Соңғы күндері футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы төрт ойынды тамашаладық. Алғашқы матч «С» тобындағы Аргентина мен Сауд Арабиясы құрамалары арасында өтті. Иә, Оңтүстік Америкадан келген команда аталған жарыстардың басты фавориттерінің бірі екені сөзсіз. Ал Cаудия – таза аутсайдер. Осы бәсеке өткенге дейін майталман мамандардан бастап, миллиондаған жанкүйерге дейін дәл осындай пікірде еді.
Жоғарыда аталған қос команданың ойынын тамашалау үшін 88 012 көрермен Лусаилдегі «Ұлттық стадионға» жиналды. Ресми деректерге сүйенсек, бұл спорттық нысан 80 000 көрерменге ғана есептелген. Оның сыртындағы сегіз мыңнан астам адамды аталған стадионның қызметкерлері қай жерге сыйдырғаны бізге беймәлім. Ол жайында ешбір жерде айтылған да, жазылған да жоқ. Десек те сол ойынның куәсі болғандар осы «ымырасыз айқастан» керемет әсер алып, үйді-үйлері мен мейманханаларына көтеріңкі көңіл күйде тарасқаны анық. Бұл кеште тек аргентиналық жанкүйерлер мен Лионель Мессидің тілеулестері ғана мұңайды.
Бәсеке бірден Аргентина футболшыларының екпінді шабуылымен басталды. Шабуыл шебінде Месси, Анхель Ди Мария, Лаутаро Мартинес сынды шеберлері бар аса азулы команда бәсеке басталған бетте-ақ Сауд Арабиясы құрамасының тас-талқанын шығаруға бекінді. Алғашқы гол да көп күттірген жоқ. 10 минутта қарсыластар қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлік нүктеге Мессидің өзі келді. Аргентинаның бағына туған ұл мүлт кеткен жоқ – 1:0.
Әрине, аутсайдерге қарсы ойында аргентиналықтардың бір ғана голды қанағат тұта қоймайтыны анық. Толассыз шабуыл одан кейін де бір бәсеңдеген жоқ. Бірінші таймның өзінде олар тағы үш мәрте нысананы дәл көздеді. Бірақ словениялық төреші Славко Винчич бұл голдардың ешқайсын есепке алмады. Өйткені олардың барлығы да оффсайттан соғылды. Жалпы, сол 45 минут аралығында Лионель Скалонидің шәкірттері ойыннан жеті рет тыс қалды. Сонымен қатар Мохаммед Әл-Уваистың да мінсіз ойынын атап өтуге тиіспіз. «Әл-Хиляльдің» 31 жастағы қақпашысы керемет сейвтер жасап, кемінде бес рет өз командасын аса қауіпті жағдайдан құтқарып қалды.
Саудиялықтар да ара-тұра шабуылдады. Бірақ негізінен олар көп күштерін қорғанысқа жұмсап, өз қақпаларына тағы гол жіберіп алмаудың қамын көбірек ойлады.
Үзіліс кезінде 54 жастағы француз маманы Эрве Ренардың өз шәкірттеріне не айтқаны беймәлім. Бір анығы, 15 минуттан кейін біз мүлде басқа Сауд Арабиясын көрдік. Екінші тайм басталған бетте Салех Әл-Шехри таразы басын теңестірсе, көп кешікпей Сәлем Әл-Давсари өз командасын алға шығарды – 1:2. Бас-аяғы төрт-бес минут аралығында екі гол соққан Азия құрлығының өкілдері одан кейін Аргентина футболшыларының еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Өте сауатты қорғанған олар барлық қауіптің бетін қайтарып, өздеріне қажетті есепті матчтың соңына дейін сақтап қалды. Осылайша, жер-жаһандағы сан миллион жанкүйер ХХІІ әлем чемпионатындағы алғашқы сенсацияның куәсі болды.
Жоғарыда аталған матчтың шиеленісті өткені соншалық, Аргентина құрамасы шабуылдаған сәттердің бірінде допты кері қайтару үшін жанұшыра алға ұмтыла секірген саудиялықтардың қақпашысы Мохаммед Әл-Уваис өзінің командаласын тізесімен қатты соғып өтті. Басынан алған соққыдан кейін Ясир Әл-Шахрани көпке дейін есін жия алмай, жасыл алаңда жатты. Оны дәрігерлер зембілге салып әкетті. Кейін белгілі болғандай, оның жағы сынып, бет сүйектері қатты шытынап кеткен екен. Осы оқиғадан кейін Саудия билігі қорғаушыны жеке ұшақпен Германияға жеткізуді ұйғарды. Қазіргі кезде Ясирге операция жасалмақ. Міне, кейде жеңіске жету жолында осындай тәуекелге де баруға тура келеді.
«С» тобындағы Мексика мен Польша және «D» тобындағы Дания мен Тунис құрамалары арасындағы кездесуде есеп ашылған жоқ – 0:0. Сәрсенбіден сейсенбіге қараған түні Франция мен Аустралия жасыл алаңға шықты. Дидье Дешамның шәкірттері қарсыластарын менсінбеді ме, әлде жасыл құрлықтың өкілдері адуынды болды ма, әйтеуір солар бірінші болып гол соқты. Мэтью Лекодан жақсы пас алған Крейг Гудвин допты қақпаға тоғытты. Тек содан кейін ғана ес жиған француздар бірте-бірте ойын тізгінін қолға алды. 27 минутта Адриана Рабьо таразы басын теңестірсе, арада бес минут өткен соң Оливье Жиру өз командасын алға шығарды.
Үзілістен кейін де әлем чемпиондарының басымдығы анық байқалды. Өз ойынын тапқан олар аустралиялықтардың қақпасын тағы екі мәрте дәл көздеді. 68-минутта Килиан Мбаппе мергендік танытса, 71-минутта Жиру дубльдің авторы атанды. Сөйтіп, бұл матч 4:1 есебімен аяқталды.