Романшылық өнердің хас шебері (мысалы «Еділ – Жайық», «Тосқауыл», «Атырау» романдары), сондай-ақ тарихи-ғұламалық зердемен, білімпаздықпен пайымдаған «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Асылдың сынығы», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет», «Бес мейрам» дейтін кесек-кесек зерттеулері – сөз зергері Әнес Сарайдың интеллектуалдық-шығармашылық, суреткерлік, тарихшылдық әлеуетін танытады.
Өйткені «адамның жан қуаттарын жетілтуге, ақыл көзінің шарасын ұлғайтуға», «жұртын, айбарын берекелі, айбарлы қылуға» қабырғалы қаламгердің тарихи деректер негізінде жазылған туындылары ұлттық, патриоттық, стратегиялық идеяларға бай.
Мыңжылдықтардың еміс-еміс жаңғырығын, дауысын естіп, дәйектілікпен қорытып жеткізген, сандаған дәуірлерді ауқымды оқиғаларымен, жойқын қан кешулерімен, даңқы мен абыройы жер жарған қаһарман қағандардың, баһадүр тұлғалардың алапат, толымды іс-қимылдарымен, сонымен қатар Күншығысында Сарытеңіз, Күнбатысында Қаратеңіз, оң жағында Хуанхэ мен Әмудария, солтүстігінде Мұзды Мұхит арасын жайлаған Көк түріктері империясының әлеуметтік-саяси, мәдени тарихын Орхон бітіктас жазулары мен Қытайдың Чжоу, Сүй патшалықтарының әулеттік жылнамалары негізінде мұқият салыстыра зерделеп, нақты, жанды айғақ-деректермен сөйлеткен кәрі тарихтың тамыршысы Әнес Сарайдың шығармашылық тұлғасы, көзқарасы, пайымдау мәдениеті «Көк түріктері» дейтін еңбегінде жарқын көрініс тапқан. Мұнда Көк түріктерінің (Ашина ұрпақтарының) өркениеті, ата-тек шежіресі, мемлекет басқару жүйесі, тұрмыс-салты, шаруашылық-кәсібі, мифологиялық дүниетанымы, қорғаныс қабілеті, яғни әскері, қолданған қару-жарақтары, алфавиті, қала, қамал салу мен монументалды мүсін өнері, аспан денелерінің қозғалысы туралы ұғым-түсініктері, жартас графикасы, қағандықтың ру-тайпалық құрамы, Түрік қағандықтарының тарихы ұшан-теңіз деректер негізінде талданады. Бұл орайда Түрік қағандығы тарихындағы Бұмын (551-552жылдар), Істеми (552-576 жылдар), Мұқан (553-572 жылдар), Таспар (572-583 жылдар), Сібір қаған (609-619 жылдар), Елтеріс Құтлық қаған (682-692 жылдар), Бойла Баға Тархан Тонұқұқ (682-726/727 жылдар), Қапаған қаған (692-716 жылдар), Білге қаған мен Күлтегін (716-734 жылдар) заманы білгірлікпен, тереңдікпен сипатталған. Ұбақ-шұбақ ғасырлардағы түрік дүниесіндегі шырқаулар, құлдыраулар, арбасулар тарихилықпен көрсетілген, байыптылықпен бажайлап баяндалған.
Тарихи-ғұламалық зерде көзімен тарихи-шежірелік деректері мен тарихтың көркемдік философиясын дұрыс қолдана білу әрі лайықты түйін түю – профессор Әнес Сарайдың «Көк түріктері» кітабының басты сипаты. Ол археология, палеосемантика, этнография, этнолингвистика, психосоматика, мифология, антропология, архаикалық мәдениет, сана этногенезі, дін, фольклор, ойлау феноменологиясы тәрізді ғылымдардың соны жаңалықтарын өрелі пікір-топшылауларына арқау етіп өрістетеді, логикаға бағындырады. Білімпаз Әнес Сарай әлемдік даңққа ие әйгілі М.Қашқари, В.К.Мюллер, Э.Шавани, Хамельтон, Г.И.Рамстед, А.Лекон, Ю.Немет, К.Сиротори, Чянь Чжумянь, Н.Х.Оркун, Минорский, П.М.Мелиоранский, В.В.Бартольд, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, Л.Н.Гумилев, В.В.Радлов, В.Томсон және т.с.с. түркітанушы-оқымыстылардың түйінді тұжырымдарын темірқазық етіп отырады.
Әнес Сарай қытай жылнамаларында көк түріктерінің тарихына қатысты «Ғаріп бала мен Бөрі Ана» хикаясының төрт нұсқасының мәтінін тұтасымен келтіріп, мазмұн-мәнімен таныстырғанда ежелгі «бөрі» ұғымының мұнан соң «Оғыз-наме» дастанында (яғни «Тәңір бөрісі» дейтін мағынада), сонан соң Махамбет толғауында («Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі едім») бөрінің баламасы ретінде сәулеленген. Дәстүр қуаты деген осы.
Бөрі тотемі жайындағы аңыздар, негізінде, сегіз қиыр шартарапқа тараған. Ал бала емізіп тұрған Бөрі-Ана мүсіні б.д.д. V ғасырдан бері Римнің Капитолия музейінде сақталған. Себебі қандай? Аңыздың деректеріне жүгінсек, этрускілердің көсемі Энет батырдың ұрпағы Ромул мен Рем егіз. Амулия патша егіз сәбилерді суға ағызып жіберсе де, тағдырдың бұйрығымен Бөрі-Ана емізіп ер жеткізеді. Қысқасы, этрускілер – Батыс түріктері. Бұларды Каспий теңізінің терістігінен әкелген Энэй батыр.
Бөрі текті Ашина түріктерінің темір балқытқаны, қолөнер кәсібін дамытқаны, қару-жарақ жасағаны, аңшылық, бақташылық тіршілігі, рухани өмірі мен даналық өнегесі, қыз айттыру, келін түсіру, тұрмыс-салт жырлары, жерлеу рәсімдері, қалалық мәдениеті, ұлттық ойындары егжей-тегжей түсіндірілген. Әсіресе түріктің тұлғасы жөніндегі Афрасиаб патшаның мына бір керемет пікірін келісті келтірген: «Түрік өз елінде жүргенде бақалшақ қауырсынға жасырынған маржан сияқты, оның қадір-қасиетін танып, бағалап жатпайды, ал ол бақалшақтан сыртқа шыққанда бағасы еселеп артып, патшалар тәжі мен сұлулардың мойын, құлақтарын безендіретін асылға айналады».
Түріктердің мемлекет басқару жүйесінде 28 лауазым дәрежесі барын әрі әрқайсысының міндеті мен қызметін саралап анықтайды. Сондай-ақ әскери өнер тарихындағы қару-жарақтардың түрлеріне де сипаттама беріледі.
Түріктердің ғарыштық ұғым-түсініктері, құлшылық жасау, құрбандық шалу, Жер, Су, Баба рухтарға салауат айту, дұға тілеу, діни жоралары кеңінен кемел байыпталады. Бір ғажабы – Күншығыстан Күнбатысқа көсілген Еуразия жотасындағы төрт бұрышты жұмбақ кесте жайы таңдай қақтырмай қоймайды. Әнес Сарай бұл орайда: «Төрт бұрышты кесте – төрт бұлыңды, бір-біріне кигізілгендей үш төртбұрыш – үш қат аспанды, ортадағы әджі (крест) Тәңірді бейнелеп тұрған іспетті. Кестенің жасы – кейінгі палеолит дәуірі деп белгіленуі – әлемнің жаралуы туралы осынау ғарыштық түсінік ежелгі Оңтүстік Сібір жұртының наным-сенімінің қайнар көз бастауы болғанына меңзейді» деп жазады. Расында, Орхон жазуындағы түріктердің дүниені қалайша қабылдайтыны мен жұмбақ кестедегі ой сарындары үндес.
Өркениет тарихында түріктердің бейнелеу өнері (керемет шеберліктің үлгісіндей Ту, Жалау, Байрақ сияқты мемлекеттік рәміздері) мен жазулары хақында білгірлікпен ой өрбітеді. Мәселен, 545-630 жылдарда Түрік қағанаты дәуіріндегі 1) Бұғыты кешені – Соғды тілінде, Қарағол кешені – қытай тілінде, Идэр кешені – брахми тілінде қашалып жазылған. Б.з.д. Есік қорғанындағы жазу көнеүнділік кхароштхи әліпбиі негізінде туған сақ жазуы екен. Демек б.д.д. VI-IV ғасырларда Іле алқабында тіршілік жасаған кхароштхи бірлестігінің жұрнағы «Қара Шор» атанған-ды. Бұл кхароштхи жазуы – дравид түріктерінің игілігі.
Танымпаздық қабілеті, ақыл-ой таразысы, парасат-пайымы жоғары Ә.Сарайдың осынау зерделі толғамдарында көк түріктерінің дүрілдеп-күркіреп өткен дәуірлері, алып, білікті қағандардың телегей тәжірибесі, тактикасы мен стратегиясы, барлаушылық, әскери өнері, дипломатиялық қарым-қатынасы, саясаткерлігі, билік ғибратнамасы, патриоттық ойлары (мысалы, Істемидің Византия Императоры Юстинге түрік тілінде хат жазуы) толық, жан-жақты әңгімеленген.
Мұнда ұлы қағандардың ойшылдық, шешендік тапқырлығына, сес сөзіне жарқын дәлел ретінде Істемидің ұлы Түріксанфтың византиялық елші Валентинге: «Бір өтірік айту үшін он тілде сөйлейтін римдік екенсің ғой» деп, он саусағын аузына апарды» дегенін Менандр Протектор жазып қалдырған.
Зерттеушінің «Сих», «Түрік», «Көктің ұлы» дейтін этнология мен этнолингвистикаға қатысты топшылаулары да, Басмыл-арғындар, Аргиппейлер мен «Алпамыс» эпосындағы 13 сюжеттің Гомердің «Одиссеясында» қайталануы хақында айтқан пікірлері де қызықты.
Жинақтай айтқанда, көк түріктерінің руханияты: тарихы, жазу-сызу өнері, ұлттық санасы жайындағы Әнес Сарайдың тарихи ой-тұжырымдары – Ұлы дала елінің шарайнасы іспетті.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор