«Апат айтып келмейді» дейді халық даналығы. Ешкім қаламаса да, ешкім күтпесе де ол орын алмай тұрмайтындығына мысал да, дәлел де көп. Олар байқаусызда жіберілген сәлдей қателік немесе техникалық ақаулықтар, тіпті, лаң салып жүруді жаны қалайтын лаңкестер әрекеті салдарынан туындап жатады. Қай орында, қай дәрежеде болса да соңы ащы қайғы мен ауыр зардаптарға соқтыратын апаттардың алып өндіріс орындарында орын алуы қайғы мен зардаптар ауқымын, салмағын еселеп жіберетіні белгілі. Бұл қасірет, бұл сәтсіздік, әрине, ешкімге қажет емес...
Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен «ҚазТрансОйл» АҚ бірлесе өткізген екі күндік оқу-жаттығудың мақсаты да осы. Алғашқы күні сала мамандары мен төтенше жағдайларда бірлесе қимылдауға тиісті мекемелер өкілдері теориялық бағытта бас қосып, көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.
«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының өндірістік нысандары жұмысына заңсыз араласу, лаңкестер туындатқан төтенше жағдайларда тиімді және жұмыла әрекет ете білуге дайындайтын, сондай-ақ қажетті іс-қимылды оқып-үйрену жаттығуы «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының «Ақтау» бас мұнай айдау стансасы базасында өтті. 50-ге жуық өрт сөндіру және апаттан құтқару техникалары шоғырланып, «оқиғаға» қажеттілігі бар өзге де құрал-жабдықтармен қамтылған кең алаңға «ҚазМұнайГаз» құрамындағы 20-дан астам корпоративтік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері бар, мобильді күзет топтары, Маңғыстау облысындағы қауіпсіздік органдары мен ішкі істер саласының қызметкерлері, сондай-ақ құтқару қызметі мен өрт қауіпсіздігі саласы қызметкерлері бар, өңірдегі мұнай-газ мекемелері басшылары бар – барлығы 200-ден астам адам жиылды. Ал оқу-жаттығуға Қорғаныс министрлігінің «Батыс» аймақтық басқармасы теңіз-жаяу әскерлер бригадасы, «Semser-Security» ЖШС күзет қызметі, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС өртке қарсы қызмет бөлімшелері, Маңғыстау облыстық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі жедел штаб, Маңғыстау облыстық ІІД, облыстық ТЖД, облыстық ҰҚК департаменті, «Өрт сөндіруші» АҚ, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «Медикер» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері қатысты.
Алдымен қатысушылар мен қонақтарға оқу-жаттығу барысы мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылып, қауіпсіздік шарттары түсіндірілді.
– Бұл кешенді тренинг «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың 2013-2017 жылдарға арналған қауіпсіздік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарына және аталмыш компанияның нысандары мен оның еншілес және тәуелді ұйымдарын лаңкестік әрекеттерден қорғауды ұйымдастыру жоспарына сәйкес өтуде. Нысандардағы өндірістік қызметтегі қызметкерлердің төтенше жағдайларға даярлығын, қолдағы техниканың нақты жағдайы мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуші жүйенің әзірлігін кешенді тұрғыда тексеру мақсат етілген оқу-жаттығу арқылы оқыс оқиғалар кезінде басшы азаматтардың, мамандардың, құрылымдық бөлімдердің адамдарды қорғау бойынша жұмысты басқару білімін жетілдіру, біліктілігін арттыра түсуде ойымыз да бар. Және қандай жағдайда да жұмыс ырғағының тоқтамауын, жоспарларға сай жүріп жатқан үрдістердің үзілмеуін де басты назарда ұстау керек, тактикалық оқу-жаттығу кезінде осы мәселелерге де мән беріп, қамтитын боламыз, – деді оқу-жаттығудың ашылу сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ корпоративтік қауіпсіздік департаментінің директоры Б.Жанасаев.
Оқу-жаттығу екі кезеңнен тұрды. Алдымен екі белгісіз адам мұнай өнімдері сақталған әрқайсысының сыйымдылығы 20000 м³ резервуарлар маңына ұрлана басып таяп келді де, қолдарындағы қорапшаларын резервуар маңына апарып үлгерді. Осы кезде оларды байқап қалған күзет мекемесінің қызметкерлері дереу жетіп, күдікті тұлғаларды қолға түсірді. Оқиға болған жерді қоршап, тиісті орындарға жедел хабарлады. ҰҚҚ «Арлан» арнайы тобы, ІІД қызметкерлері, өзге де құзырлы мекемелер қызметкерлері келіп, қорапқа салынған жарылғыш затты залалсыздандыру, оқиға орнын тексеру, қауіпсіздігін қадағалау жұмыстарын жүзеге асырды. Бірақ, жарылғыш зат өз зардабын тигізген екен, көп ұзамай №18 резервуардан өрт шықты. Осы кезде жеткен өрт сөндірушілер өртті ауыздықтап, қызуы көтерілген келесі резервуарды да салқындатып, қысымын қалыпты жағдайға түсіру үшін әрекеттенді. Ал, жаттығудың екінші кезеңі «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» мұнай құбыры бойындағы оқиғамен бейнеленді. Мұнда да құбырды кесіп, арам ойын жүзеге асырмақ болғандар құқық қорғау орындарының қармағынан құтылған жоқ.
Оқу-жаттығу соңы белсенділік танытқан үздіктерді марапаттаумен аяқталды.
«Сақтансаң, сақтаймын» дегендей, қай кезде де абай болғанның айыбы жоқ...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.