Футболдан әлем чемпионаты басталғалы екі-үш күн ғана өтті. Десек те сол аралықтың өзінде бұрын-соңды болмаған бірнеше қызықты жайттар тіркелді.
Біріншісі – Қатар мен Эквадор арасындағы матч 2:0 есебімен Оңтүстік Америкадан келген команданың жеңісімен аяқталғаны белгілі. Егер тарихқа жүгінсек, жарыс қожайындары бұған дейінгі әлем чемпионаттарының бірде-бір тұсаукесер кездесуінде ұтылмаған. Осыған дейінгі бәсекелердің16-сында алаң иелері басымдық танытса, алтауы тең есеппен аяқталған. Ал жолы бұл сол статистика бұзылып, Қатар өз жерінде қарсыласына есе жіберді. Екіншісі – дәл сол ойында алғашқы гол 11 метрлік нүктеден қақпаға енді. Бұған дейінгі жарыстардың ешқайсысында алғашқы гол пенальтиден соғылмаған еді. Үшіншісі – Англия мен Иран арасындағы кездесу 117 минутқа созылды. Иран құрамасының қақпашысы Алиреза Бейранвандтың жарақат алуына байланысты төреші бірінші таймға бақандай 14 минут қосты. Екінші таймның негізгі уақыты аяқталғаннан кейін қос команда тағы 13 минут ойнады. Ал оның алдындағы Қатар мен Эквадор арасындағы матч 100 минутқа созылған еді.
АҚШ пен Уэльс арасындағы бәсеке 1:1 есебімен аяқталғаны белгілі. Америкалықтардың сапында Тимоти Веа гол соқты. Оның әкесі Джордж Веа кезінде теңбіл доптың теңдессіз шебері болған. Ол Либерия құрамасы сапында өнер көрсетіп, үш рет Африканың ең үздік футболшысы атанды. 1995 жылы «Алтын допты» иеленді. Веа – қара құрлық футболының тарихындағы осындай атаққа қол жеткізген тұңғыш және әзірге жалғыз ойыншы. Өзінің спорттық карьерасында Джордж ПСЖ, «Милан», «Челси» секілді белді клубтарда ойнап, көптеген биік белесті бағындырды. Үлкен спортпен қоштасқаннан кейін саясатпен айналысты. 2017 жылы ол Либерияның президенті болып сайланды. Оның үлкен ұлы да футболшы. Кіші Джордж Веа АҚШ құрамасы сапында екі ойын өткізіп, Еуропаның бірқатар клубының намысын қорғады. Ал Тимоти Веаның өзі 2000 жылдың 22 ақпанында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында дүниеге келді. Ол Францияның ПСЖ-сы мен Шотландияның «Селтигінде» ойнап, 2019 жылы «Лилльдің» жейдесін киді. Былтыр Тимоти Франция чемпионы атанып, ел суперкубогін иеленді. 2018 жылдан бері Веа АҚШ-тың ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетеді.
Немістердің Transfermarkt веб-сайты бұл күндері футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы ең қымбат ұлттық құрама командалардың тізімін жариялады. Үздіктер көшін Англия құрамасы бастап тұр. Ағылшындардың барлық ойыншының жалпы құны – 1,26 миллиард еуро. Солардың арасындағы ең құндысы – Фил Фоден. 22 жастағы «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы 110 миллион еуроға бағаланып отыр. Одан кейінгі сатыларға Джуд Беллингем (100 миллион), Бакайо Сака мен Харри Кэйн (90 миллион), Деклан Райс (80 миллион), Мейсон Маунт (75 миллион), Рахим Стерлинг, Джек Грилиш және Трент Александер-Арнольд (70 миллион) сынды теңбіл доп шеберлері жайғасты. Екінші және үшінші орындарда – Бразилия мен Франция. Бұл мемлекеттердің футболшылары 1,14 және 1,03 миллиард шамасында. Бразилияның беткеұстары Винисиус Жуниор 120 миллионға бағаланса, француздардың дүлдүлі Килиан Мбаппенің трансферлік құны 160 миллион еуроны құрап отыр. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Португалия (€ 937 млн), Германия (€ 886 млн), Испания (€ 872 млн), Аргентина (€ 645 млн), Нидерланд (€ 587 млн), Бельгия (€ 563 млн) және Уругвай (€ 450 млн) құрамалары бар.
Әйгілі NBC Sports сайты әлемдік доп додасының ең үздік ойыншыларының рейтингін жариялады. Бұл тізімде Лионель Месси көш бастап тұр. 35 жастағы Аргентина құрамасының сұрмергені өз елінің ұлттық құрамасы сапында сонау 2005 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Сол аралықта ол 165 рет жасыл алаңға шығып, 91 голдың авторы атанды. Екінші орында – Килиан Мбаппе. 23 жастағы Францияның жұлдызы алғаш рет 2017 жылы ұлттық команданың жейдесін киген еді. Бес жыл аралығында ол 58 ойынға қатысып, 28 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Үшінші сатыға Кевин Де Брёйне жайғасты. 31 жастағы жартылай қорғаушының Бельгия құрамасы сапында ойнап жүргеніне 12 жылдан асты. Сол кезден бері 92 матчта алаңға шыққан ол 25 мәрте мергендік танытты. Сондай-ақ ТОП-10 футболшының қатарында Кәрім Бензема (Франция), Неймар (Бразилия), Харри Кэйн (Англия), Садио Мане (Сенегал), Алиссон (Бразилия), Роберт Левандовски (Польша) және Винисиус Жуниор (Бразилия) сынды саңлақтар бар. Ал Португалияның атақты ойыншысы Криштиану Роналду 11-сатыға жайғасты.