• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Қараша, 2022

Талантты әншіге тағзым

537 рет
көрсетілді

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Казақстанның халық әртісі, әнші Бақыт Әшімованың туғанына 85 жыл толуына арналған «Күндер-ай» атты ән кеші өтеді, деп жазады Egemen.kz.

Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін еске алу кешінде әнші репертуарынан үздік шығармалар орындалады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева. Дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе.

Қазақ академиялық опера және балет театрында ұзақ жылдар бойы меца-сопранолық рөлдерді нәзік иіріммен байытып кеткен   Б.Әшімова жоғары орындаушылық мәнерімен ел есінде қалды. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» мен «Ер Тарғынында» Дүрия, Қамқа, Жаңқа, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайы» мен «Төлеген Тоқтаровында» Қарлығаш, Люба, М.Төлебаевтың «Біржан–Сарасында» Аналық, Н.Жигановтың «Алтыншашында» Тоғызақ, П.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Ларина, Дж. Пуччинидің «Чио-чио-санында» Сузуки, З. Исмагиловтың «Құдашасында» Шәмсия рөлдері Б.Әшімова сомдауында мүлде жаңа қырынан ашылды. Б.Әшімова өнерінің екінші қыры – камералық әншілігі. Ол Н. Тілендиевтің «Куә бол», «Махаббат мұңы», «Күндер-ай», «Жүрегім менің», «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағың» және Рахмадиевтің «Бала ғашық», «Сағындым еркем», «Күзде» әндерін алғаш рет орындап, қалың жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Бәзілжан, Фархат Кубиев, Әзиза Әбдрейім, Нұрғалым Аманбай, Дияр Нұрсұлтановтар өнер көрсетеді. Бағдарламада Н. Тілендиевтің «Ата толғауы» «Сөнбейді әже, шырағың», «Әжеме», «Сарыжайлау», «Әкеме», «Жүрегім менің», «Алматы кешінде», «Куә бол», «Күндер-ай», «Өз елім» әндері мен  күйі, сондай-ақ, Қазақтың халық әні «Ғазизагүл қарағым-ай», «Желбір жекен», «Әпитөк», Үкілі Ыбырайдың «Харарау», Өмірбек Байділдаевтың «Туған ел», Мәкәлім Қойшыбаевтың «Әмудария», Шәмші Қалдаяқовтың «Шынарым» әндері орындалады.