• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Қараша, 2022

Сенім мен үміт көрінісі

307 рет
көрсетілді

Адамзаттың асыл ойлы данышпаны Жүсіп Баласағұнның он ғасыр бұрын жазған осы бір сөзі ХХІ ғасырда да өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, маңыздылығы еселеп артты деуге болады. Тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына аяқ басқанда еліміз үлкен сыннан өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл іс-шараларды қолға алуы мемлекетке төнген қауіпті қысқа уақытта жойып, болуы ықтимал аса күрделі саяси-экономикалық, әлеуметтік дағдарыстан шығуымызға мүмкіндік берді.

Бұл қиындық халқымызды шыңдады. Мемлекет басшысына деген сенім артты. Биыл маусым айында өткен референдумда Қазақстан халқы Пре­зидент бастамаларына қолдау білдірді. Президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кан­ди­датурасын халықтық коали­цияның ұсынуы және оны сай­лаушылардың басым көпшілігінің қолдауы осы сенім мен үміттің нақты көрінісі.

Бұл сенім мен үміт негізі Қ.Тоқаевтың халықтың мұңын, оның зарын ести білетіндігінде жатыр. Соңғы үш жарым жылдан бергі Президент бастамасымен қолға алынған өзгерістер осы сөзіміздің дәлелі іспетті.

Республикалық қоғамдық штабта ұсынған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқай­сымыз үшін қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы және оны іске асырудың үш қағи­даты – қоғамның көптен күткен ойы. Осы кезге дейін қолға алын­ған іргелі реформалар және жоғарыда аталған бағдарлама – Қасым-Жомарт Кемелұлы табиғатының, ішкі жан дүниесінің көрінісі. Ол – қоғамдағы қайшы­лықтарды тереңінен білетін сергек сезімді басшы.

Оған Сенат депутаты болған кезде көзім жеткен, куәсі бол­ғанмын. Қ.Тоқаев Сенат Төрағасы ретінде өңірлердің мәселелеріне ден қойып, олардың шешілуіне тікелей араласып, қолдау көрсетіп отырды. Атырау облысының күрделі экономикалық, эколо­гиялық және әлеуметтік мәселе­лері сол уақытта Сенат Төрағасы лауа­зымында болған Қасым-Жомарт Кемелұлының көңіл бөліп мән беруінің арқасында шешімін тапты.

Ресей Федерациясына әске­ри мақсатта жалға берілген «Тай­сойған» полигонының жерін қайтару ұзақ жыл өткір мәсе­леге айналып, тұрғындардың нара­зылығын тудырған еді. Ол елдің көріп отырған қиындығын, тартып отырған азабын ести білді. Естіп қана қойған жоқ мыңдаған адамның тағдырына байланысты аса күрделі мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Жер ел игілігіне қайтарылды. Қазір тұрғындар шөбі шүйгін, шаруаға қолайлы жерде кәсібін ашып, нәсібін табуда. Ризашылықтары шексіз. Полигон жерін қайтару туралы Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылған күні Парламенттің бір топ депутаты Санкт-Петербург қаласында едік. ТМД елдерінің Парламенттік Ассамблеясының кезекті бір отырысына келгенбіз. Үзіліс кезінде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Заңға Президент қол қойды, құттықтаймын», деген сәті әлі есімде. Ай сайын емес, апта сайын Сенатта қабылданып, Мемлекет басшысы қол қоятын заңдар көп. Бірақ жоғары лауазымды қыз­метте жүрген Қ.Тоқаевтың жа­дында «Тайсойған» полигонына байланысты заңның қалуы кез­дейсоқ емес. Бұл ел алдында жүр­ген азаматтың тұрғындардың жай-күйін сезіне білген сергектігінің бір көрінісі еді.

Он жеті рет жерасты ядролық сынағы өткізілген «Аз­ғыр» полигонының жергілікті ха­лықтың денсаулығы мен қор­шаған ортаға тигізген зияны зор болды. Он мыңға жуық адам тұратын шалғайдағы ауыл тұр­ғын­дарының мұң-мұқтажына бай­ланысты мәселелер де ол кісінің назарынан тыс қал­мады. Сенат қабырғасында көте­рілген өңірге қатысты айтыл­ған ұсыныстарға сергек қарап, орталық мемлекеттік орган­дарға тиісті тапсырмалар беріп отырды. Азғыр өңіріне министр­лік пен коми­тет басшы­ларын апару, тұрғын­дармен кез­десіп, мәселелерді шешу туралы ұсы­ныс­тарыма үнемі түсініс­тікпен қарап, қолдау көр­сетті. Осындай түсіністік нәти­жесін­де бірнеше рет Азғыр өңіріне ісса­пармен бардық. Бүгінде өңірге қарасты біраз мәселе шешімін тап­ты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны сөзсіз.

Жылдар бойы сөз болып іске асырылмай келген «Атырау-Ас­трахань» автомобиль жолының құрылысы да тікелей Қ.Тоқаевтың араласуымен 11 жыл дегенде басталғанын айта кеткен жөн. Үкімет пен Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жө­ніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалған Сенат отырысында жол мәселесін қайта көтеруіме тура келді. Үкімет мүшелерінің сырғытпа жауаптарына риза болмаған Сенат Төрағасы бұл сұраққа жете мән беріп тез арада құрылыс жұмысын бастауды тапсырып және осы жылы қолға алынбаса, тағы да бірнеше жылға созылып кетуі мүмкін деген қауіпті де ескертті. Түскі үзіліс кезінде Сенат Төрағасының қабылдауынан телефон соққан қызметкер «Сізді Қасым-Жомарт Кемелұлымен қосамын» деді. Төраға жол мәселесінің маңыздылығына тоқталып, Үкімет басшысына қосымша сөйлесіп тапсырма бергенін және сағат үште Үкіметте шұғыл жиналыс өтетінін, менің сол жиналысқа қатысып, нақты ұсыныс бергенім жөн екенін айтты. Астанадан үш мың ша­қырымға жуық алыстағы ауылдың жай-күйіне ерекше көңіл бөлген Қ.Тоқаевқа риза болдым. Бұл 2018 жылдың 11 маусымы болатын. Үкіметтің бірнеше мүшесі және басқа да жауапты орталық мем­лекеттік органдарының басшысы қатысқан жиында ұсыныстарым толық қолдау тапты. Жол картасы дайындалып, қыркүйек айына дейін мердігер компанияны анық­тау, келісімшартқа қол қою сияқты негізгі жұмыстардың мер­зімі анықталды. Ресеймен шека­рада орналасқан, 60 мың тұрғыны бар Құрманғазы ауданы­нан өтетін жол толық іске қосылды. Маңызды халықаралық автомо­биль жолының құрылысы осылай басталды.

Экономиканың мүмкіндігі мол саласының бірі балық шаруашылығын дамыту – кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Бұл сала, әсіресе, Жайық пен Қиғаш арасын, Каспий жаға­сын қоныстанған Атырау жұрт­шылығы үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да аса маңызды. Өкінішке қарай, салаға жете көңіл бөлінбеуден бұрынғы балық аулау және өңдеу өндірістері жабылып, өзен арналары тартылып, жергілікті халық қиын жағдайға душар болды. Оның үстіне Үкімет тарапынан асығыс қабылданған шешімдер шағын балық аулау ұжымдарының жұмысын қиындатып жіберді. Көршілес Ресей балықшыларымен салыс­тырғанда отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігіне қолдан шектеу салынды десек артық болмас. Жағдайды түзеу тиіс­ті заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізуді, Жайық пен Қиғаш өзендерін тереңдету сияқты жүйелі жұмысты, қомақты қаржыны қажет етті. Міне, бұл мәселелердің барлығы тікелей Сенат Төрағасының қолдауы нәтижесінде іске асты.

Құрманғазы ауданының бір топ ақсақалы мен аудандық мәслихат депутаттары 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Кемелұлына ризашылықтарын білдіріп алғыс хат жолдады. Іргелі аудан атынан жолданған хатта: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Тура биде туған жоқ» дегендей Сіздің өз еліңіздің туған перзенті ретіндегі әділдігіңіз, турашылдығыңызды, аса білімдарлығыңызды жақсы білеміз. Биіктігіңіз аласармай, халқыңыздың нақ сүйер ұлы, дана қабілетті арқалы азаматы, дарынды басшысы сапында жасам­паздықпен жасай беріңіз», деген жолдар бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған ел тілегі қабыл болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық сеніміне ие болған президенттік қызметінде әділетті қоғам құру, халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында қажырлы қызмет атқарып жатыр. Алда бұдан да ауқымды жұмыстар бар. Елдің болашағы білікті, парасат пайымы жоғары, халқының сеніміне ие, кісілігі мол басшыға байланысты. Осы тұрғыдан алған­да Қ.Тоқаев ел дамуының бола­шағы үшін мемлекетті басқаруға лайықты тұлға деп есептеймін.

Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» кітабында:

«Шыншыл, сара басшы керек

халыққа,

Халық үшін түсіп шығар

тамұққа.

Жасай алар ізгілік пен ірілік

Заң, ұятты сақтай білер жүгініп», дейді. Ол сондай-ақ:

«Кісі аз емес, аз кісілік,

Кісіліктің қадірін біл түсініп», деп ұрпағына өсиет қалдырған. Дананың сөзіне құлақ қояр хал­қымыз ел үшін маңызды кезеңде дұрыс таңдау жасады.

Президент бастамалары мен халық қолдауы болашаққа деген үмітті нығайтып, сенімді күшейтті. Бұл үміт пен сенімнің іске асуы әрқайсымызға тікелей байланысты. Қоғамда өмір сүріп, одан тыс тұруға болмайды. Әрбір адам – өз өмірінің қожасы ғана емес, мемлекеттің де тірегі. Әр адам өзіне жоғары талап қойып, білім мен өнерді игеріп, еңбек қылуға ұмтылса ғана біз дамыған мемлекеттер қатарына қосылып, келер ұрпақ үшін жарқын болашақтың жолын саламыз.

 

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

заңгер