• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Мамыр, 2014

Пушкин мен Шевченко оқулары

437 рет
көрсетілді

Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен славян халықтарының мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттауға бағытталған «Пушкин және Шевченко оқулары» өтті. Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталықтар жетекшілері, студент жастар мен оқушылар қатысқан қалалық оқуға жиналғандар ұлы екі ақынның жырларын тыңдап, поэзия құдіретіне бас иіп қайтты. Қазақстандық рухани бірлікті нығайту және отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, көпшіліктің славян халықтарының мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне, сондай-ақ А.С.Пушкин мен Т.Г.Шевченко поэ­зиясына деген ықыласын арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында өткізілген іс-шара қос ақынның ескерткіштеріне гүл қою рәсімінен басталды. Өз кезінде ұлы Абай Пушкиннің өлеңдерін аударып, қазақша сөйлетсе, Жамбыл бабамыз екі елдің тағдырластығын жырлап, Тарас Шевченкоға: «Құлазыған далада, Тарастай мен де зарлағам. Даусым оның даусымен, Қосылып сонда сарнаған... О бір кезде, ақыным, Сен де іздедің бостандық, Мен де іздедім бостандық», – деп өлең арна­ған еді. – Қаламызда «Пушкин мен Шевченко оқулары» жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шара, – деді жиын­ның ашылу салтанатында Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жаңабай Қайсенов. – Бұл шараны өткізген сайын оның өзектілігі арта түсуде. Бүгінгі заманымызды қанша жақсы дегенімізбен, біз қашанда кесек тұлғалы поэзия алыптары – Абай, Пушкин, Шевченкоға айналып келіп соғып отырамыз. Өйткені, олар бізді жақсылыққа, татулыққа үйретеді, рухани әлемге үндейді. Көптеген жылдар, ғасырлар өткеніне қарамастан, олардың шығармалары бүкіл адамзат үшін өзектілігін, маңыздылығын жоғалтпайды. Десек те, олардың атының әйгілігі, мәнділігі әрқайсысымыз олардың шығармашылығын бағалап түсінуімізге байланысты. Лайым, осындай ұлы адамдарға деген махаббатымызды, құрметімізді жоғалтып алмайық. Сондай-ақ, іс-шараға келген қонақтар қазақ халқы мен славян халықтарының арасында қалыптасқан мәдени және әдеби байланыс туралы да әңгімеледі. Әсіресе, екі халықтың екі ұлы ақынының поэзиясын құрметтеп келген қатысушыларды құттықтаған Украин мәдени орталығының өкілі Тамара Агапова сөзді әріден бастады. – Тарас Григорьевич те, Александр Сергеевич те бір-бірін көріп, кездеспеген ақындар. Бірақ екеуі де халықтар достығын жырлап өтті. Қай ақынның шы­ғар­машылығын алмаңыз, олар халыққа деген сүйіс­пеншілігінен, махаббатынан бір айнымайды. Сон­дықтан да, халық ақындарын жақсы көреді, оқиды. Мәселен, Шевченкоға бүкіл әлем бойынша 50 ескерт­кіш қойылған. Ал Александр Сергеевичтің, тіпті Эпио­пияда ескерткіші бар. Көрдіңіздер ме, біздің ақын­дарымыз қалай бағаланады. Ендеше, бүгін­гі ұрпақ оларға өз ықыласымызды осылай білдіріп отыруымыз керек. Байқаймын, кешке жас­тар көп жиналыпты. Жастарға айтарым, сендерге тек интер­нет қана емес, осындай ұлы ақындардың кітабы өмірлеріңізге жол­серік болсын! – деді Тамара Алексеевна. Одан әрі А.Пушкин мен Т.Шевченко поэзиясын орыс, қазақ және өзге тілдерде мәнерлеп оқумен қатар, ақындардың шығармаларына жазылған әндер мен романстар орындалды. Іс-шараның шымылдығын №69 мектептің 2-ші сынып оқушысы Никита Гладких А.С.Пушкиннің «Признание» өлеңімен ашты. Сүп-сүйкімді Никитаның өлеңді түсініп, мәнерлеп кішкене жүрегінің сүзгісінен өткізіп жеткізуі жиналған қауымды бірден баурап алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің магистранты Жанна Верещак Т.Шевченконың «Жница», «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең» (Абай) деген, Авиация колледжінің студенті Алуа Төлеуханова А.С.Пушкиннің «Татьянаның хатын», Әмина Ораз «Няне», №123 мектеп оқушысы Әмина Асқар А.С.Пушкиннің «Руслан и Людмила» поэ­масынан, «Қазақстан» телеарнасының ең жас жүргізушісі Айдана Жұмахан «Балықшы мен балық» ертегісінен үзінді оқыды. №15 мектептің оқушысы Шұғыла Нұрмағамбетова «Я вас любил» романсын, белгілі әншілер Нағима Есқалиева мен Лаки Кесоглудың шәкірттері Наби Нарина «Червона рута», Мерей Сәбитов «Өзгеге көңілім тоярсың», «Украина» ансамблі Т.Шевченконың «Рэве тостовне Днипр широкий» әндерін орындап, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Ал Т.Г.Шевченконың Қосаралда 1848 жылы жазылған: «Сол бір байтақ даланы да, Биік қорған моланы да, Бұлбұл үнді сол түнді де, Діріл сезім, күлкіңді де, Мен ешқашан ұмытпаймын!» – деген «Опри­чинна» өлеңін №177 мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Мереке Шәріпов украин тілінде оқыды. Жиын соңында іс-шараны өткізуге атсалысып, белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».