Атырауда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Республикамыздың барлық аймағынан келген белді балуандардың басын қосқан жарыста тосын нәтижелер көп тіркелді. Кейбір салмақ дәрежелерінде біраз жылдан бері ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген сақа спортшылар жастарға жол берді.
60 кило салмақ дәрежесінің басты фавориті Елдос Сметов бұл жарыстан босатылғандықтан, жанкүйерлердің пайымдауынша, бас жүлде үшін тартыс ұлттық құрама мүшелері Мағжан Шамшаддин, Бауыржан Жауынтаев, Бауыржан Нарбаев және Шерзод Давлатов арасында өрбуге тиіс еді. Мамандардың пікірі соған сай келді. Бірақ бұл болжамның бәрі қате болды. Жоғарыда есімдері аталған сол төрт мықтының арасынан тек Жауынтаев қана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Жартылай финалда Мерей Марханбетовтен жеңілген ол қола медальді қанағат тұтты. Ал қалғандары тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Атап айтсақ, Давлатов пен Шамшаддинді Дәурен Сүйкенов сүріндірді. Нарбаев болса, Жақсыбек Жеңісбектен жеңілді. Алайда саңлақтарды сан соқтырған дзюдошылардың өздері де ұзаққа шаппады. Нәтижесінде аса жеңіл салмақтағы 56 балуанның басын қосқан бәсекеде атыраулық Қанат Сейілханның бақ жұлдызы жанды. Жартылай финалда жетісулық Дамир Болатбековті жеңген ол ақтық сында маңғыстаулық Мерей Марханбетовтен айласын асырды. Қызылордалық Бауыржан Жауынтаевпен бірге елордадан келген Ержан Еренғайыпов та қола медальді еншіледі.
66 кило салмақтағы еліміздің бірінші нөмірлі дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев екені сөзсіз. Бірақ бұл жолы оның жолы болмады. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген дардай атағы бар қандасымыз «шүу» дегенде Нұр Аманшүкіровтен ұтылды. Ғұсманың егізі – Ғұмар Қырғызбаев та тым сүреңсіз өнер көрсетті. Алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтаған ол, екіншісінде Ермек Амангелдіге есе жіберді. Бұл салмақта Есет Қуановтың қарқыны күшті болды. Кезінде самбодан әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері, екі дүркін әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған 30 жастағы Ақтөбенің арланы соңғы кездері дзюдошылар додасында да дараланып жүр. Осы жарыста барлық қарсыласын жолынан ығыстырған ол бас жүлдені қанжығасына байлады. Финалда Есет Маңғыстау облысының өкілі Сұңғат Жұбатқанды жеңді. Қола медаль татами қожайындары Айболат Ыстыбай мен Ермек Аманкелдіге бұйырды.
73 кило салмақта Данияр Шамшаевтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Жамбыл облысының атынан сынға түсіп жүрген жас жолбарыс биыл тамыз айында Астанада өткен Азия чемпионатында Қазақстан балуандары арасынан жалғыз өзі алтын тұғырға көтерілген еді. Өкінішке қарай, Ташкенттегі әлемдік додада оның бағы жанбады. Есесіне Атырауда Данияр дара шықты. Бастапқы бәсекелерде Бекнұр Тәңірберген, Махамбет Сағатбеков, Ермат Есқазиевті еңсерген ол жартылай финалда Асқар Нарқұловты тізе бүктірді. Ақтық айқаста Шамшаев оралдық Аңсарбек Ғайнуллинді еш қиналмай жеңді. Маңғыстаулық Нарқұлов пен жетісулық Дархан Қойбағар үшінші орындарды иеленді.
81 кило салмақта өскемендік Мадияр Сембаев – бірінші, Бекәділ Шаймерденов – екінші және ақтөбелік Нұржан Бисенов пен абайлық Жалғас Қайролла үшінші орындарды еншіледі. Көпшілік 90 кило салмақ дәрежесінің ширек финалдық сайысын қызыға тамашалады. Бұл межеде сақа спортшылар – түркістандық Дидар Хамза мен шымкенттік Ерсұлтан Мұзафаровтың жолдары қиысты. Бұл тартыс Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық біріншілігінің жүлдегері, Олимпия ойындарына қатысушы Хамзаның пайдасына шешілді. Финалда Дидар өзінің жерлесі Айдар Араповтан айласын асырды. Жетісулық Мұхаммедәлі Мавлидов пен алматылық Ерасыл Жанатаевтың мойнында қола медаль жарқырады.
100 кило салмақтың басты фавориті Ислам Бозбаев үшінші айналымнан аса алмады. Ол жамбылдық Данил Федоровқа жол берді. Бұл салмақта Бекарыс Сәдуақасқа тең келер ешкім табылмады. 2018 жылы Аргентинаның астанасында алауы тұтанған Дүниежүзілік жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы атанғаннан кейін жас балуанның жолына үлкен үмітпен қарап едік. Бірақ содан кейін біраз уақыт бойы ол жарқын жеңістерімен өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Бұл жолы біз дәл сол Буэнос-Айрестегі Бекарысты көрдік. Өзіне сенімді, өжет және қайсар мінезінен танбаған 22 жастағы дзюдошы алғашқы екі қарсыласын ұпай санымен ұтса, одан кейінгі үшеуін иппонмен, яғни таза жеңді. Нәтижесінде Бекарыс Сәдуақас ел чемпионы атанды. Күміс медальді атыраулық Бекзат Шағатаев иеленсе, қола жүлдені тағы бір татами иесі Сұңғат Закарияев пен қызылордалық Нұрлыхан Шархан иемденді.
Алыптардың айқасы Әділ Оразбаевтың жеңісімен аяқталды. Әділ финалда жамбылдық Жамбыл Тұрғыналиевті шаң қаптырып кетті. Қызылордалық Еламан Ерғалиев пен павлодарлық Серік Сәлменов үшінші тұғырға көтерілді. Аса ауыр салмақта Еламаннан бөлек, әр жылдары «Қазақстан Барысы» турнирінде елеулі табыстарға қол жеткізген қазақ күресінің хас шеберлерінің де қалың шоғыры өнер көрсетті. Алайда Ерасыл Қажыбаев, Нұрдәулет Жарылғапов, Талғат Әміренов және Ғалымжан Қырықбай сынды түйе балуандардың бұл жарыста бақтары жанбады.
– Атыраудағы жарыстың деңгейі өте жоғары болды. Ел чемпионатын осындай жоғары дәрежеде ұйымдастырған жергілікті спорт басқармасы мен республикалық Дзюдо федерациясына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жеке мені чемпиондарды тұғырдан тайдырған жас балуандардың қарқыны қатты қуантты. Алдағы уақытта сол жігіттер халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімдімін. Және де өзімнің шәкіртім Бекарыс Сәдуақастың өнеріне риза болдым. Осы жолы ол өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатып, 100 кило салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжалады, – деді дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жетпісбаев.
Ал әйелдер арасындағы жарыстың нәтижесі мынадай: 48 кило: 1. Ғалия Тыныбаева (Алматы қаласы), 2. Сара Құлым (Түркістан), 3. Ирина Дубовская (Жетісу) мен Айкүнім Түйтекова (Алматы облысы). 52 кило: 1. Әйгерім Әбілқадырова (Астана), 2. Толғанай Әбеуова (Ақмола), 3. Гүлдана Әлмұхамбетова (Маңғыстау) мен Құндыз Жылқыбай (Қызылорда). 57 кило: 1. Бақыт Құсақбаева (Ақтөбе), 2. Дана Әбдірова (Атырау), 3.Балнұр Құрманбай (Алматы қаласы) мен Рауза Нұрмұхамметова (Жамбыл), 63 кило: 1. Есмегүл Куюлова (Атырау), 2. Мөлдір Нарынова (Жетісу), 3. Зарина Сәріпова (Абай) мен Самалай Ерғалиева (Қостанай). 70 кило: 1. Анастасия Маякова (Ақмола), 2. Анастасия Морозова (Алматы қаласы), 3. Ажар Асхат (Абай) пен Перизат Жақыпбекова (Түркістан). 78 кило: 1.Аруна Жангелдина (Ақтөбе), 2. Назерке Тілеуханова (Шымкент), 3. Лаура Жәнібекова (Қарағанды) мен Әсел Бисенбай (Қызылорда). +78 кило: 1. Ақерке Рамазанова (Алматы қаласы), 2. Кәмила Берліқаш (Жетісу), 3. Аида Тойшыбекова (Қарағанды) мен Альбина Бақиева (Шымкент).