• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Мамыр, 2014

«Он (бір) жыл мектеп партасында...»

360 рет
көрсетілді

Алдағы дүйсенбі күні еліміз бойынша мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тест бойынша сынақ тапсырып, алған білімдерін дәйектейді. Бұл тәсілмен емтихан алғалы да 10 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде 1 миллион 335 мың мектеп бітіруші сынаққа қатысқан екен. Бірден айтайық, ҰБТ-ға қатысу ерікті. Онда 4 пәннен, нақтылай түссек, оқыту тілі (қазақ және орыс), Қазақстан тарихы, қазақ тілі, орыс тілінде оқитындар үшін немесе орыс тілі, қазақ тілінде оқитындарға, математика және таңдау пәні белгіленген. Екісі күні басталатын емтихан 9 маусымда аяқталады. Үстіміздегі жылы еліміз мектептерін бітірген 133 мың 266 түлектің 92077-сі қа­тысады. Оның 63603-і қазақ тілінде, 28447 мектеп бітіруші орыс тілінде ҰБТ тапсырады. Жауапты науқанды өткізу жұмыс­­­­­­тарына әзірлік жан-жақты қарастырылған. Оны 1700 азамат қадағалайтын болады. ҰБТ 155 арнайы жабдықталған пункт­­терде өткізіледі. Оның 107-сі аудан орталықтарында болса, 48-і облыстық, Астана мен Алматы қалаларының жоғары оқу орындарына орналасқан. Ұлттық жоғары оқу орындары­на түсу үшін конкурсқа қатысудың шек­тік деңгейі –70 балды құраса, білім, ауыл шаруашылығы ғылымдары және ве­теринария мамандықтарына ке­мін­де – 60 бал, жалпы медицина бағы­ты бо­й­ынша – 55 бал, ал басқа жоға­ры оқу орындарына, оның ішінде ақылы бөлі­міне өту балы – 50 бал болып ­бел­гілен­ген. Ағымдағы жылы «Алтын белгіге» үміткерлер 4491-ді құрапты. Олар ҰБТ-ға қатысып, өз білімдерін дәлелдесе, осы биік марапатқа ие болады. Газет оқыр­мандарының дені биыл бөлінген мемлекеттік тапсырыс қанша екен деген сұрақты жиі қоюда. Оған берер жауап, барлық гранттың саны – 34165, оның ішінде – 500 грант сырттай оқу бөліміне, жоғары оқу орындарының даярлық бөліміне – 2530 грант, Қазақстан-Британ техникалық университетіне – 200, Назарбаев Университетіне – 545 орын қарастырылған екен. Сонымен, «Он жыл мектеп партасында...» деп, он жыл емес 11 жыл мектеп партасында отырып, балалық бал дәуренімен қош айтысқан түлектер ендігі жерде білім сынағын жақсы тапсырып, бірі жоғары оқу орындарына жолдама алса, екіншілері еңбек майданына сап түзеп шығатын болады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».