• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Таным 23 Қараша, 2022

Азаттық бастаулары

552 рет
көрсетілді

Жақында «Дәуір» баспасынан Бейбіт Қойшыбаевтың «Тәуелсіздік тамырлары» атты кітабы жарық көрді.

Кітап алғысөзінде мемлекеттік тәуелсіздіктің туын биік көтеріп жүретін, еліміздің мызғымас бо­ла­шағының тағдырын қолда бекем ұстайтын күш қазіргі жас ұр­пақ болғандықтан, бұл еңбектің басты мақсаты осы өскелең буын­ның бүгінгі рухани болмысын қа­­лыптастыруға ықпал ету екені атап айтылады. Кітапқа Отан та­рихының әр кезеңінен және сол ке­зеңдердегі тарихи тұлғалардың қыз­метінен, сондай-ақ кеңестік дәуірде саяси қуғын-сүргінге ұшы­раған азаматтардың, елдің да­муында өшпес із қалдырған қай­раткерлердің өмір жолдарынан мағлұмат беретін зерттеулер, ма­қалалар, анықтама сипатты жаз­балар, ғылыми-практикалық кон­ференцияларда жасалған баян­да­малар мен солардың негізінде жа­зылған публицистикалық жұмыс­тар енген.

Жинақ шағын түсіндірмелері бар бес бөлімнен тұрады. Ал­ғашқы бөлім («Ақбас та­уарих­­тан») тәуел­сіз кезеңдегі (XV-XVIII ғғ.) Қа­зақ Ордасы дәуірінен бастап, отар замандағы күрестерден, XX ғасырда монар­хия іргесін шайқалтуға өзіндік үлес қосқан Он алтыншы жыл оқиғасынан, азаттық қозғалысының шарықтау шегіне дейінгі кезеңдерден ақпарат бе­реді. Екінші бөлімде («Кеңестік кезеңнен») кеңес заманы тарихынан бірқатар мағлұмат бар. Оларда еліміздің тағдырында шешуші рөл атқарған билеуші коммунистік партияның құрылымы түсінді­рі­ліп, сол партияның бастауымен өмір сүрген уақытта қайғы-қа­сіретке ұрындырған оқиғалар, тоталитарлық жүйенің көбесін сө­гуге із салған 1986 жылғы жас­тардың саяси ереуілі жайын­да әңгімеленеді. Үшінші бө­лімге («Тәуелсіз дәуірден») қа­зіргі мемлекеттік тәуелсіздік ке­зеңіндегі маңызды оқиғалар ар­қау болған. Төртінші бөлімде («Тағдыр-тамшылар») кеңестік дәуірде өз халқына қарсы бағыт­тал­ған мемлекеттік террор құр­бан­дарының бір тобы жайында мағ­лұматтар беріледі. Кітаптың қо­рытындылаушы бөлігі сынды «Тағзым» атты бесінші бөлімінде ел тарихындағы елеулі белестер мен бірқатар ірі тұлғалар атаулы да­таларына орай еске алынған.

Жазушы, публицист, тарих ғы­­лымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Б.Қойшыбаев – Алаш қозғалысын, тарихтағы «ақ­таң­дақ­тарды» алғаш зерт­теу­ші­лер­дің бірі. Тұңғыш рет әдебиет әлемінде 1970 жылы «Кемпірқосақ – көк ас­пан» әңгімесімен көрінген-ді. Содан бері оның қаламынан көр­кем туындылармен бірге, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тарихын, өзекті қоғами мәселелерді қоз­ғайтын көптеген тарихи-та­нымдық, публицистикалық ең­бек­тер туды. Шығармалары қа­та­рында «Жастық шақ жыр­лары»­ атты әңгіме, хикаят, ро­ман­дар бір томдығы, «Өртең өскіндері» («Керней», «Балдәурен», «Гүл­­дәурен», «Жас­дәурен-І», «Жасдәурен-ІІ») ха­мсасы, он дәп­терден тұра­тын «Ала­шия» рисәләсі бар. Орыс­ша­дан аударған 19 балалар кіта­­бы жарық көрген. Бірнеше жи­нақ­тың құрастырушысы. Қазір қысқаша таныстырылып отырған «Тәуелсіздік тамырлары» жинағы бұдан бұрын шыққан «Тарих және тұлға», «Ұлттық қозғалыс сар­базы», «Өмір – күрес» кі­тап­­та­ры тәрізді Мә­дениет және спорт министрлігінің арнайы бағ­дарламасы аясында жарық көрді.

Кітап Отан тарихын сүйетін қалың оқырман қауымға, жастарға, студенттер мен оқушыларға арналған.

 

Балжан ХАБДИНА,

Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері