«Қазақ, қырғыз – бір туған». Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тамыры тереңге кеткені белгілі. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыс нығайып келеді. Екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілген. Мәңгілік достық және одақтастық туралы шарт қабылданды. Осы орайда екі елдің байланысы жөнінде тереңірек білмек үшін Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен әңгімелескен едік.
– Құрметті министр мырза! «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Ең әуелі екі ел арасындағы қарым-қатынастан бастасақ. Биыл дипломатиялық байланыс орнағанына 30 жыл толып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан-Қырғызстан қатынасы қай деңгейде дамып отыр?
– Биылғы қазанда мемлекетаралық қарым-қатынасымызға 30 жыл толды. Қырғыз-қазақ қарым-қатынасында жоғары басшылықтың байланыстары ерекше рөл атқарады. Бүгінгі таңда мемлекеттер басшыларының арасында белсенді саяси диалог орнаған. Қырғыз-қазақ ынтымақтастығына Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың өткен жылғы Қазақстанға мемлекеттік сапары және Қазақстан басшысының мамыр айында қырғыз-қазақ әріптестігін тереңдетуге зор үлес қосқан Бішкекке ресми сапары оң серпін берді. Мамырдағы кездесуде Қырғызстан мен Қазақстан президенттері екі елдің соңғы отыз жылдағы өзара іс-қимылын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарларын белгіледі.
Осы жылдар аралығында мемлекеттеріміз арасында шарттық-құқықтық база қалыптасты, 267-ден астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық екіжақты құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Мәңгілік достық туралы шарт пен одақтастық қатынастар туралы шарт іргетас саналады. Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық және одақтастық әріптестік Жоғары мемлекетаралық кеңес, Парламентаралық кеңес, Үкіметаралық кеңес және Сыртқы істер министрлері кеңесі секілді екіжақты органдардың қалыптасуына жағдай жасады. Бұл келіссөз алаңдарында әскери-саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша қырғыз-қазақ ынтымақтастығын ұзақмерзімді және тұрақты дамытудың ортақ стратегиялық мақсаттары, тұжырымдамалық тәсілдері мен бағыттары талқыланады. Дипломатиялық байланыс орнағалы бері тату көршілік пен достық қарым-қатынастың берік іргетасы қаланғанын атап өткім келеді. Жыл сайын өзара сауда мен инвестиция көлемінің артуы, іскерлік, ғылыми және мәдени байланыстардың жандануы байқалады.
– Биыл мемлекет басшыларының кездесуі өткені, Қазақстан Президенті Қырғызстанға барғаны белгілі. Бұл кездесуде көптеген келісімге қол жеткізілді. Сапар барысында қол қойылған келісімдердің орындалуы қалай жүріп жатыр?
– Бұл сапарда халықтарымыздың түпкі мүдделеріне жауап беретін қарым-қатынасты нығайтуға және одан әрі дамытуға бағытталған бүкіл салада келісімдерге қол жеткізілді. Екі елдің тиісті мемлекеттік органдары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, осы келісімдерді жүзеге асыру тетіктерін пысықтауға кіріскен. Үкімет құрылымдары бірқатар екіжақты келіссөз жүргізді. Солардың қатарында сауданы әртараптандыру, Қырғыз-Қазақстан мемлекеттік шекарасы арқылы жүктерді тасымалдау және транзиттеу, өнеркәсіптік сауда-логистика кешені, Қамбар-ата ГЭС-1 құрылысы секілді мәселелер қаралады.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары логистика, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік салаларында бірлескен кәсіпорындар мен жобалар құру арқылы өзара сауда деңгейін 2 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өзара тауар айналымы 568 миллион долларды құраса, былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда өсу қарқыны 24 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш үлкен болмаса да, түпкі мақсатқа жетудегі табандылығымызды көрсетеді. Сауда қатынасын ретке келтіруде біраз күш салу қажет.
Індетке байланысты шешімін таппаған кейбір мәселелер қазірдің өзінде жүзеге асырылды. Қырғыз-қазақ шекарасындағы жерүсті өткізу бекеттері, екіжақты жолаушылар көлігі, соның ішінде әуе, теміржол және автомобиль көлігі толық жұмыс істей бастады.
– Мемлекеттер басшыларының кездесуінде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бірінші аймақаралық ынтымақтастық форумы талқыланғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Аймақаралық ынтымақтастық – Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастардың ажырамас бөлігі. Ол қырғыз-қазақ ынтымақтастығын дамытуда маңызды рөл атқарады. Осыны негізге ала отырып, президенттеріміз ынтымақтастықтың осы саласына жіті назар аударып, оның іске асырылмаған әлеуетін, ең алдымен, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардағы мүмкіндіктерін атап көрсетті. Осы тұрғыда өңіраралық форум президенттеріміздің тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға ықпал етеді.
Мамырдағы кездесуде мемлекеттер басшылары екі елдің алты өңірі арасындағы ынтымақтастық туралы тиісті құжаттарға қол қойылғанын құптап, бірінші қырғыз-қазақ өңіраралық форумын өткізу жоспарын қолдады. Қазіргі уақытта екі елдің тиісті мемлекеттік органдары мемлекеттер басшылары арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында аталған іс-шараның мазмұнын пысықтап, оны өткізу мерзімін келісіп жатыр. Өңіраралық ынтымақтастық форумы екі елдің облыстары мен қалалары арасындағы байланысты кеңейту және іскер топтар, іскер қауымдастықтар мен кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін маңызды алаңға айналатынына сенімдімін.
– Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы, жалпы Орталық Азиядағы өзекті мәселелердің бірі – су, яғни трансшекаралық өзендер. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанға құятын өзендердің бір бөлігі Қырғызстаннан бастау алады. Су мәселесін шешудегі жұмыстар туралы айта кетсеңіз?
– Бүгінде Орталық Азия өңірі түрлі себептерге байланысты су ресурстарының тапшылығын сезініп отыр. Өңірдегі елдер климаттың өзгеруі, энергетикалық, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және басқа факторлардың әсерін ескере отырып, су-энергетика мәселелеріне кешенді көзқарастың болмауы тұрақты дамуға кедергі келтіруі мүмкін екенін түсіну керек. Сондықтан Қырғызстан аймақтағы су ресурстарын кешенді пайдалануда Орталық Азияның барлық мемлекетінің оңтайлы дамуына бағытталған шаралар жүйесін анықтауды қолдайды.
Осындай өзара іс-қимылдың мысалы ретінде Қырғызстан мен Қазақстанның Шу және Талас өзендері бойынша ынтымақтастығы тәжірибесін келтіре аламын. Онда Қазақстан тарапы мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын ұстауға жұмсалған шығындарды өтеуге үлес қосады. Сондай-ақ алынған су көлеміне пропорционалды түрде келісілген іс-шараларды жүзеге асырады. Бұл тараптардың іс-әрекеттерін үйлестіру су жөніндегі үкіметаралық комиссия деңгейінде орындалады.
Бұл өзара тиімді ынтымақтастық тәжірибесін өңірдің су ресурстарын өзара тиімділікке қол жеткізу мақсатында пайдалану үшін облыстың басқа өзен бассейндерінде қолдана аламыз. Біз сондай-ақ Қазақстанның Қырғызстандағы гидроэнергетикалық жобаларға инвестиция құюын құптаймыз. Бұл су-энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға күшті серпін береді. Қырғызстан өз тарапынан аймақ мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, су-энергетика мәселелерінің барлық кешені бойынша жан-жақты және сындарлы диалогке әрқашан ашық.
– Су тақырыбынан ауытқымайық. Қазір жаһандық жылынудың салдарынан жер бетіндегі мұздақтар орасан зор қарқынмен еріп жатқаны белгілі. Осы орайда Қырғызстан елдегі мұздақтардың жойылуын болдырмау үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?
– Қырғызстан аумағының 90 пайыздан астамын халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін суға, азық-түлікке, энергетикалық және басқа да ресурстарға бай таулар алып жатыр. Биік қыраттардан бастау алатын өзендер Орталық Азиядағы су ресурстарының 40 пайызын құрайды. Қырғызстанның таулы экожүйелері климаттық өзгерістерден зардап шегіп отыр. Орталық Азияда соның салдарынан өңірдегі бүкіл мұздақтың төрттен біріне жуығы еріп кеткен. Қырғызстандағы жаһандық жылынудың теріс әсеріне 2022 жылғы шілдеде британдық туристердің көзінше Ыстықкөл шатқалында үлкен мұздың опырылуы мысал бола алады.
Ғасырлар бойы қалыптасқан мұздақтар мен қарлы алқаптардың еруі, олардың қалпына келу әлеуетінің төмендеуі және соның салдарынан Қырғызстандағы су ресурстарының азаюы елімізге ғана емес, бүкіл Орталық Азияға да тигізер әсері ауқымды болмақ. Экологиялық, азық-түлік, энергетикалық, әлеуметтік-экономикалық даму салаларына зардабын тигізеді. Жыл сайын тұрғындар мен экономикаға айтарлықтай зиян келтіретін сел тасқындарының көбеюі де мұздақтардың қарқынды еруінің салдары. Уран қалдықтарын көму орындарындағы сел тасқыны республикалық және аймақтық ауқымда экологиялық апат қаупін арттырады. Сондықтан тәуелсіздік алғалы бері мұздақтар мен биоәртүрлілікті сақтау, таулардың тұрақты дамуы және тау экожүйелерін қорғаумен тығыз байланысты әртүрлі экологиялық бастамаларды белсенді түрде ілгерілетіп келеміз.
– Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас қандай деңгейде? Болашақта тауар айналымын қаншалықты арттыра аламыз?
– Өткен жылы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 35 пайызға өсіп, бір млрд доллардан асты. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өзара сауданың өсімі 24 пайызды құрады. Енді бұл көрсеткішті екі миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Келешекте мемлекеттер басшыларының бұл тапсырмасын орындаймыз деп ойлаймын. Бұған мүмкіндіктер бар. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары сауда, гидроэнергетика, туризм, тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту, қолданыстағы транзиттік және көлік коммуникацияларын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын қамтиды.
Өзара тауар айналымының өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – қырғыз-қазақ шекарасында өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешеннің қалыптасуы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары барысында тиісті меморандумға қол қойылды. Оның негізінде киім-кешек, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
– Сіз бірнеше жыл Қазақстанда елші болдыңыз. Екі ел арасындағы мәдени байланыстар туралы бірер сөз айтып өтсеңіз.
– Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз өте жоғары деңгейде. Екі елдің зиялы қауымы мен жұртшылығының қатысуымен түрлі концерт, поэзия кеші, көрме, дөңгелек үстел, семинар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Олар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Бұл ретте екі елдің ғалымдары мен саясаткерлерінің кездесулері Бішкек пен Астанада мезгіл-мезгіл өтіп тұрады. Мәселен, өткен жылы Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтіп, оның ашылу салтанатына Қырғызстан Президенті С.Жапаров қатысты.
Биылғы мамыр айында Бішкек қаласында Қырғызстан мен Қазақстан басшыларының қатысуымен Абай Құнанбайұлы ескерткіші мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өткен жылы қазақ жазушысы Баянғали Әлімжановтың қазақ тіліндегі «Манас», «Семетей», «Сейтек» кітаптарының тұсауын кесті. 2020 жылы «Манас» эпопеясын «Манас – Қырғыз халқының эпосы» атты кітап ретінде қазақ тілінде басып шығарды. Осылайша, 60 жылдан кейін жарық көрген екінші басылым атанды.
«Манас» эпосын дамыту мен насихаттауға қосқан орасан зор үлесі үшін қазақ ақыны Баянғали Әлімжанов «Достық» орденімен марапатталды. Жоғары марапатты С.Жапаров 2021 жылдың наурыз айында Астанаға мемлекеттік сапары кезінде өзі тапсырды. Биыл біз Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерін абыроймен өткіздік. Сондай-ақ алдағы уақытта Астанада қырғыз эпосының қаһарманы Манас пен қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовқа ескерткіш орнатуды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда, елдеріміздің мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасы жан-жақтылығымен ерекшеленеді.
– Кейінгі жылдары түркі әлемі арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Түркі мемлекеттері ұйымы құрылды. Осы орайда түркітілдес елдердің ынтымақтастығын қалай бағалайсыз?
– Біз түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Өйткені түркі халықтарын ортақ тарих, мәдениет және тіл біріктіреді. Ұйым құрылған сәттен бастап Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын кеңейту және дамыту бойынша елеулі, жемісті жұмыстар атқарылды. Бүгінге дейін тоғыз саммит өтті. Онда өзара қызығушылық тудыратын барлық саладағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды.
Мәселен, «Түркі әлемінің көзқарасы-2040» бағдарламасын қабылдауымыз – үлкен белес, Түркі ынтымақтастығының жаңа парағы. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени интеграция жөніндегі іс-шараларды қамтитын ұзақмерзімді перспективалар белгіленген. Құжатты кезең-кезеңімен жүзеге асыру мақсатында қазіргі уақытта тараптар «2022-2026 жылдарға арналған Түркі мемлекеттері ұйымы стратегиясы» жобасын келісіп жатыр. Құжат ұйымның одан әрі дамуына жол ашады. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, түркі бауырларымызбен ортақ құндылықтар негізінде жемісті жұмыс істеуге дайынбыз. Бүкіл қиындықты жеңіп, жақсы әлем құруға үлес қосамыз деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»