Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуінде қоғамдық көлік саласындағы кемшіліктерді атап көрсетті. Әлбетте күн санап аумағы артып келе жатқан мегаполис үшін бұл көптен бері бас ауыртар мәселеге айналғаны мәлім. Бұл бағытта қаншама бастамалар қолға алынғанымен оң нәтиже байқала қоймады. Әсіресе көлік кептелісі жұрттың жүйкесін жұқартып отыр. Экология жанашырлары да бұған дабыл қаққалы қашан. Президент қала билігіне бұл мәселелерді оңтайлы шешуді тапсырды.
Қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтар жасалғанымен, тұрғындар ұзын-сонар кептелісте ұзақ уақыт бойы аялдамада тұруға мәжбүр. Осыны алға тартқан Президент: «Қазір Алматыда жолаушы тасымалының негізгі үлесі автобустар мен троллейбустарға тиесілі. Сонымен қатар бағдарлық желі жеткілікті түрде тиімді ұйымдастырылмаған», дей отырып, қалалық бағдарлардың көбі өте ұзын екенін, қала және қала маңындағы қоғамдық көліктер бір-бірімен нашар байланысқанын, тасымалдау үшін ыңғайлы көлік тораптары жоқ екенін атап көрсетті. Бұл жағдайды тез арада өзгерту үшін қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттырып, сонымен бірге жеке көліктерді пайдалануды қысқартуды ынталандыру керектігін айтты. Бұл ретте метрополитен желісін кеңейтуді жалғастыра беру қажеттігіне тоқталды. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар дұрыс шешім. Өйткені тіршілігі қайнап жатқан алып мегаполистегі көлік қозғалысын бірден азайту мүмкін емес. Сондықтан азаматтарды осы бастамаға ынталандыру үшін метро бекеттерінің әлеуетін күшейткен абзал. Метро бекеттері қаланың кез келген нүктесін бір-бірімен байланыстыратындай деңгейге жетсе, тұрғындар көліктен гөрі өздері үшін тиімді метроны таңдар еді.
Президент мектептер мен балабақшаларға көлікпен кедергісіз бару мәселесіне назар аудару керектігін айтты. Себебі таңертең, түсте және кешкі уақытта қала жолдарындағы көлік кептелісіне аталған нысандарға баратындар да әсерін тигізіп отыр. Жол мен көлік саласындағы бұл проблеманы еңсеріп, тиімді шешімдер әзірлеу ісіне тұрғындар мен тәуелсіз сарапшыларды белсенді тарту қажет. Президенттің бұл идеясы жүйелі жүзеге асар болса жолдағы қауіпсіздік пен өмір сапасында оң үрдістер қалыптасар еді.
Мәулен СЫБАШ,
«Көмек» қайырымдылық жобасының жетекшісі, волонтер