Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Кубаның Қазақстандағы Төтенше және толық өкілетті елшісі Карлос Энрике Вальдес Де Ла Консепсионды қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Сұхбаттастар Қазақстан-Куба ынтымақтастығы мәселелерінің кең ауқымын талқылап, денсаулық сақтау, туризм, спорт салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін перспективалы бағыт ретінде атап өтті.
Палата Төрағасы Мәжілістің қызметі туралы айта келіп, депутаттық корпустың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіргізу жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жүргізіп жатқан заң шығару жұмысына баса мән берді.
Өз кезегінде елші Қазақстанның ел Президентінің басшылығымен қол жеткізген табыстарын жоғары бағалады. Бұл ретте елші біздің елімізде «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттарға жету үшін толық мүмкіндік бар екеніне сенім білдірді.
Қ.Жақыпов және К.Вальдес Де Ла Консепсион Қазақстан-Куба қатынастарын дамытуға парламентаралық байланыстарды нығайту да өз ықпалын тигізетіні туралы ортақ пікір білдірді.