• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қараша, 2022

Әділетті Қазақстан құру үшін қандай тұлға керек?

2548 рет
көрсетілді

Қазақстандағы кезектен тыс прези­дент­тік сайлау 2022 жылдың 20 қара­шасына белгіленген-ді. Елімізде пре­зиденттік сайлауға қатысатын бар­лық кандидаттың аты-жөні бел­гілі болып, олардың сайлауалды штаб­­тары жұмыс істеп жатыр. Сай­лауға қатысатын халық та ен­дігі жерде кімге дауыс беру керек­тігін ойлас­тыра бастағаны анық.

Осы кезеңде Ұлы даланың данышпан тұлғаларының елді басқаратын адамның, бірінші басшы болуға лайық тұлғаның жеке басында қандай адами қасиеттердің болуы керектігі туралы ілімдері Әділетті Қазақстан жағ­дайын­да ел басқаратын бірінші тұлғаға таңдау жасап, дауыс беру үшін де өте маңызды.

Тарихқа бойлап қарасақ, қай дәуірде болсын елді, қоғамды басқарудың өткен тәжірибелерін қорыта отырып, келешекті болжау арқылы Ұлы дала данышпандары ел басқаратын тұл­ғалар туралы ілімдерін өздерінің шы­ғар­­машылық еңбектері арқылы сабақ­тастықпен айшықтады. Бұл ретте әл-Фараби, Жүсіп Бала­сағұн, Абай сияқты тұлғалардың ілімдері ойға оралады.

Түркі-мұсылман өркениетінің бастауында тұрған Әбу-Насыр әл-Фараби бірінші тұлға туралы ілімін «Қайырымды қала» трактатында жан-жақты негіздеген. Ойшыл бірінші тұлғаның ерекше бел­гілерін зерттейді. Рухани мәніне үңі­леді. Өзіне ғана тән қасиеттеріне сипаттама жасайды. Оларды ойшылдың мына сөздерінен көруге болады: «Бірін­ші тұлға «жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзінің сөйлеушінің ойындағысындай және істің мән-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгенін анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер-білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік, жалған мен суайт­тарды жек көру керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылыстан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмауы керек, әділеттілік алдында оқыс мінез көрсетіп қаса­рыспау керек, бірақ әділетсіздік пен па­сық­тық атаулыға мүлдем рақым­сыз болуы шарт; өзі қажет деп тап­­қан істі жү­­зеге асырғанда шешім­­паздық көрсетіп, бұл ретте қор­қынышпен жасқану дегенді біл­ме­й­­тін батыл, ержүрек болуы керек...».

Сонымен қатар әл-Фараби­дің пікі­рінше, бақытқа қол жет­кізу­дегі тұты­ну талабын адам­дар әділетті әкім ұйым­дастыр­ған көпшілік арасында, яғни қоғамда жүзеге асырады. Ал осы қайы­рымды қоғамдағы нағыз билеуші дегені­міз – әрекет етуші интеллектіге мүлтіксіз жақындаушы адам. Ол ақиқатты таниды. «Ел басқарудың алғашқы ізгі­лікті сабағы қалалар мен ха­лықтар ара­сындағы ізгілікті тұр­­мыс салты мен ізгілікті қабі­лет­терді орнықтыруды, оларды жан-жақты насихаттауды және мәдениетсіз өмір салтының келең­сіз көріністерінен сақтану­ды қамтамасыз ететін іс-әрекет­тер­ден тұратынын» ескертеді. Ой­шыл­дың айтуынша, егер олар ха­лық құрастыра бастаса, бұл халық – қайырымды, ал егер бұл адамдар ортақ тұрақты жерде бірік­се, барлығын осындай бас­шы­лықта біріктіруші, бұл тұрақ­ты жер – қайырымды қала болады.

Кезінде қазақ тарихында халықты осылай біріктірген бірінші тұлғалар болды. ХІV ғасырдың ортасында кейін қазақ халқы болып қалыптасатын ру-тайпалардың басын біріктіріп, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек болатын. Ойшылдың бірінші тұлға қасиеттері туралы айтқандарының бәрі қазіргі және болашақ қазақ қоғамы үшін қаншалықты маңызды екені түсінікті. Осыған орай айта кеткен орынды, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл «Волонтер жылы», яғни қайырымдылық жылы болып жарияланып, ал 2021 жылдың басында тәуел­сіз­діктің 30 жылдық мерейтойы «Қайырымды істер» марафо­нымен басталғаны белгілі. Бұл мем­лекеттік дәрежедегі іс-шара­лардың жоғары деңгейде өт­кеніне байланысты Мемлекет басшысы: «Бұл жанашырлыққа, жауап­кершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құнды­лықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық», деген еді. Бірінші басшы туралы әл-Фарабидің тағы бір қағи­даты: «...бұл адам бақытқа жет­кізетін әрекеттерді белгілеуге және оларға бағыт сілтеуге тамаша қабілетті. Бірақ бұл жаратылыс қасиеттері өте тамаша, абзал адамдарға, яғни жандары әрекетшіл-парасатпен бірге біткен адамдарға ғана тән», деп сипаттама берген. Ал осыған керісінше, атаққұмар басшылар туралы: «...барлық әдіс-тәсіл­дер­ді қолдана отырып, өзінің және өз балаларының атын мәңгі қалдыруға, өз балаларын өзінің ескерткіші етіп қалдыру, өз ба­ла­ларына немесе өз руы­на өкі­мет билігін қалдыруға тырысуы, ....байлықты басып алып, оны басқаға пайдаландырмауы, ... дүниені үсті-үстіне жинай беруі... содан кейін ол адамдардан алшақтай түседі», дейді ойшыл. Ойшылдың пікірінше, надан қалаларда, яғни жемқорлық дендеген жерде тек «...бай болуды көздейді. Өмір сүруге қажетті материалдық игіліктер жеткілікті болса да тойымсыз. Олар – құл­қы­нның соңына түскендер. Өл­геннен кейін байлықтан, құрмет­тен айы­рыламыз деп қор­қады». Әл-Фараби бұл жағдайды қатал сынға ала отырып, мұн­дай әді­лет­сіз қоғамда адам тағ­дыры, оның рухани жетілуі, олар­дың арасындағы қарым-қатынас­тардың бәрі саудаға түсетінін ескертеді.

Әрі қарай кемеңгер пәлсапашы «әре­кет­шіл-парасатты басшы» туралы ілімін дамыта отырып: «Осы әрекетшіл-пара­сат­ты адам­ның басшылығы – бірінші бас­шы­­лық, ал қалғандарының бәрі­нің бас­­шы­лығы кейінгі басшылық және сол бірін­шіден тарайтын басшылық. Бұл – айқын нәрсе», деп тұжырымдайды ойшыл.

Аталып отырған басшылық­тың бұл жүйесі қазіргі біздің мемлекетіміздегі президенттік басқару жүйесіне сәйкес келеді. Сонымен қатар әл-Фараби: «Осы әрекетшіл-парасатты бірінші бас­шыға бағынатын адамдар қайырымды, абзал және бақыт­ты адамдар. Егер бұл адамдар халық болып құрылса, онда бұл халық – қа­йы­­рымды халық, ал егер бұл адам­дар бәріне ортақ жерге қо­ныс­танып біріксе, онда осын­дай басшылықпен біріккен бәріне ортақ қоныс – қайырымды қала», дейді. Әл-Фара­бидің бұл сөз­дерінен шығатын қоры­тынды – басқаратын басшысы әрекетшіл-парасатты болған жағдайда оған бағынатын халық та бақытты және қайырымды болады.

Әл-Фарабиден кейінгі Ұлы дала тұлғаларының түркі дәуірін­дегі тағы бір өкілі – өркениетті Қара­хандар әулетінің мемлекет қайрат­кері, ақын, ойшыл, ғалым, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн. Оның атақты «Құтты білік» дас­та­нының басты идеясы – мем­лекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңды құрып, елде әділетті қоғам орнату еді. Мұндай қоғам орнатуды ойшыл билеушінің жеке басының ақылдылығы, даналығы мен іскерлігіне байланыстырады. Одан мемлекет те, халық та жақсылық табады. Сонда басшы мен халық бірлігі және түсіністігі мемлекетті нығайтушы күшке айналады.

Екі нəрсе елдің бағын ашады,

Заң мен сақтық – ел тұғыры

 қашанғы...

Жаратты адам баласын да

 бір Алла,

Есті-ессіз, ұлық-кішік бар онда.

Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,

Бай-кедей бар, надан, аңқау,

бар залым.

Бəрін соның алаламай бөлектеп,

Басқаратын қандай болу керек Бек? – дейді Ж.Баласағұн өз дастанында. Мұнда қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарды алаламай басқару үшін заң арқылы әді­летті қоғам орнатудың қажеттігі айтылып отыр.

Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұнның бас­шы тұлға туралы қағидаттары қазақ даласының тұлғасы – Абайдың ілім­­дері­мен сабақтас келеді. Әсіресе ақын­ның «Қарасөздерінде» отаршылдық жағ­дай­дағы Қазақ елін билеушілер туралы ой-пікірлері ерекше өзекті. Биліктегі келең­сіздікке қарсы күрескен Абай ел бас­қаратын адамның әділ, білімді, қайраткер болуы керектігін айтады. Өз заманында Ж.Баласағұн:

Бек білімді, ақылды, адал болсын, ақ болсын.

Парасаты, ақылы ізгілерге жақ болсын! (2160-бәйіт) – десе, Абай 37-қара­сөзінде бұл туралы: «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қыл­ған болыс­тық өзі адамды бұзады», деп білім­­­нің қажеттігімен бірге білімсіз бас­­шы өзі басқарып отырған адамдарды бұ­за­тынын айшықтайды. Сонымен қатар парамен, таныстықпен келген билік қасиет­сіз, «сатып алған, жалынып, бас ұрып алған биліктің ешбір қасиеті жоқ», деген. Ұлы Абайдың философиялық тұрғыда тереңнен айтқан бір ұйқасты сөз тіркестерінде:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек,

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек, – делінеді. Бұл жерде ақын заман мен адамның қоғамдағы арақатынасын айшықтап тұр. «Заманды қай жан билемек?» дегенде ақын уақытты тұлға өзгерте алмайды, бірақ қоғамның өзгеруіне ықпал жасауы мүмкін. Заманды билеген тұлғаның ақыл-парасатына байланысты қоғамда жаңа қатынас орнайды. Ол, мысалы, адамзат тарихында аты қалған Шыңғыс хан сияқты жаһангер қолбасшы болуы немесе әл-Фараби сияқты ұлы ғалым болуы да мүмкін. Ұлы ақынның «заманды қай жан билемек?» дегенде осыны айтқаны анық. Сонымен бірге ақын 22-қарасөзінде «Болыс пен биді құрметтейін десең, Құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. «Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ», дей отырып Абай:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? – деп өткір сынға алады. Ұлы дала тұл­ға­ларының бірінші басшы туралы, яғни әл-Фарабидің «әрекетшіл парасатты» адамы, Абайдың «кемел» адамы, екеуі­нің де ойы сабақтастықпен бірін-бірі толықтыратыны байқалады. Әл-Фараби «қайрат», «ақыл» және «жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», дейді. Әл-Фараби түркі әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі – Абай негізін қалаған «кемел адам» («инсан-и камил») тұжырымдамасының түп-төркіні қайда жатқандығын білдіретін құнды дерек көздеріне жатады. Әл-Фарабидің бұл философиялық тұжырымы Абайдың 17-қарасөзінде өзінің логикалық жал­ғасын тапқандай. Абайдың қарасөзін­де қайрат, ақыл мен жүрек үшеуі әрқай­сысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры ға­лымға келіп жүгі­неді. Сонда ғалым: «Осы үшеуің басың­ды қос, бәрін жүрекке билет», депті. «Үшеуің ала болсаң, мен жү­рек­ті жақ­тадым», деген қорытындыға келеді.

Жоғарыда келтірілген Ұлы дала даналарының тұжырымдарынан төмен­дегідей қорытындыға келуге болады. Біріншіден, бірінші басшыда ақыл мен қайраттың басын біріктіретін, елім деп соғатын халқына адал жүрегі болу керек! Мұндай жүректі басшы елді қасіретке ұшыратуға жол бермейді. Әрине, халық ішінен мұндай жүректі адам табылады. Бірақ оны билікке келтіре аламыз ба?! Мәселе – осында. Бұл жерде халық жауапкершілікті өз мойнына ала­ды. Бірақ біздің жағдайымыздағы бірін­ші басшының миссиясы – жоғарыда атал­ғандай «жүректі адамды» халық еркін, еш қысымсыз, демократиялық құнды­лық­тар жолымен сайлай алатын құқықтық негіздерді Ата Заңда сақтай отырып, оның қалтқысыз орындалуын қамтамасыз етуі парыз. Бұл миссияны орындаудағы бірінші басшының рөлін анықтауда біз тәжірибені басқа елдерден іздемей-ақ, Ұлы дала тұлғаларының жоғарыда айтылған ілімдеріне жүгінуге болады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев рес­пуб­­лика күніне орай өткен салтанатты рә­сімде: «Мақсатымыз – Әділетті Қазақ­­­станды құру. Қазір біз осы күрделі жол­­дың басында тұрмыз. Мен үшін халық­­­тың және мемлекеттің мүддесі бәрі­­нен биік. Сол себепті, мен осы стра­т­­е­гия­лық бағытты еліміздің басты бағ­­дары ретінде жарияладым. Бұл жол­дағы бар­лық жауапкершілік жүгін арқа­лауға дайынмын», деген еді. Ендеше, Мем­лекет басшысының бұл сөздері ұлы ой­шыл әл-Фарабидің: «Абсолюттік мағы­нада бірінші басшы дегеніміз кім? Бұл бас­қа біреудің басшылығын мүлдем керек етпейтін және ғылымилығы мен білі­мі­нің жетілгені сонша, бұл жөнінде өзі­не бас­шылық ететін басқа адамға мүл­­дем тәуелді болмайтын дәрежеде шын же­тілген адам. Осы басшылыққа ба­­ғы­на­тын адамдар қайырымды және ба­­қыт­­ты болады» деген қағидатты тұ­жы­­­рым­­да­масымен толық үндесетіні анық.

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі