дә­ре­желері бойынша жеңіс тұғы­рының ең биік сатысына кө­теріліп, көрермендердің қоше­метіне бөленді.

– Менің өмірде де, спорта да ұстаздарым мықты болды. Бозкілемде Бақыт Қоқысбеков, Керей Қойшыбек, Манарбек Таутанов сынды білгір бапкер­лерден көп нәрсе үйрендім. Өмірде Қайрат Мейрембаев, Қай­рат Шарабасов, Радж Ми­машұлы, Алпыс Рақымов, Ержан Кенжебаевтан үлкен тағылым мен жақсы тәлім-тәрбие алдым. Осы азаматтарға мен мәң­гі қарыздармын. Аллаға шү­кір, спортта біраз белесті бағын­дыр­дым. Дүбірлі додаларда ел на­мысын абыроймен қорғадым. Бапкер ретінде де мойындалдым. Енді өсіп келе жатқан жастарға қамқорлық көрсетіп, оларға дұ­рыс бағыт-бағдар беруді өзіме міндет санаймын. Сол үшін де жергілікті азаматтармен бірлесе отырып, Қонаев қаласында осындай турнир ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Әрине, бұл жарыста күресіп жатқан жас жеткіншектердің барлығы да келешекте чемпион болмайтыны анық. Бірақ біз үшін басты нәрсе бұл емес. Біздің міндет – жас­тарды саламатты өмір салтына ынталандырып, оларды Отанын сүйетін, туған жерін қастерлейтін, дені сау, рухы мықты, парасаты биік азаматтар етіп тәрбиелеу, – дейді Берік Жетпісбаев.

 

ҚОНАЕВ