Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-дің жаңартылған рейтингі жарияланды. Бірден айта кетейік, Pound-For-Pound тізімінде айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Көш басында – жартылай жеңіл салмақта күш сынасып жүрген Аустралияның апайтөсі Александр Волкановски. Сондай-ақ ТОП-10 файтердің қатарында Ислам Махачев (Ресей), Леон Эдвардс (Ұлыбритания), Камару Усман (АҚШ), Фрэнсис Нганну (Франция), Исраэль Адесанья (Жаңа Зеландия), Чарльз Оливейра (Бразилия), Алекс Перейра (Бразилия), Алджамейн Стерлинг (АҚШ) және Иржи Прохазка (Чехия) сынды саңлақтар бар. Ал өз салмақ дәрежелері бойынша мына спортшылар чемпиондық атақты иеленуде: Фрэнсис Нганну (120, 2 кило), Иржи Прохазка (93 кило), Алекс Перейра (83,9 кило), Леон Эдвардс (77,1 кило), Ислам Махачев (70,3 кило), Александр Волкановски (65,8 кило), Алджамейн Стерлинг (61,2 кило) және Дейвесон Фигередо (56,7 кило).
Қандастарымыздың арасынан ең үздік көрсеткіш Шавқат Рахмоновқа тиесілі. 77,1 кило салмақта күш сынасып жүрген ол 10-орынды иеленуде. Ресейдің Орынбор облысында туып-өскен Дамир Исмағұлов 12-орынға тұрақтаса, Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келген әзербайжандық Рафаэль Физиев 6-сатыға жайғасты. Олардың екеуі де 70,3 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.