• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Нұрланның нұрлы жолы

632 рет
көрсетілді

Иә, өлмейтін пенде жоқ, өлім хақ. Сондықтан да, адам баласы үшін барлық өлім өкінішті. Дегенмен, алдымен дүниеге ерте келгендер кетіп, бәрі орын-орнымен, жөн-жөнімен болса дейсің ғой. Жасы келіп, өмірден өз орнын тауып, бойындағы күш-жігерін сарқып, артында ұрпақ қалдырып, бала-шаға, ет-жақындарымен қоштасып кететін – төрелескен өлімге ешкімнің өкініші жоқ шығар. Алайда, адамның айтқаны емес, Жаратқанның жазуы болып жатса не шара. Көнесің-дағы. Бүгінде көліктің адамзатқа қаншама пайдасы болса, соншама зиян әкеліп, қаншама адамның өмірін аждаһадай жалмауда. Бұл жолы да жол апатынан өлімге қимайтын бергенінен берері, айтқанынан айтары, көргенінен көрері көп, бәйтеректей өсіп, жайқалып келе жатқан үлкен ғалым, атпал азамат Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты неврология кафедрасының меңгерушісі, талантты ұстаз, біліктілігі жоғары клиницист, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Смағұлұлы Қайшыбаевтың кездейсоқ қазасы – тек отбасы, ет жақындарына ғана емес, дос-жарандарына, тұрғыластарына, шәкірттеріне де өте ауыр тиді. Әсіресе, Қазақстанның медицина қоғамы орны толмас қасіретке ұшырады. Оның отандық медицинаның неврология саласында жалғастырып келе жатқан ғылыми ізденістері, еңбектері, ой-пікір, ұсыныстары аяқталмай, өмір парағының беті жабылды... Әке көрген оқ жонар Нұрланды еске алмас бұрын оның әкесі, ұлттық медицина ғылымы мен білімін дамытуға өзіндік үлес қосқан, Қазақстан неврологтары ғылыми мектебінің негізін салушы көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Смағұл Қайшыбаев жайлы бірер сөз айтпай кетуге хақымыз жоқ. Смағұл ағаны мен де жақсы танушы едім. Журналистиканың ең бір жақсы қасиеті – талай танымал, халыққа еңбек жасаған тұлғалармен дидарласу, сырласу мүмкіндігін сыйлайтыны. Сондайда сөйлесіп, сыр бөліскен кейіпкеріңіз ойыңыздан шығып жатса, жаныңыз жадырап, көк дөнен көңіліңізге қанат бітіп, марқайып қаласыз. Дәл сондай көңіл-күйді қазақ медицинасы неврология саласының ақсақалы, қарапайым да елгезек мінезді Смағұл ағаймен кездескенде бастан кешкенім бар-ды. Бір көргенде-ақ иманжүзді, мейірім шуағын шаша қараған кейіпкерім, сөйлесе келе ішкі жансарайының тазалығы, имандылығы, парасат-пайымымен еріксіз тартып, өзімді сол көңілімен қарыздар етіп қойған-ды. Әлбетте, әр нәрсенің негізі, бастауы болады десек, онда отандық медицинадағы жүйке ауруларының ғылыми түрде жолға қойылып, зерттелуінде алдымен профессор С.Қайшыбаевтың есімі бірінші, әрі құрметпен аталады. Демек, кіндік әкесі болды. Ол өзінің еңбек жолын еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтынан бастап, біраз баспалдақтардан өтіп, лауазымды қызметтер атқарады. 25 жыл Қазақ неврологтері ғылыми қоғамын басқарды, 25 жыл Алматы мемлекеттік медицина институты неврология кафедрасының меңгерушісі қызметінде, емдеу факуль­тетінің деканы, ғылым жөніндегі проректоры, ҚР штаттан тыс бас неврологі, 1993 жылдан ақтық күніне дейін дис­сертациялық кеңестің төрағасы болды. Оның жетекшілігімен 46 кандидаттық, 13 докторлық диссертация қорғалды. Сондай-ақ, 250 ғылыми жұмыстың, соның ішінде 7 монография мен 2 оқу-әдістемелік құрал, 5 өнертапқыштық, орыс, қазақ тіліндегі неврология оқулығының авторы. Ең бас­тысы, өзгелерге үлгі болатындай невропатолог Қайшыбаевтар әулетінің отбасылық негізін салды. Құдай қосқан қосағы, білікті дәрігер Зурадай аяулы жар сүйіп, алтындай ұрпақ өсірді. Ұлы Нұрлан мен қызы Гүлназ әке жолын қуып, білікті нев­ропатолог, кәсіби маман атанды. – Шыр етіп дүниеге келгеннен қасымда мен үшін өте қымбат, әрі жанымдай жақсы көретін адамның болғанына өзімді шексіз бақытты сезіндім, – деп Нұрланның әкесі жайлы мейірлене айтқаны бар-ды. – Әкем ерекше мейірбан және үлкен жүректі жан еді. Ол кісінің айналасына, шәкірттеріне, туған-туыстарына жасаған жақсылығы өз алдына, менің дәрігерлік мамандықты қалауыма қай жағынан да үлгі бола білді. Тіпті, мені спортқа баулу үшін уақыты болмаса да, бірге шаңғы тебуге еш қиналмай шығушы еді... Әрине, перзентінің әке жайлы жақсы сөз айтып, оны бағалап, еске алуы – қай ата-ананың да арманы болса керек. Көп ұзамай артында қалған өрелі ұрпағы әке есімін ардақтап, есте қалдыру мақсатында 2008 жылы «Смағұл Қайшыбаев атын­дағы неврология институты» ғылыми-тәжірибелік орталығын ашып, соңғы екі жыл қатарынан «Қайшыбаев оқулары: неврологияның өзекті мәселелері» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны үлкен табыспен өткізді. Ал үшіншісін өткізуді жоспарлап отырғанда, қайғылы оқиға орын алды. Осылайша, әкесінің бастаған өмірдегі де, ғылымдағы да жолын жалғастырып, өзінше із салып келе жатқан Нұрлан Смағұлұлының іштегі арман, болашақ жоспары өзімен бірге кетті. Ал үшінші конференция әкелі-балалы ғалымға арналады деп кім ойлаған? – Смағұл екеуміз Қарағанды медицина институтында бірге оқыдық, – деп еске алады қазақ медицинасының ақсақалы, академик Төрегелді Шарманов. – Сол студент шақтың өзінде жүрегі таза, шындықты кез келген жағдайда тіке айта алатын азамат болса, кейін қазақтың маңдайалды ғалымы атанған кезде де, сол қасиетінен айныған жоқ. Ол – өзін өзі жасаған ғалым. Өте ізденімпаз, білімге тоймайтын еді. Сол қасиеттері үшін де оның тұстастары, достары ерекше бағалаушы едік. Кімге болса да жақсылық жасауға, көмектесуге құштар-тын. Әсіресе, шәкірттерін еш уақытта бөліп-жарып қарамайтын. Смағұл ұлы Нұрланды жақсы тәрбиелеп, азаматтық қасиетін жоғары ұстауға үйретті. Әттеген-ай деймін, әке жолын қуған ұлына ғұмыр бергенде, ғылымға бергенінен берері көп еді. Әдемі қылаң беріп, әдемі көрініс беріп келе жатқанда қыршынынан қиылып кеткені өкінішті-ақ. Өмір сүру мәңгілік емес екендігі түсінікті, бірақ бұл азаматтың ертерек дүние салуы орынсыз болды. Сондықтан да, қоғамға қажет тұлғалар ұзағырақ өмір сүрсе екен деп ойлайсың. Әкелі-балалы ғалымдардың есімдері, жемісті ғылыми қайраткерлігі Қазақстан медицинасының тарихында қалары сөзсіз. Нұрлан бағындырған белестер Профессор Нұрлан Қайшыбаев өзі өмір сүрген саналы ғұмырында ірілі-ұсақты ғылыми жаңалықтар ашып, дәрігерлік практикада инновациялық технологияны енгізді, адам денсаулығын емдеу мен сақтау бағытында көптеген жұмыстар атқарды. Ол Қазақстан неврологтер лигасының төрағасы, Бүкілдүниежүзілік неврологтер федерациясының (WFN) мүшесі, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды. 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы, талантты тәлімгер-ұстаз бола жүріп, неврология саласында ғылыми-зерттеу және кеңес беру қызметін белсенді атқарды. «Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология институты» ғылыми-тәжіри­­­белік орталығына жетекшілік етіп, үш жыл қатарынан неврологияның өзекті мәселелеріне арналған конференция ұйым­­дастырды. Қазақстанда нейро­реа­били­тация жөніндегі клиникалық прото­колдар­ды зерттеп, дайындап, осы саланың негізін салды. «Нейропатикалық аурулар мектебі», «Инсультпен ауырған науқас­тар­дың туыстарына арналған мектеп», «Миастения мектебін» құрып, институт қызметкерлері бүкіл еліміз бойынша та­қы­рыптық шеберлік-дәрістерін, семи­нар-тренингтер, дөңгелек үстелдер өткіз­ді. Иә, Нұрлан Смағұлұлы 52 жас өмір сүрсе де, оны мәнді, мазмұнды, ерік-жігерге толы және адамдарға деген сүйспеншілікпен өткізді. Айналасын доспен қоршады. Оларға деген ақ адал жүрегі, ілтипаты ерекше болды. – Біз Нұрлан екеуміз жас кезімізден танысып, дәрігерлік жолды бірге бастадық, – дейді Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Абдоллаев. – Екеуміз де осы ауруханада бөлім меңгеріп, қызметтес, пікірлес, жақын достар болдық. Нұрлан әкесінің барлық жақсы қасиеттерін өзіне мұра еткен, адамды өзіне тарта білетін талантты ғалым, нағыз клиницист еді. 18-ғасырда өмір сүрген Ж.Бюффонның «Стиль – адам» деген қанатты сөзі бар. Міне, дәрігер-клиницист Нұрланның стилі – табиғатына тән талғампаздығы, қамқоршыл, адамға құрмет көрсеткіштігі, көп оқыған жан-жақты білімділігі – барлығы түптеп келгенде науқастың пайдасына бағытталатын. Нұрлан өте іскер, жан-жақты, ғылыми ортада да, елімізден тыс жерлерде де білікті ғалым, кәсіби дәрігер ретінде танымал еді. Оның жарқын бейнесі достары тұрғанда ешқашан ұмытылмақ емес. Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологі, Ташкент дәрігерлер білімін жетілдіру институты неврология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бахтияр Гафуров Нұрлан екеуінің арасындағы жып-жылы достық қарым-қатынас, анығырақ айтсақ, бауырлар арасындағы сыйластыққа, құштарлыққа ұласқанын жеткізеді. – Нұрланның мінезі жұмсақ, өте мейірімді еді. Сол мейірбандығы мен сабырлылығының артында мінезі, интеллекті қылаң беріп тұратын. Біреулер жанын салып жасайтын істі асықпай, аптықпай, уақытпен есептес­пей үнсіз атқара беретін. Ол тез шешім қабылдайтын керемет дәрігер, керемет ұйымдастырушы, ғалым және өте ізгі, бекзат жан еді, – дейді Бахтияр Гафурович. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Тоғызбаев та марқұм Нұрланның адами қасиеттерін, атқарған қызметі жайлы тебіреніспен еске алады. – Зымыран уақыт десеңізші. Міне, бүгін арамыздан құрметті профессор, Қазақстан неврологтарының жетекші маманы, педагог, ғалым, практикалық дәрігер Нұрлан Смағұлының кеткеніне бір жыл толыпты. Ол ашық та кең жүректі үлкен азамат еді. Біз үшін ол барлық қасиет атаулыны бойына жинаған бірегей жан ретінде есте қалады. Нұрлан ғылымда да, шәкірт тәрбиелеуде де біраз жетістіктерге қол жеткізді. Әрине, өз сүйген мамандығын дамытуда аз еңбек жасамаған адамдардың өмірден ерте кетуі, өкінішті-ақ. Иманы саламат болсын, – дейді Ғ.Тоғызбаев. Иә, орнында бар оңалар деген, дәрігер Қайшыбаевтар әулеті бастаған істі, әкенің, ағаның жолын, аманатын білікті невролог, бүгінде Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты неврология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлназ Қайшыбаева жалғастыруда. Артында қалған аяулы жары Айгүл құдай қосқан қосағы Нұрланның атын да, отын да өшірмей, балаларына бас көз болып, қолдан келген аналық көмегін аямауда. Үлкен ұлы Саян нейрохирург, қазір Америкада резидентурада оқыса, Азат Астанада кәсіпкер, Данияр энергетик, «KEGOС» АҚ-да бөлім басқарады, кішкене қызы Әлкен 2-ші сыныпта оқиды. ... «Адам өлген күні өлмейді, ұмы­тыл­­ған күні өледі» деген, ендеше, Нұр­ланның жарқын бейнесі артында ұрпағы, шәкірттері, адал достары, тіпті өзі емдеген пациенттері тұрғанда ұмытылмайды, бірақ сағындырары хақ. «Жол үстінде кеткендер, иманын серік еткендер» деген, бақилық өмірге жол тартқан Нұрланның нұры пейіште шалқысын. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». P.S. Мақала жазылып біткенде Нұрланның анасы Зура апай телефон соғып: «Айналайын, қызым! Жаңа «Нұрлан жайлы қысқаша бейнефильм түсіріп жатырмыз, балаңыз туралы бір-екі ауыз сөз айтасыз ба?» деген соң барғанымды қайтейін, кеудеме өксік тығылып, айтайын деген сөзімді айта алмай, көз жасыма ерік беріп, қайтып келдім. Мүмкін болса, мына бір аналық соңғы сөзімді бір жеріне қосуға бола ма?» деді. Әрине, жүрегін жарып шыққан бауыр ет баласына деген ананың тілегінен асқан не бар дейсің?! «Асылым менің, асқар биігім, Іздедің дерттің түйінін. Жалғасы едің ақылдың, Кешіріп ана парызын, Тәңірге сені тапсырдым... Құлыным Нұрланым, жатқан жерің жарық, жаның жәннатта болсын деп тілеуші – анаң Зура...».