Италияның Турин қаласында жүлде қоры 14 750 000 АҚШ долларын құраған АТР-дің қорытынды турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста әлемнің ең үздік теннисшілері өнер көрсетті.
Бақ сынаушылар қатарында испаниялық Рафаэль Надаль, норвегиялық Каспер Рууд, канадалық Феликс Оже-Альяссим, америкалық Тейлор Фритц (жасыл топ), грекиялық Стефанос Циципас, ресейлік Даниил Медведев пен Андрей Рублев және сербиялық Новак Джокович (қызыл топ) сынды дүлдүлдер болды. Әлемнің бірінші ракеткасы Карлос Алькарас жарақатына байланысты бұл турнирге қатыспады. Әр топтан үздік шыққан екі ойыншы жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде Рууд Рублевті, Джокович Фритцті жеңді. Ақтық айқас Сербия мен Норвегияның теннисшілері арасында өтті. 1 сағат 34 минутқа созылған тартыс 7:5, 6:3 есебімен алғашқысының пайдасына шешілді.
Осылайша, Новак Джокович қорытынды турнирде бесінші рет топ жарды.