9-11 және 16-18 желтоқсан аралығында Алматыдағы «Халық Аренада» шорт-тректен Әлем кубогінің үшінші және төртінші кезеңдік сайыстары өтеді. Бұл жарысқа 30-дан аса мемлекеттен келген 250 спортшы қатысады деп күтілуде. Солардың қатарында Олимпия ойындары, әлем чемпионаты және басқа да байрақты бәсекелерде атой салған спортшылар бар.
Күні кеше ғана аталған жарыста Қазақстанның туы астында кімдердің өнер көрсететіні белгілі болды. Ерлер арасында Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Нұртілек Қажығали, Еркебұлан Шамұханов және Санжар Жанысов ел намысын қорғаса, әйелдер сайысында Ольга Тихонова, Яна Хан, Мәдина Жанбосынова, Анастасия Астраханцева, Алина Әжіғалиева және Алёна Волковицкая өнер көрсетеді. Олардың дені – халықаралық ірі жарыстарда жүлде алып жүрген сақа спортшылар. Сол себепті де біз Алатау баурайында өтетін аса жауапты жарыста өз жерлестерімізден жарқын жеңістер күтеміз.
Естеріңізге сала кетейік, Әлем кубогінің алғашқы кезеңі биыл Канаданың Монреаль қаласында өтті. Үйеңкі жапырақтар елінде Қазақстанның ерлер құрамасы командалық эстафетада күміс медальды иеленді. Екінші кезеңді АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласы қабылдады. Ол жерде үш бірдей өреніміз жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Абзал Әжіғалиев (500 метр) пен Денис Никиша (500 метр) күміс алса, Әділ Ғалиахметов (1000 метр) қола медаль иеленді.
Аталған жарыстың бесінші кезеңі 3-5 ақпан аралығында Германияның Дрезден қаласында ұйымдастырылады. Содан дәл бір апта өткен соң Нидерландтың Дордрехт шаһарында финалдық сайыстар өтеді. Ал 10 наурызда Оңтүстік Кореяның астанасында әлем чемпионатының жалауы желбірейді.