Шығыс Қазақстан облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзған 350-ден астам адам жауапқа тартылды.
Өңірде браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында «Браконьер» жалпы республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Арнайы операцияға жергілікті полиция қызметі, көші-қон және криминалдық полиция, сондай-ақ «Орманға жедел ден қою жасағы» инспекторлары, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының аңшылық шаруашылығы күштері жұмылдырылған.
Облыс бойынша барлығы 380-нен астам рейд ұйымдастырылған. Оның барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзған 10 қылмыстық құқықбұзушылық, оның ішінде 2 – заңсыз аң аулау, 7 – балық ресурстарын заңсыз өндіру және 1 – жерді тиісті пайдаланбау фактісі анықталды. Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылардың 358-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде, 236-сы – аң аулау қағидаларын бұзған, 101 – балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін, 8 – ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін, 8 – қаруды сатып алу, беру, есепке алу, сақтау тәртібін бұзғаны үшін, тегіс ұңғылы, газды қару мен патрондарды сақтау, алып жүру, тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін – 5. Құқық бұзушылардан 78 құрал, оның ішінде төрт қайық, үш қайық моторы, алты атыс қаруы және жалпы ұзындығы 5 850 метр ҚХР өндірген 65 монофиламенттен жасалған синтетикалық ау тәркіленген. Барлық тәркіленген ау өртеу арқылы жойылды. Жалпы сомасы 1,6 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Шығыс Қазақстанның тұмса табиғаты кез келген адамды өзіне баурап тұратыны сөзсіз. Бұл өңірде жалпыұлттық деңгейдегі ауданы 1,5 млн гектардан асатын 24 табиғатты қорғау аймағы бар.