• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Ана тілінің құдіреті

6696 рет
көрсетілді

Оны меңгергендер өзге тілді іркіліссіз үйренеді Қазақстан Республикасының Президенті – Н.Ә.Назар­баевтың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мем­лекет­тің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тіл­дерін де белсенді меңгеруі үшін жағдай жасауға шаралар қабыл­дап жатырмыз. Үш тілділік мемлекеттік деңгейден ынталан­дырылуы керек. Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қара­сақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені бар­шаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқы­лы қазақстандықтар бір­­неше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен арала­са­тын ортасын кеңейтіп келе жат­қанын жоққа шығармауға тиіс­піз. Біз ағыл­­шын тілін меңгеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктер ашады», деп көрсетілуі еліміздің тілдік кеңістігінде бірнеше тілдік орта қалыптастыру керектігін ай­қындайды. Қазақстанда көп тілді меңгеру – бүгінгі күннің көкейтесті мәсе­лесіне айналып отыр. Ендеше, осынау күрмеуі қиын сұрақтың түйінінің оң шешілуіне байланысты қолға алынуға тиісті міндеттерге тоқталмақпыз. Әлемнің алпауыт мемлекет­теріндегі іргелі жоғары оқу орындарымен байланыстың негізгі діңгегі, әрине тіл болып отырғаны баршамызға аян. Өйткені, тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сондай-ақ, еларалық мәдениет, тарих, білім-ғылымнан хабар берер үлкен достық көпіріне айна­лып отыр. Қазақстандық білім жүйесін әлемдік деңгейге көтеріп, халықаралық стандартқа сай қимыл жасай отырып, төрткүл дүние төрінен табылайық десек, әлем тілдірін меңгерген маман­дарға деген талапқа да жаңаша көзқарас қалыптастырар кез келді. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуіне байланысты Қазақ­стан шет мемлекеттермен қа­рым-қатынасын жан-жақты нығай­та түсуде. Елшіліктер мен дип­ло­матиялық қарым-қатынас барысында шет тілі үлкен рөл атқара­тындығы сөзсіз. Сондықтан қазір жоғары оқу орындарында, сондай-ақ мектептерде шет тіл­дерін мең­геруге ерекше ден қойыла бастады. Тіл қарым-қатынас құралы десек, шет мемлекеттермен байланыс ор­натуда оның алатын орны да ерекше. Шет тілі мамандарын дайындау ісінде де атқарылар шаруалар аз емес. Бұл тұрғыда тар бағдарлама аясында қалып қоймай, кез келген шет тілін үйренуді мемлекеттік тілмен бірге және табан астында тәржімалай алатын деңгейге жеткізу қажет. Яғни, еркін қарым-қатынас жасауға машықтанған абзал. Бұл тұрғыда қазақтың біртуар азаматы Халел Досмұхамедов: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш», деп айтқаны ойға оралады. Сондықтан шет тілі мамандарын дайындау барысында осы ұстанымға ерекше мән берілуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік тіл арқылы шет тіліне даңғыл жол ашуымыз керек. Осы бағытпен жүрсек қана, Қазақстанда шетел тілдерін меңгерумен қатар, қазақ тілі кеңістігінің салтанат құруына қол жеткізетініміз анық. Осы күнге дейін шет ел тілі десек, тек Еуропа тілдерін, нақ­ты­лай айтсақ, ағылшын, неміс және француз тілдерін ғана тілге тиек ететінбіз де, соларды ғана оқытатынбыз. Бүгінде шет ел тілі мамандарын даярлауда біржақтылық болғанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Оның үстіне кезінде орыс тілін үйренуді жаппай науқанға айналдырсақ, енді оны ағылшын тілімен ауыстырып отырмыз. Тек бір шет тілін ғана тереңдетіп үйрету – бір­жақтылыққа соқтыруы ықтимал. Сол себепті, ағылшын тілінің әлем­­дік абыройына ешбір күмән кел­тірмей, біз басқа да шет тіл­дерін игеруді мықтап қолға ал­ғаны­мыз жөн. Біржақтылық үрді­сін ушықтырып алмай, дер кезінде бәрін де тең дәрежеде ойластыру мемлекетіміздің де жан-жақты өркендеуіне ықпал етеді. Ендеше, тек, еуропа емес, сондай-ақ шығыс тілдеріне де ден қоятын кез келді. Рас, бұл салада азын-аулақ жұмыс атқарыла бастағанын жоққа шығара алмаймыз. Шет тілін үйрету үшін алдымен оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың, сөздіктер мен тіл­ашарлардың, оқу құралдарының орны бөлек. Мемлекеттік тілдің ерекшеліктерін ескере жазылған төл оқулықтар дүниеге келе бас­тады. Алайда, бұл әлі жеткіліксіз. Мемлекет тарапынан қолдау жа­ғы керемет деп айтуға әлі ерте. Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бастап бүгінде оқушыларымыз төл оқулықтарымызбен білім алуда. Мектептерге арналып шет тіліне қатысты оқулықтар жүйелі түрде жазыла бастады. Ал жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу мәселесінде біршама қиын­дықтар кездеседі. Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 5 қыркүйектегі Назарбаев Универ­ситетінде студенттерге оқыған дәрі­сінде қай кезде болсын оқулық әр елдің білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілеттіліктің нышаны болып табылатындығына ерекше мән беріп: «Ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі оқулықтарды әзірлеуге байланыс­ты» деп орынды атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының қағидасын қаперіне алған Білім және ғылым министрлігі оқу әде­биеттерін басып шығаруда біраз тәжірибе жинап қалғанын айтқанымыз абзал. Оқу әдебиет­терінің сараптамасын, сынақтан өтуін және мониторингін ұйым­дастыру мақсатында «Оқу­лық» республикалық ғы­лы­ми-тәжірибелік орталығының бір­шама оң өзгерістерге қол жет­кізгенін де жасыра алмаймыз. Әлемнің белгілі баспагерлерінің тәжірибелерін електен өткізе отырып, отандық оқулықтарға сараптама жүргізуде де ілгерілегендігін байқаймыз. Алайда, оқулық мәселесінде бар­лығы шешіліп қойды десек, қатты қателесеміз. Өйткені, оқу әдебиеттерін дайындау, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуде белгілі бір жүйе қалып­тасты, оқулық әзірлеушілер деңгейі жоғары талаптарға сай келеді деп айтуға әлі ерте. Қазіргі таңда, қалталыларға кітап басып шығару мәселесі еш қиындық тудырмайтын болғандықтан, әркім өз ойына келген баспа өнімдерін шығаруға дағдыланып алды. Әсіресе, шет тілін үйренушілерге арналған сөз­діктерден, тілашарлар мен тіл­дес­кіштерден аяқ алып жүре алмайсыз. Өйткені, тек пайда табуды мақ­сат еткендер шет тіл­де­рін мең­гертудің ғылыми негіз­­деріне, оқу-әдістемелік тұжы­рым­дамаларына пысқырып та қарамайды. Әйтеуір, жалт-жұлт еткізіп, іші-сыртын әше­кейлеп базардағы заттай тауарын құндауды ғана құнттайды. Сондықтан да, шетел тілдеріне байланысты оқу басылымдарына оқырман тарапынан ре­ніш жиі орын алып жатады. Жо­ғарыда айтқанымыздай, шет тілін оқыту мәселесі ғылыми тұрғы­да тұжырымдалған, әлем­дегі ғалым­дардың шет тілін мең­герту­дегі озық әдістемелерін отан­дық білім талабына сәйкес­тендіріп жазу – кез келгеннің қолы­нан келе бермесі анық. Тұ­ты­­нушыға оқу-әдістемелік кешенін пайда табуды мақсат еткен пай­да­қорлар дайындады ма, әлде нағыз өз ісіне берілген маман дайындады ма, ол жағын олар таразылап жатпайды. Шыққан тауарға өздерінің сыни көзқарасын біл­діреді. Сайып келгенде, нағыз педагог-ғалымдар қатысып әзір­ленген оқу әдебиеттерін таңдауды ескергендері жөн болар еді. Әрине, оған жөн сілтейтін сауатты жан керек! Ал, оқулық жазу ерік­кен­нің ермегі емес. Ол үшін үлкен ғылы­ми-тео­риялық біліммен қатар, ма­­шық­танған маман болу қажет. Шетел пәндерін оқытуда қажетті оқу-әдістемелік кешендер болады. Оқулық авторының оқыту тұжырымдамасынан, мемлекеттік білім беру стандартынан, оқу бағдарламаларынан терең білімі болу керек. Оқулыққа қосымша мұғалімге арналған әдістемелік нұсқау, оқу кітабы, арнайы сөздік­тер мен ойындар жинағының бір жүйе­лілігін сақтау ғалымның өзін­дік ой-өрісінің кеңдігі, пайым-пара­сатының тереңдігіне де байланысты. Міне, осы біз атап көр­сет­кен­ге сай келетіндер ғана оқу­лық да­йындауға араласатын болса, оқу­лық жасау ісі, оның ішінде шет тіл­дерін оқыту бойынша да, зор же­тістіктерге қол жеткізуге болады. Бүгінгі таңда елімізде шет тілін ерте жастан бастап оқу ісі мықтап қолға алынуда. Өткен жылдан бас­тап еліміздегі мектептердегі 1-ші сынып оқушыларына ағылшын тілін оқыту жаппай қолға алынды. Алайда, қоғам пікірі екіге жарылып отыр. Алғашқылары – қолдайтындар, кейінгілері – ерте жастан шет тілін қазақ, орыс тілдерімен қоса оқыту оқушының жас ерекшеліктеріне және олардың психикалық дамуына кері әсер етеді деп есептейтіндер. Парламент депутаты Алдан Смайыл Білім және ғылым министрлігінің бұл қадамын қолдамайтынын, әлемнің ешбір мемлекетінде бірінші сыныптан бастап үш тілді қатар оқытатын елді таба алмағанын тілге тиек етіп, ең құрығанда алдыңғы қатарлы әлемнің мемлекеттерінде қалыптасқан дәстүрге сәйкес, үшінші сыныптан бастап шет тілін оқуды ұсынғанының өзі ел қалаулысының тілегінде ел аманаты жатқандай көрінеді. Біздің ойымызша, елімізде шетел тілін ерте жастан оқыту мәселесінде шынында да әлі де пысықтайтын, сараптамадан өткізетін, көпшілікпен ақылдасатын мәселелері аз емес. Өйткені, шет тілін ерте жас­тан оқыту мәселесі ғылыми түрде зерт­теліп барып, негізгі қағидат­тарды әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өз алдына концептуал­ды шешім қабылдауды талап ететін күрделі мәселе. Мұны біз, ғалымдар, қара­пайым халыққа түсінікті жолмен айқындап беруге міндеттіміз. Ал, шетел тілін ерте оқыту­дың әдіс-тәсілдері бойынша төмендегідей өз көзқарасымызды айтып өткіміз келеді. Бірін­ші­ден, шет тілін оқыту әдісі қаты­сушы оқушылардың болмысына сәйкестігі, олардың қызы­ғушылығын тудыратын жағын ойлау, екіншіден, балаларды әртүрлі тақырыптар мен жағдайларға байланысты өз ойларын ұшқыр жеткізуге машықтандыру. Үшін­шіден, шет тілін үйрету барысында балаларға өзіміздің төл мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, тарихымыз бен тілімізді дә­ріп­­теуді ұмытпауымыз, елі­міз­­дің ерекшелігін айтудан жалық­пауымыз керек. Бұл – нағыз пат­­риотизмнің нақты көрінісі бол­мақ. Сонда ғана, Елбасымыз айтып отырған елімізде мәңгілік мемлекеттік тілдің салтанат құру барысында, орыс тілді және ағыл­шын тілді орта қалыптасуына төте жол ашылар еді. Шет тілін жылдам меңгеруге көл-көсір көмегін тигізетін қазақ­ша-шетелше, шетелше-қазақша тілашар мен тілдескіштер шыға­руға да ерекше мән беруіміз керек. Бұл жерде техникалық құралдардың маңызы зор. Қалтаға салып жүретін плейерлерге арналған үнтаспалар, сол сияқты видео-үнтаспалар жағы үлкен көмегін тигізеді. Шет тілдерін меңгеруде салыс­тыр­малы зерттеуге де ерекше мән берілуі тиіс. Қазір, әсіресе мем­­лекеттік тіліміз бен шет тіл­дерін салыстыра, салғастыра зерттеу күн тәртібіндегі көкейкесті мә­­се­­ле болып отыр. Қазақ тілі­мен салыстыру арқылы зерттеу мем­лекеттік тіл мен кез келген шет тілі­нің ортақ мәселелері мен айыр­машылықтарын ашып көр­сетуге жол ашады. Бұл сту­дент­тердің материалды тез игеруі­не мүмкіндік туғызатыны хақ. Сондай-ақ, студенттер мем­лекет­тік тілдің мәр­тебесін салыс­тыру арқылы тере­ңі­рек ұғына түсе­ді. Ұлы Гетенің: «Wеr eine Fremdschprache nicht weisst, der weisst von seinen nicht», деген қанатты сөзін қазақшалағанда: «Шетел тілін білмеген адам, өз тілін­де де ешнәрсе білмейді», деген философиялық ойында терең білім­ділік жатқанын аңғару қиын емес. Шет тілін тез үйренудің тағы бір оңтайлы жолы, қалада шетел фильмдерінен сол мемлекеттің мәдениеті мен тарихына арналған деректерден толыққанды мағлұмат беретін орталық ашу мәселесін қолға алу керек. Аталған орталық шет тілдерін терең игеруге, оған қоса өз тілін үйренетін мемлекеттің тарихымен, мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік береді. Мұның өзі теориялық білімді практикамен ұштастыратын тұс. Яғни, белгілі бір шет тіліне ден қойған адам сол мемлекеттің тілін үйреніп қана қоймай, оның тұрмысымен, мә­де­ниетімен, тіршілігімен жақын таныс бола алады. Сондай-ақ, шетел тілдерін оқы­туға байланысты ғылыми-пе­дагог ғалымдар дайындау ісіне де зор мән бергеніміз жөн. Еліміздің білім кеңістігін әлемдік үдерістерге кіріктіру мақсатында мамандар дайындауда үш сатылы- бакалавр – магистр – PhD доктор деңгейге көшкеннен бері «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Аударма ісі, оның ішінде ілеспе аударма мәселесі» бойынша магистранттар мен докторлар дайындауда іркілістер пайда болуда. Оның бәрі шетелдік басылымдарда мақала шығару мәселесінің жетілдірілмегендігіне байланысты, яғни докторанттар жылдап, «екі көзі төрт болып» Еуропаның баспагерлерінің аузына қарап, мақаласы қашан сараптамадан өтіп, ресми жарық көреді деп бір-екі жыл тосатын жайы бар. Күрделі мәселе өкілетті органдардан оң шешім таппайтын болса, «Шетел тілдері» мамандығынан, әсіресе, біз тілге тиек етіп отырған, қазақ тілі мен өзге шет тілдерін салыстыру бойынша ғылыми-педагог ғалымдар даярлау ісі өз деңгейінде нәтиже бермейтіндігіне көзіміз жетіп отыр. Осы мәселені оң шешу туралы да орталық атқарушы билік өкілдерінің ойланатын тұстары жетерлік. Ана тілінің қадір-қасиетін түсін­бей, құдіретін танымай шет тілін үйренем деу, жұмсартып айтқанда, сорғалап тұрған сорақы­лықтың бір көрінісі деп бағалаудан басқа шара жоқ. Қорыта келгенде айтарымыз, дүние жүзі қауым­дастығында Қазақстанның өзіндік орнықты орны болуына атсалысар әлем тіл­дерін меңгерген мамандардың игі істері ана тілінің құдіретіне деген құрметінен бастау алу басым­дығын әрқашан ұмыт­пауымыз керек. Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті. АСТАНА.