• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Қараша, 2022

Плюрализм бағытындағы өзгеріс

342 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық және демократиялық реформалар бағдарламасы аясында кезектен тыс президент сайлауын жариялағаннан кейін саяси додада жеңіске жетті, деп хабарлады саяси редактор Ник Пауэлл.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін жа­рия­ланған экзит-полл Қазақстан көшбас­шысына 82,45 пайыз дауыс берілгенін ха­барлады. Оның бес қарсыласы 2 па­йыздан 3,33 пайызға дейін қолдауға ие болды. Дауыс беруге қатысу 69,43 па­йызды құрады.

Президент саяси додаға халықтық коалицияның үміткері ретінде түсті. Жаңа конституция бойынша Мемлекет басшысы бір мерзімге жеті жылға сайланады. Орталық сайлау комиссия­сы 22 қарашаға дейін қорытындыны бекітті. Бұл – осы елдің суперпрезиденттік жүйеден президенттік-парламенттік жүйеге көшіретін реформалар туралы референдумнан кейінгі әділетті Қазақстанға қадам басуы.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының бұрынғы орынбасары, Пр­е­зидент Тоқаев өз билігін бір мерзіммен шектеді. Ол жыл басында «Президент партиялық саясаттан жоғары тұруы керек» деп биліктегі «Аmаnаt» партиясынан шықты. Сондай-ақ саяси партиялар­ды құруды жеңілдететін реформалар ен­гіз­ді. Келесі жылы әлеуетті Парламент сай­ланады.

Сыртқы саясатта Президент тәуелсіз бағытынан жаңылған жоқ. Кейінгі кезде халықаралық шекаралардың кез келген күштеп өзгеруіне қарсылық білдіруі оның Ресейге қатысты көзқарасынан хабар береді. Өйткені Қытаймен және Еу­ро­палық одақпен жақынырақ қа­рым-қатынас орнатуға ұмтылды. Шы­­ғыс пен Батыс арасындағы сауда дәлі­зін­дегі Қазақстанның шешуші геосая­си ұстанымы Қытай басшысы Си Цзинь­пинге ұнағаны анық. Сондықтан коронавирус пандемиясы басталғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Қазақстаннан бастады.

Дәл сол секілді еуропалық көш­басшылар да Астанаға жиі келе бастады. Бірнеше күн бұрын Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель ат басын тіреді.

«Президент Қ.Тоқаевпен және Пре­мьер-Министрдің орынбасары және Сырт­қы істер министрі М.Тілеубердімен кезде­суде қарым-қатынастарымыздағы оң серпінді қалай алға жылжыту ке­ректігін талқыладық», деді ол. Сондай-ақ Қазақстан ЕО үшін маңызды әріп­тес екенін атап өтті. Мұнай (жалпы, им­порттың шамамен 8 пайызы), газ, уран және басқа да маңызды шикізат жеткі­зетін сенімді серіктес деп мәлімдеді.

«Саяси тұрғыдан алғанда Қазақстан саяси плюрализм бағытында жүріп жатқан түрлі реформаларды бастан өткерді. Биылғы Президент және келесі жылғы Парламент сайлауы мұның ма­ңызды бөлігі», деген Ж.Боррель Қазақ­станның одан әрі ілгерілей бере­тініне сенім білдірді. Халықаралық байқаушылар сайлау үдересінде елеулі бұзушылықтар болмағанын хабарлады. Астана мен ең ірі қала Алматыда халықтың сайлауға қатысуы айтарлықтай төмен болғанымен, сайлаушылар көптеп жиналды. Шетелдік өкілдер мұндай өзгерістерге еркін және әділ сайлауда ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.

«Бүгін – өте маңызды, тарихи күн. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беріп отырмыз. Шын мәнінде, биыл оңай болған жоқ. Бірақ халқымыз жұмылып, қиындықтардың бәрін еңсерді. Енді алдымызда тұрған өте ауқымды міндет, мақсат бар. Атқаратын жұмыс әлі де көп. Саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жазда жалпыұлттық референдум өтті. Енді, міне кезектен тыс президент сайлауы өткізіліп жатыр. Келешекте бұл жұмыстар жалғаса береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада дауыс бергеннен кейін.