• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2014

Сырын бүккен сырлы әлем

1260 рет
көрсетілді

Өнердің асылы қашанда құ­нын жоймайды. Бұл, әсіресе, сыр­ға бай бейнелеу өнерінде көп­теп кездеседі. Ондағы сан қыр­лы сырды ішіне бүккен майлы бояу картиналары өзіндік құпия­ларымен көрерменді баурап алып, қанша рет қадала қараса да көзі тоймайды. Осындай шы­ғарма авторларының бірі халық суретшісі Сахи Романов десек, жуырда атақты өнер иесінің туындыларынан тұратын көрме елордадағы  Оқушылар сарайында өз жалғасын тапты. Аталған шараға, ғалымдар, суретшілер, өлкетанушылар мен жалпы өнер-сүйер жұртшылық қатысты. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының перзенті Сахи Ро­мановтың қылқаламынан туған тырнақалды туындысы «Жайлаудағы кеш» полотносы екен. Мұнда автор бояулардың үндестік үйлесімін шебер бейнелеген. Кешкі мезгілдегі шопан қыздың қойды тау етегінен түсіріп, ауылға айдап келе жат­қаны еңбек иесі кескініндегі еңбек рахатының табын көрсет­­­кендей. Суретшінің бұл шығар­м­а­сы әуелі сол жылы «Огонек» журналында жарияланады. Сондай-ақ, қылқалам иесінің абырой-атағын көтерген «Қырық өтірік», «Құрманғазы», «Жер туралы декрет», «Кісен ашқан», «Отан аясында» көркем туындылары көпшілікке кеңінен танымал. Жалпы, Сахи Романов кино саласына да еңбек сіңірген жан. Оның «Ән қанаты», «Қанатты сыйлық», «Алдар көсе», «Дала­да­ғы қуғын» фильмдеріне деко­рациялық суреттер салғаны сөзі­міздің дәлелі. «Астанада өткізіліп жатқан көрнекті суретші, өнер қайраткері Сахи Романовтың көрмесінің елорданың зиялылары мен жас ұрпақтары үшін маңызы ерекше. Өйткені, суретшінің есімі елімізде ғана емес, бұрынғы  Кеңес Одағында, шетелде бел­гілі болған. С.Романов қа­зақ қыл­қалам өнерінің, соның ішін­де кескіндеме, портрет өнерінің озық шебері. Оның шығармаларынан біз әрдайым қазақ даласы мен тұрмыс салтының, ұлттық ерекшелігінің бейнесін көреміз. Өнер иесінің шығармашылығы өз заманында өте кең таралды. Десек те, Тәуелсіздіктің 23 жылында оның мұрасына қайта бір қарау өте маңызды. Бұл суреттердің дені елде сақталып қалған, мұрағат  қоймаларында әлі күнге дейін халыққа көп насихатталмаған  туындылар. Сондықтан да, оларды Сахи Романовтың еңбектері­нің жарияланбаған жаңа беті, таныс­тырылған парақтары деуге де болады», – деді көрмеде сөз алған филология ғылымдары­­ның док­торы Дихан Қамзабек­ұлы. Сонымен қатар, ол шараны ұйымдастыруға белсенділік танытқан азаматтарға да шексіз алғысын жеткізді. Ал суретшінің мұраларын тірнектеп жинауда барын салып жүрген Ақтоғай археологиялық этнографиялық мұражайының директоры, өлке­танушы Тұңғышбай Мұқа­нов автор жайында мол мағлұматтардан сыр шертті. Көрмеден ойып тұрып орын алған «Мая­ның суреті», «Бұ­ғау­дан босау», «Ақын­­ның су­реті», «Қайран шешем», «Жайлаудағы кеш»,­ «Әже» туындылары кө­рер­­мен­нің ­көз­айы­мына айналып, жұртшылықты ­тамсантты. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». Суреттерде: С.Романов. «Құрманғазы», «Қайран шешем». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.