• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Әлкей әлемі

1127 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ғұлама ғалым, академик, қазақ археология мектебінің негізін салушы Әлкей Хақанұлы  Марғұланның туғанына 110 жыл толуына арналған «Әлкей Марғұлан және қазақ ғылымы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ондағы әңгіме желісі төмендегі деректер орайында өрбіді. Әлкей Хақанұлы Марғұлан – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыс­танушы, қазақ археология мектебiнiң негiзiн қалаушы академик, Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi. Оның редакциясымен Шоқан Уәли­хановтың шығармаларының 5 томдық толық академиялық жинағы жарық көрсе, тұңғыш рет қазақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын толыққанды зерттеді. Әлкей Марғұлан Семей педа­го­гикалық техникумының сту­дентi кезінде «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында қызмет атқара жүріп, М.Әуезовпен‚ М.Жұмабаевпен танысады. Сол жылдары бұрынғы Ленинград қаласындағы Шығыстану институтының түркiтану және тарих-филология факультеттерiнде қатар оқып, КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсман мен профессор С.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография экспедицияларының жұмысына қатысады. Экспедиция кезiнде Ә.Бөкей­хановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасау бұйырып, 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданады. Ал 1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғайды. Онда орыс география қоғамы архивiндегi Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжы­рымдар жасайды. Сондай-ақ, Терминология комиссиясының ғалым-хатшысы, Ленинград қаласындағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспиранты‚ Шығыстану институтының оқы­­ту­шысы, Мәскеу қаласындағы мате­­риалдық Мәдениет тарихы институтының iзденушiсi және ғылыми қызметкерi бола жүріп, ол Шығыс Түркiстан археологиясы мен өнерi бойынша маманданып, бiрнеше археоло­гиялық экспедицияларға қатысады. КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлiмшесi Тарих институтының аға ғылыми қызметкерi кезінде оның «Мәшһүр Жүсiп мұрасындағы түркi эпосы», «Декабристер және Қазақ­стан», «Әлiшер Науаи және қазақ мәдениетi», «Мұхаммед Хайдар – тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» атты еңбектерi жарық көрдi. 1941 жылы КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлiмшесiнiң тарих бөлiмiн басқара жүрiп, «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасаса, «Қазақ халқының эпикалық жыр дас­тандары» тақырыбында қорғаған докторлық диссер­тациясы қазақ әдебиетi мен тарихы сала­сындағы iргелi зерттеулердiң нәтижесi санал­ды. Ә.Марғұлан Қазақ­стан Ғылым академия­сында еңбек ете жүріп Сырдария, Шу, Талас өзендерi бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргiзiп, соның негiзiнде «Көне қазақ жерiнiң қалалары мен құрылыс өнерiнiң тарихы» аталатын монографиясын жариялайды. К.Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бiрге Орталық Қазақстанда жүргiзген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгi мәдениетi» атты ғылыми-зертханалық еңбек жазып‚ кiтаптың редакциясын басқарды. Ә.Марғұланды алғашқы қорқыт­танушы десек болады. Ол оғыз-қып­шақ тайпасынан шыққан данагөй абыз, жырау, күй атасы, батагөй-сәуегейi Қорқыт мұрасын да зерттедi. «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерiнiң шеберлерi» атты еңбегiнде қазақ жұртының эпикалық жыр дәстүрiн дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серiлерге тоқталып, олардың сөз өнерiндегi орнын айқындады. Еңбектегi ғылыми тұжырымдар танымдық терең­дiгiмен ерекшеленедi, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйiнбай, Жамбыл, Нұрпейiс, Иса секiлдi ақындар шығармашылығы талданады. Марғұланның «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуiнде әдеби-тарихи һәм мәдени деректер молынан кездеседi. Ол сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеулер iсiнiң дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын дүние жүзiне алғаш таныстырған Ш.Уәлиханов, кеңес заманында бастапқы зерттеулердi жүргiзген М.Әуезов болса, кейiннен осы дәстүр Марғұланның «Шоқан және Манас» атты монографиясында жалғасты. Ол эпостағы өмiр шындығы, жырдың шығу тегi, дәуiрi, кейiпкерлерi мен көркемдiк кестесi және манасшылардың жырды жетiлдiрудегi қызметi‚ т.б. жөнiнде ғылыми маңызы жоғары пiкiрлер айтты. 1957-1967 жылдары Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа басшылық етiп, оның таңдамалы және 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Оның ұсынысы бойынша қазақ даласының ең шалғай аудандарына бiрнеше археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Ол өзiне дейiнгi Қазақстанды зерттеушi орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелiлер мекенi болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтiндiгiн дәлелдедi. Ғалым 1940-жылдардың аяғында бiрнеше рет саяси қудалауға түсті, кейiн де ұдайы саяси бақылауда болды, ғылыми ортаның кейбiр қисынсыз сындарына ұшырады. Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнерi) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды. Сонымен қатар, қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады. 1991 жылы Қазақстан ҰҒА-ның Тарих, археология және этнология институтындағы архео­логия орталығының негiзiнде Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Осындай іргелі іс-шара атқарған, артына мол мұра қалдырған ғұлама ғалымның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен дүниежүзілік деңгейде аталып өтіліп, бүгінде Астана, Павлодар, Екiбастұз, Жезқазған қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысында, Баянауыл, Екiбастұз аудандарында құрмет көрсетілуде. Оның есімімен бiрнеше көше, мектеп аталады. Сондай-ақ, Павлодар қаласында мүсiнi орнатылып, қаланың мемлекеттік университетiнде Марғұлан атында стипендия тағайындалып‚ музей ашылған. Академик Әлкей Марғұланның 110 жыл­дығына орай Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылған шара барысында көпшілік «Ғұламасы қазақтың – әз Марғұлан» атты кітап көрмесіндегі ғалымның еңбектері, өмірі мен қайраткерлігіне арналған кітаптармен танысты. Мұнда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көрген Әлкей Мар­ғұланның 14 томдығы және қазақ халқының этнография­сы мен мәдениеті, соның ішінде академиктің еңбектері жарық көрген «Қазақ этнографиясы кітапханасының» 8 томы ұсынылған екен. Басқосуда академик Жабайхан Әбділдин, ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Зейнолла Самашев, Жамбыл Артықбаев, Мақсат Алпысбес, Темірғали Аршабеков, ақындар Баянғали Әлімжанов, Бақытжан Тобаяқов, академиктің қызы Дәнел Марғұлан мен немере інісі Мырзакәрім Адашұлы, кітапхана бас директорының орынбасары Ғалия Исақанова, Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің директоры Ербол Іргебай сөз алып, жоғарыда келтірілген деректер туралы кеңінен әңгімеленіп, жарық көрген көптомдық шығармаларына ризашылықтарын білдірді. Ғалымның әлі де қолға алар қолжазба архивтерінің кітапханалар қорында бар екеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ, жиналған көпшілік ғұлама ғалым туралы түсірілген фильмді тамашалап, естеліктер айтылып, өлең-жыр оқылды. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».